Облыс орталығында өңір басшысының бастамасымен жасанды жамылғы төселген шағын футбол алаңдарын салу жалғасын табуда. “Береке” шағын ауданындағы Ухабов көшесі, 27-үйдің тұрғындары да осындай қуанышқа бөленді. Футбол алаңының салтанатты ашылу рәсіміне қала әкімінің орынбасары Елена Балло қатысып, жергілікті тұрғындарды құттықтады.
– 2020 жылға қарай қазақстандықтардың 30 пайызы бұқаралық спортқа тартылуы тиіс. Бұл Президенттің 2010 жылғы Жолдауында ел Үкіметіне берген тапсырмасы. Бүгінде өскелең ұрпақтың бос уақытын тиімді өткізетін орнына айналған жасыл алаңдар Мемлекет басшысының осы тапсырмасына сәйкес бой көтере бастады. Жастар игілігіне беріліп отырған нысан “Леонтьев” фирмасының мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жасаған сыйы, – деді Елена Балло.
Шара барысында №17 сайлау округінен сайланған қалалық мәслихаттың депутаты Владимир Витченко жасыл алаңда доп теуіп, мәз болған балаларға бір себет доп сыйлады. Владимир Николаевич бүгінге дейін №26 орта мектебінің ауласында көше тренажерлері, ал №24 орта мектепте футбол алаңы пайдалануға берілгенін жеткізді.
Осы күні Петропавл қаласының Чайковский көшесіндегі 13-үйдің ауласында да шағын футбол алаңы пайдалануға берілді.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.