«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бір күнде – үш интернет-алаяқтық

Соңғы кездері облыс аумағында интернет-алаяқтық қылмысы жиілеп кетті. Оған бір күн ішінде болған осындай қылмыстар дәлел бола алады. 48 жастағы петропавлдық әйел интернетте той көйлегін сату туралы жарнама орналастырады. Көп ұзамай «сатып алушыдан» егер өзінің банк картасын екі жақтан фотосуретке түсіріп жіберсе, оған ақша аударамын деген хабарлама келеді. Әйел келіскен, алайда көп ұзамай оның шотынан 265 мың теңге ақшасының жоғалып кеткенін білген.

      Ал банк несие беруден бас тартқан 1981 жылы туған петропавлдық ғаламторда осындай жағдайда «көмек» туралы жарнамаға тап болады. Қаскөй егер қалалық оған алғысы келетін соманың 10 пайызын аударса, мәселені шешуге уәде берген. Бұл уәдеге сенген ол 111 мың теңге аударған, осыдан кейін «көмекші» байланысқа шықпай қойған.
Ең үлкен шығын Шал ақын ауданының 19 жастағы студентіне келтірілген. Ол қашықтықтан оқыған соң шәкіртақысын жұмсамаған, бірақ «Telegram» мессенджері арқылы хабарласып жүрген қылмыскерге сенген кезде барлық жинаған ақшасынан айырылған. Хат алмасу жұмысқа орналасу ұсынысынан басталған, содан кейін қаскөй қызға пайдалы бизнеске ақша салып пайда табуды ұсынған. Ол келісіп, бейтаныс адамға 50 мың теңге аударады. Содан кейін мұндай жағдайларда капиталды жаңа инвестициялармен екі есе көбейту туралы әдеттегі уәделер басталады. Соның нәтижесінде жәбірленуші өзінің барлық жинағанын және анасының ақшасының бір бөлігін, яғни 400 мың теңгеден астам соманы аударып жіберген. Бірнеше күннен кейін ол уәде етілген кіріс түспегеннен кейін полицияға жүгінген.
-Қылмыскерлер көбінесе көңіл-күйге басымдылық, психологиялық қысым жасайды, тез баю мүмкіндігін жіберіп алмау үшін жедел шешім қабылдау қажет екендігіне сендіреді, — дейді облыстық криминалдық полиция басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға жедел уәкілі Виталий Подчернин. — Бейтаныс адамдардың күмәнді ұсыныстарына сенбеңіз. Банктік картаның артында жазылған CVV коды — құпия ақпарат. Қылмыскер картаның нөмірін және осы кодты біле отырып, басқа біреудің есебінен онлайн-төлем жасауы мүмкін. Мұндай деректерді ешкімге сеніп беруге болмайды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp