«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІР КҮНДЕ ҮШ МЕКТЕП АШЫЛДЫ Сөйтіп, өңірімізде үш ауысымда оқыту мәселесі түбегейлі шешілді

 

 

1 қыркүйек – Білім күнінде облысымызда үш жаңа мектеп пайдалануға берілді. Аталмыш білім мекемелері Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығы – Новоишим ауылында, Тайынша ауданындағы Тайынша қаласында және Қызылжар ауданындағы Бәйтерек ауылында іске қосылды. Осылайша, өңіріміздегі үш ауысымда оқитын мектептердің проблемасы толығымен шешілді. Новоишим қазақ орта мектеп-интернаты мен Бәйтерек ауылындағы мектептердің ашылу салтанатына облыс әкімі Ерік Сұлтанов қатысты.

Облысымызда ашылып отырған білім беру нысандары мемлекеттік “Нұрлы Жол” инфрақұрылымдарды дамыту бағдарламасын жүзеге асыру аясында қолға алынған. Өңір басшысы Ерік Сұлтанов заман талабына сай, сәулетті мектептердің құрылысын белгіленген мерзімде тапсырған мердігер ұйымдар мен құрылысшыларға ризашылығын білдірді.

Биылғы ел Тәуелсіздігінің – 25, облысымыздың 80 жылдығымен тұспа-тұс келген Білім күні, әсіресе, жаңа мектеп ашылып отырған елді мекендер үшін ерекше есте қалатын болды. Өйткені, осыған дейін Новоишим ауылы мен Тайынша қаласының қазақ мектептерінің оқушылары талапқа сай келмейтін ғимараттарда үш ауысымда білім алып келген еді.

– Бұл мәселе түбегейлі шешімін тапты. Алдымыздағы ендігі міндет – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған Бес институттық реформаны жүзеге асыру. Яғни, білім берудің жаңа жүйесін енгізу, сол арқылы бәсекеге қабілетті, білімді, білікті ұрпақ тәрбиелеу. Ел дамуының өзегі саналатын ұстаздар ол міндетті абыроймен орындап шығатынына сенімдімін. Жаңа мектеп ел игілігіне қызмет етсін! – деді облыс әкімі Ерік Сұлтанов.

Білім күні тапсырылған мектептердің барлығы балалардың жаңартылған мазмұндағы білім бағдарламасымен оқып, қарым-қабілеттерін дамытуларына зор мүмкіндік береді. Оларда арнайы жабдықталған оқу кабинеттерімен қатар ағаш және темір өңдеу, қыздарға тігін шеберханалары бар. Соңғы талаптарға сай спортзал, асхана, кітапхана, медициналық бөлмелер де қарастырылған.

– 400 орындық мектеп пен 200 балаға арналған интернаттың игілігін мүсіреповтіктерден бөлек Айыртау мен Шал ақын аудандарының көршілес ауылдарынан келіп оқитын балалар да көреді. Оларға барлық жағдай жасалған. Аулада демалатын, ойнайтын арнайы орын, стадион және монша орналасқан. Мұндай мектеп біздің көптен күткен арманымыз еді. Тәуелсіздіктің арқасында оған да қол жеткіздік, – деп Новоишим орта мектебінің директоры Сәрсенкүл Сүйесінова қуанышымен бөлісті.

Бұл күні Новоишим қазақ орта мектебінің табалдырығын 35 бүлдіршін тұңғыш рет аттаса, тағы 30 балғын даярлық сыныбына қабылданды. Оларға жоғары және бірінші санатты 51 мұғалім сабақ береді.

Мектептің материалдық-техникалық жабдықталуымен танысқан Ерік Сұлтанов білім нысанының айналасына қарағай көшеттерін отырғызуға қатысты.

Бәйтерек ауылындағы мектептің ашылуын асыға күткен елді мекен тұрғындарының қарасы қалың болды. Жиналғандарды жаңа нысанның ашылуымен және оқу жылының басталуымен құттықтаған өңір басшысы білім ошағында балалардың спортпен шұғылданып, мәдени-рухани дамуына барлық жағдай жасалғанын айтты.

– Аталмыш білім ошағында еңбек ететін ұстаздар бәсекеге қабілетті, білімді ұрпақ тәрбиелеп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына бар күш-жігерін жұмсайтынына сенім білдіремін, – деді ол.

300 орындық мектептің құрылысына жергілікті бюджеттен 827 млн. теңге қаражат бөлінген. Қазақ және орыс тілдерінде білім беретін жаңа мектеп табалдырығын 302 бала аттады. Оның ішінде 197 оқушы – қазақ, 105-і орыс сыныбында оқиды. Білім ошағында әрқайсысы 25 баланы қамтитын шағын орталық пен мектеп алды даярлық сыныбы бар. Бірінші сыныпқа қабылданған 42 бүлдіршін екі қазақ және бір орыс сыныптарына топтастырылған.

– Жаңартылған мазмұндағы білім бағдарламасымен оқытатын мұғалімдердің барлығы даярлық курстарынан өтті. Жалпы мектепте 72 адам жұмыспен қамтылды. Оның 52-сі – мұғалім. 21 мұғалім бұған дейін Бескөлге барып сабақ беріп жүрсе, енді өзіміздің мектепте жұмыс істейтін болады. Ұстаздардың арасында “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасымен келген жас мамандар да бар, – деген мектеп директоры Сяудат Сұлтанғазина білім ордасында көпбалалы және аз қамтылған отбасыларынан шыққан 75 оқушы тегін тамақпен қамтамасыз етілетінін айтты.

Ауыл тұрғыны, бес баланың анасы Алмагүл Партизан атамекенге 2004 жылы Моңғолиядан көшіп келген. Балаларының екеуі – Петропавл қаласындағы Мағжан Жұмабаев атындағы колледждің студенті. Тағы бір баласы Петропавлдағы қазақ-түрік лицейінің 9-сыныбында оқиды. Мектеп азабын тартып келген олар енді бәрі артта қалғанына қуанышты. Оның жаңа мектепте екі баласы оқыса, өзі мен жұбайы да осында жұмыс тауыпты.

Тайынша қаласында ашылған 300 орындық қазақ мектебіне 379 бала қабылданған. Оның 42-сі бірінші сыныпқа барады.

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов жаңа оқу жылында мектеп табалдырығын тұңғыш аттаған бүлдіршіндердің әрқайсысына Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан “Менің Отаным – Қазақстан!” атты кітаптар сыйлап, білім мекемелеріне “ГАЗель” автокөліктерінің кілттерін табыстады.

Жалпы биылғы оқу жылында облыс мектептерінде 72803 солтүстікқазақстандық оқушы білім алады. Оның 8582-сі мектеп табалдырығын алғаш аттап, жаңартылған мазмұндағы білім беру бағдарламасы бойынша оқитын болады.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсіргендер Талғат ТӘНІБАЕВ, Виталий ВЛАСЕНКО.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp