
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері коронавирустың таралуына қарсы күреске үлес қосу мақсатында бір күндік жалақысын аударуға шешім қабылдап, медициналық ұйымдарға қайырымдылық көмек көрсету үшін шамамен 27 млн. теңге қаржы жинады. Жиналған қаражатқа 25 оттегі концентраторы сатып алынды. Олар өңірлер арасында тең бөлінетін болады.
«Қазіргідей қиын кезеңде әрбір ұйым әлеуметтік жауапкершілікті терең сезінуі тиіс. Біз де қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілігімізді түсіне отырып, ауруханаларға оттегі концентраторларын сатып алу үшін бір күндік жалақымызды аудару қажет деп шештік. Осылайша СOVID-19-ға қарсы күреске өз үлесімізді қоспақпыз», – деді агенттік төрағасы Алик Шпекбаев.
Сондай-ақ, бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Халықаралық Интеллектті дамыту институтының директоры, Корея Республикасының жергілікті өзін-өзі басқарудың лауазымды тұлғаларына арналған оқыту бағдарламаларын әзірлеуші, профессор Джо ГЮ Юнның өзара ынтымақтастығы аясында Оңтүстік Корея тарапынан Қазақстанға гуманитарлық көмек жіберілген болатын. «Эйр Астана» әуе компаниясының қолдауымен құны 50 мың АҚШ долларын құрайтын жалпы салмағы 1,5 тонна жүк Алматы әуежайына жеткізілді. Гуманитарлық көмек «СҚ-Фармация» ЖШС-і арқылы медициналық мекемелерге жіберіледі. Агенттіктің аумақтық бөлімшелері жұртшылық өкілдерімен бірлесіп жүкті тұтынушыға дейін жеткізуді қамтамасыз етеді. Гуманитарлық тауарды мақсатсыз пайдалануға жол бермеу үшін барлық келіп түскен дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар «Гуманитарлық көмек – ТЕГІН» арнайы мөртаңбасымен таңбаланады. Антикордың ұсынысымен бірыңғай дистрибьютордың ресми сайтында арнайы бөлім құрылды, онда кез-келген адам елге келіп түскен гуманитарлық көмектің қалай бөлінгені туралы ақпаратпен таныса алады.
«Adaldyq alańy» жобасы аясында бағаны қымбаттатпау мақсатында дәріханаларда ақпараттық брошюралар таратылуда. Онда Covid-19 және вирустық пневмонияны емдеуге қолданылатын дәрі-дәрмектердің шекті бағалары көрсетілген.