Солтүстік Қазақстан облысында биыл 1071 адамға ит-мысық шабуыл жасап, соның салдарынан зардап шеккендер медициналық көмек алды. Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, біздің өңір құтырманың табиғи ошағы аймағында тұр.
Салдарынан вирустың эпизоотиялық белсенділігі артқан қыс-көктем мезгілдерінде ауру жабайы жануарлардан ит-мысықтарға, ауылшаруашылық жануарларына жұғады. Бұл өз кезегінде адамдарға да қауіпті. Биыл облыста тұрғындар арасында құтырма ауруын жұқтырғандар тіркелген жоқ. Былтырлары Ғ. Мүсірепов атындағы, Тимирязев, Шал ақын, Аққайың аудандарының аумағында бірен-саран науқас анықталған. Вирус негізінен түлкілер мен қарсақтардан тарайды екен. Құтырмасы бар ит-мысық та адамдарға шабуылдайды, тамақтан бас тартады. Құтырманың алдын алудың ең басты жолы – қаңғыбас иттер мен мысықтардың санын қысқарту. Мүмкіндігінше үй жануарларының қаңғыбас иттерге, жабайы аңдарға жақындауына жол бермеу, яғни байлап ұстау қажет. Сондай-ақ, құтырмаға қарсы алдын ала егу жасау да өз нәтижесін береді. Биыл медициналық көмекке жануарлар қапқан 1071 адам қаралды. Қаңғыбас иттер мен мысықтардың санын қысқарту іс-шараларын жүргізуге жергілікті бюджеттен 34 млн. 099 мың теңге бөлінді. Барлығы 100 98 қаңғыбас жануар, соның ішінде 9664 ит, 434 қаңғыбас мысық ауланып, атылды.
www.inform.kz