«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІР ПЕТРОПАВЛДЫҚ КОРОНАВИРУС ЖҰҚТЫРДЫ

Солтүстік Қазақстан облысында бір адам коронавирус жұқтырғаны анықталды. Бұл туралы бүгін орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихатында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Сұлтанғазиев хабарлады.

1993 жылы туған науқас 23 наурыз күні кешке транзиттік пойызбен Омбыдан оқудан келген. “24 наурыз күні оның дене қызуы көтеріліп, “Жедел жәрдемнің” көмегіне жүгінген. “Жедел жәрдем” бригадасы Ресейдегі эпидемиологиялық жағдайды ескеріп, оны ауруханаға жатқызған. Алынған сынама нәтижесі коронавирус инфекциясын жұқтырғанын дәлелдеді. Қазір олар қосымша сараптама жасау үшін Алматы қаласындағы зертханаға жолданды. Оның нәтижесі туралы қосымша хабарланатын болады”, – деді Тимур Сламжанұлы.
Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау департаментінің басшысы Серікбай Қасмақасовтың айтуынша, бүгінгі күні науқастың жағдайы қанағаттандырарлық, дене қызуы жоқ. Онымен қатынаста болғандардың барлығы анықталып,13 адамнан сынама алынған. Бәрінің нәтижесі теріс. Бүгін жақын туыстары мен қызмет бабы бойынша науқаспен қатынаста болған шекара қызметкерлері карантинге жатқызылды. Олардан ауру белгілері байқалмайды. Науқас тұратын көпқабатты үй дезинфекцияланып, тұрғындармен түсінік жұмыстары жүргізілді”, деді Серікбай Қасмақасов.
Өңірдегі медициналық ұйымдар күшейтілген тәртіпте жұмыс істеуге көшті. Инфекциялық стационарда 65, провизорлық стационарда 250 кереует дайын, сонымен қатар науқастармен қарым-қатынас жасағандар үшін 100-ден астам орын дайындалды.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp