«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІР ШАҢЫРАҚ АСТЫНДА

Тыныштық пен тұрақтылық жоқ жерде өрлеу мен өркендеудің болмайтыны белгілі. Бұл тұрғыда еліміз өзгелерге үлгі бола білді. Біздің жетістігімізді бүгінде әлемнің жетекші мемлекеттері жоғары бағалап, нәтижесінде олар қазақ жеріне тәжірибе алар алаң ретінде көз тіге түсті. Ал жарасымды өмір сүріп отырған түрлі ұлт өкілдерінің басын қосатын этномәдени орталықтардың татулық пен тұрақтылықты, бірлік пен өзара түсіністікті орнатуда рөлі зор. Солардың бірі – Қызылжар ауданының Архангельское ауылында орналасқан “Калі ласка” белорус этномәдени орталығы.

2005 жылы құрылған орталықтың төрайымы Тамара Ткаченко алғашқыда белорус ұлтының тілімен, ділімен, мәдениеті және салт-дәстүрімен, әдет-ғұрпымен көпшілікті таныстыруды мақсат тұтыпты. Өмірінің 35 жылын ұстаздыққа арнаған нәзік жан Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы жанындағы “Радзіма” белорус орталығының өткізген шараларына үзбей қатысып, төрт сіңлісімен бірге қазақ еліне қоныс аударған қандастары жайында да ақпарат жинай бастаған.
– Тағдырдың жазуымен тың игеру жылдарында солтүстік өңірге біз сияқты 500-ге жуық отбасы көшірілді. Қазақстан сияқты бірлігі жарасқан елге қоныс аударғанымызға еш өкінген жоқпыз. Қазақ халқы өзге мемлекеттерден жер аударылған барша отбасыларды құшақ жая қарсы алып, қонақжайлық танытты. Бұрынғы Булаев ауданының Аралағаш ауылына алғаш келген күніміз әлі есімде, – деп бастады әңгімесін Тамара Тимофеевна. – Ол кезде мен небәрі 11 жастағы баламын. Кішкентай болсам да, жергілікті тұрғындардың жылы жүздері есімде қалыпты. Ауыл ақсақалдары ата-анамнан жөн сұрасқан соң, бізді бос тұрған үйге орналастырды. Көрші-қолаң азық-түлігімен, тұрмысқа қажетті заттарымен бөлісіп, барынша көмек көрсетуге тырысты.
Балалардың білімге деген құштарлығын оятып, олардың жан-жақты, зерек болып өсуіне атсалысқан Манап пен Мағжан Рахымовтардың өзге ұлттың отбасыларына көмегі зор болыпты. Тамара Тимофеевнаның айтуынша, белорус қыздарының қазақы ортаға тез үйренісіп кетуі үшін үй-үйді аралап, оларды әр отбасына таныстырған.
– Мектеп директоры Мағжан Ғалиасқарұлы өте қарапайым еді. Зайыбы Манап Ысқаққызы екеуі кешкілікте біздің үйге келіп, түрлі әдебиеттерді әкеліп беретін. Ал көрші ауылдан келіп, сабақ беретін ұстаз Полина Спирко жергілікті балалармен тез достасуымызға түрткі болды. Ұстаздарымыздың бет-бейнесіне, жүріс-тұрысына сүйсіне қарап, жақсы қасиеттерін бойымызға сіңіруге ұмтылатынбыз. Мамандық таңдар кез жеткенде бесеуміз де қонақжайлық пен дарқан мінез танытқан тәлімгерлеріміз сияқты ұстаз болуды ұйғардық. Сөйтіп, өміріміздің басым бөлігін шәкірт тәрбиелеу ісіне арнадық, – дейді Тамара Ткаченко.
Бүгінде бес апалы-сіңлілінің бәрі де Архангельское ауылында тұрады. Олар жергілікті тұрғындарға белорус ұлтының мәдениеті, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары жайында мағлұмат беріп, жас ұрпақ өкілдерінің бойына Отанға, туған жерге деген құрметті қалыптастыруға үлес қосуда. Елді мекеннің әр кеші “Калі ласка” этномәдени орталығының әні мен биінсіз өткен емес. Бірнеше ұлт өкілдері тұратын ауыл бір үйдің баласындай тату-тәтті тіршілік кешуде.
Тамара Ткаченко Архангельское ауылдық округіндегі ардагерлер кеңесінің басшысы ретінде күнтізбедегі мемлекеттік және жалпыхалықтық мерекелерді тойлауға, өзге де маңызды іс-шараларды өткізуге ауылда тату-тәтті тұрып жатқан барлық этнос өкілдерін тартады. Бұл өз кезегінде олардың өзара сыйластығы мен Отан алдындағы құрмет сезімін арттыра түсері анық. Балалары мен немерелерін үлкендерді құрметтеуге, өзгені сыйлауға, ең бастысы, қазақ елінің құндылықтарын сақтауға баулуда.
– Қиын кезеңде туған елін тастап, шекара асқанда қандастарымның біразы ауыртпалыққа, аштыққа шыдамай, жол үстінде қаза тапты. Біз Қазақстан сияқты қонақжай елге келіп, білім алдық, өз теңімізді тауып, ұрпақ өрбіттік. Біз бейбітшілік пен келісімде өмір сүрудеміз. Жас ұрпақ осы басты байлығымызды көздің қарашығындай сақтаса екен, – деген Тамара Ткаченко Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында балалары мен немерелерін кең дастарқан басына жинап, қонақжай қазақ жеріне алғыс айтудан еш жалыққан емес.

Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: сахнада “Калі ласка” белорус орталығының мүшелері. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp