«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бір ғасырға жуық тарихы бар “Солтүстік Қазақстан” газеті сізге несімен ұнайды?

Тимур Жұманов,  

Аққайың аудандық жастар

бастамалары орталығының директоры:

– “Бүгінгі жастардың көбі газет оқымайды” деген сөздерді үлкен ата-әжелерімізден ара-тұра естиміз. Орынды айтылған. Десе де, көпке топырақ шашуға болмас. Газеттің салмағын арттыратын сауатты мақалалары, тылсым дүниенің тыныс-тіршілігінен хабар беретін қызықты ақпараттары, көргенде көз сүйсінетін көркемсуреттері оңтайлы орналасса, өз оқырманына жол табады деген ойдамын.  

Мемлекеттік тілде жарық көретін өңіріміздегі іргелі басылым – “Солтүстік Қазақстан” газетінің оқырмандарының бірімін. Ондағы жарияланған мақалаларға талдау жасап, көзі қарақтылармен таласқа түспесем де, сыртқы безендірілуіне, ішкі беттердің мән-мағынасына, көтерер жүгіне баса мән беремін.

Шолпан Айтыбаева,

“Шаңырақ” студенттік театрының жетекшісі:

– Қойған сауалыңызға “Иә, ұнайды” деп жауап берер едім. Өйткені, газет бетінде адамның ішкі толқынысын дөп басатын ойлы, орамды, әдеби, танымды мақалалар көп жарияланады. Әсіресе, бейсенбілік нөмірдің іздегенге берері мол. Осындай дүниелерден өңіріміздегі орыстілді азаматтардың қағылып қалуы өкінтеді. Мүмкін, кесек ойлы шығармалардың бірсыпырасын орысшаға аударып, орыстілді басылымдарда да жариялауға болар ма еді?

Гүлайна Әшірбаева,

Мамлютка қазақ мектеп-интернатының

зертханашысы, жас маман:

– Газеттің “Тағылым”, “Ұлпан” “Жас қыран” қосымшаларын асыға күтемін. Өйткені, нәзік жанды, жас мұғалім болған соң үшеуінен алатын ақпаратым мол.

Сауалнаманы жүргізген

Нұргүл ОҚАШЕВА,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp