Бұл газеттің де жолы жеңіл болды деп ешкім айта алмас. Мәселен, 1962 жылдың сәуірінде басылым ойламаған жерден жабылып қалды. Амал нешік, ұжымдағы тілшілердің басым бөлігі Оңтүстік, Батыс Қазақстан облыстарының газеттеріне ауыстырылды.
Тек екі жылдан соң ғана басылым қайтадан шығарыла бастады. Алматыдан келген жаңа редактор Құрмантай Меңдіғожин тарыдай шашылған тілшілерді қайтадан бір шаңырақтың астына жинап, газеттің алғашқы жаңа нөмірін шығарды. Жандана бастаған газетке жергілікті жас тілшілер тартылды. Ол жылдары қазіргідей компьютер, заманауи принтерлер мен сканерлер болған жоқ. Бір нөмірді шығару үшін газет соңында күні-түні жүретінбіз. Күнделікті жұмысымыз сол болған соң етің үйреніп кетеді екен. Ұжымымыз тату, үлкенге іні, кішіге аға болып жүрдік. Бір-бірімізден білгенімізді жасырмай, қол ұшымызды беруден аянбадық.
Бүгінде қолым қалт ете қалғанда біздің жолымызды қуған жас тілшілердің жазған мақалаларын оқып отыруға тырысамын. Кейінгі толқынның аяқалысы қуантады.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келер болсам, барша тілшілер қауымын облыстың бас газетінің 95 жылдығымен құттықтаймын! Тілшілердің қаламы ұшқыр болып, жігерлері мұқалмасын!
Ожан ҚАЛИ,
мәдениет қайраткері,
Қазақстанның құрметті журналисі.