
“Саусақ ашса – қылдырық, жұмса – жұдырық” деген екен бабаларымыз. Даму жолына түскен еліміз 24 жылдан бері ішкі тұрақтылықты сақтап, бірлігімізді нығайтуда осы бір аталы сөзді естен шығарған емес. Сол себепті түрлі этнос өкілдері ашық аспан астында ғана емес, бір ұжымның ішінде де өзара түсіністікпен иық тіресіп еңбек етуде. Мәселен, «Қазақтелеком» дирекциясының облыстық филиалының ұжымы 22 этнос өкілінен құралған.
Мария ЛЮБЫХ,
қаржы блогының логистика тобының логистигі.
– Менің арғы атам қазақ жеріне соғысқа дейінгі жылдарда Белоруссиядан келген. Ол кісі Ұлы Отан соғысына қатысып, Тамбов облысының түбінде қаза тапты. Ал оның ұрпақтары осы жерде өсіп, өркендеп, еліміздің дамуына өз үлестерін қосуда. Осы жерде білім алдым, еңбекке араластым. Осы жылдардың ішінде өзге ұлт өкілі болғаным үшін қысым көрген емеспін. Керісінше, еліміздегі түрлі этнос өкілдері бір-бірінің тілін, ділін білуге талпынып, салт-дәстүрлерін сыйлауға тырысады. Біздің ұжымда көптеген этнос өкілдері жұмыс істейді. Күнделікті өмірде де, қоғамдық жұмыстарда да бір-бірімізбен сыйласып еңбек етудеміз.
Михаил ЕГОРОВ,
техникалық блоктың жетекшісі.
– Облысымызда қанша мордвин бар екенін білмеймін. Ал ұжымымда мордвиндердің бар екенін кездейсоқ білдім. Ата-анам Мордовияның Саранск қаласында туса, мен Қазақстанда дүниеге келдім. Бала кезімде әкем мордвин тілінде беске дейін санап үйреткен. Қазір ұмытып қалыппын. Күнделікті пайдаланбағасын ана тіліңді де ұмытасың ғой. Сондай-ақ, әкем аулада ойнап жүрген балаларға “Шумбрат” дейтін. Мен бұл сөздің мағынасы “балақай” деген шығар деп ойласам, ол ана тілімізде амандасуды білдіреді екен. Тарихи отаныма жиі бармасам да, ана тілімді білмесем де, ертең балаларым есейіп, ақыл тоқтатқан кезде оларға шыққан тектері жайлы айтарым аз емес.
Жеке өмірімде де ұлттары басқа көптеген достарым бар. Мен үшін ең басты дүние – адамгершілік. Әлемнің кейбір елдеріндегі қақтығыстарға қарап отырып, еліміздің тыныш болғанына қуанамын. Мен болашағыма сенімдімін және оны осы елмен байланыстырамын.
Кирилл КИМ,
бас директор блогының сервис менеджмент бөлімінің маманы.
– Жалпы кәрістерді Қазақстанның оңтүстігіне жер аударды ғой. Кейін жер аударылғандарға қатысты тоң жібіген кезде кәрістер өздеріне қолайлы өңірлерге көше бастады. Осылай атам Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударыпты. Жалпы, атам да, әкем де ол жөнінде сөйлескенді ұнатпайды. Бұл мен үшін аса маңызды емес. Мен осы жерде тудым, өстім, оқыдым, отбасын құрдым, әке атандым. Өзімді Қазақстанның толыққанды азаматымын деп айта аламын. Мені танымайтын кісілер қазақ не болмаса татар деп ойлайды. Екеуіне де ұқсаймын ғой. Мұндай сәтте ешқандай ренішсіз өзімнің кәріс екенімді айтамын. Отбасымыз өз ұлтымызға тән салт-дәстүрлерді, ырымдарды сақтайды. Мәселен, бала жасқа толғанда үстелдің үстіне көптеген заттарды қойып, таңдатады. Ол қай затты алса, алдағы өмірі сонымен байланысты болады деп ырымдайды. Осы дәстүрді қызым жасқа толғанда орындадым. Этносаралық бірлік пен достықтың сақталуы қазақ елінің өсіп-өркендеуіне жол ашып отыр. Оны күнделікті тіршіліктен де аңғаруға болады. Білім алсаң да, жұмысқа орналассаң да ешкім ұлтыңды сұрап, тергеп, тексермейді. Бастысы өз ісіңнің маманы болуың керек.
Роман ЛАЙЕР,
сатуды басқару қызметінің басшысы.
– Есіңізде ме бір жылдары немістер тарихи отандарына көшіп жатты. Сол кезде көптеген туыстарымыз Германияға кетті. Ал әке-шешем жылы орындарынан қозғалмады. Әрі ол кезде ата-анамның шағын кәсібі болған еді. Бүгінде бұл жақтан кету жайлы ойламаймыз да. Германиядағы туыстарымызға барып тұрамыз. Үйреніскен, туып-өскен жеріңнен артығы жоқ екен. Өзіңді осы жердің бір бөлшегі ретінде сезінгендіктен басқа тұрақ іздемеймін. Елімізде көптеген этнос өкілдері өмір сүргендіктен, бір-бірімізге сыйластықпен қараймыз. Біздің ұжымның өзінде көптеген ұлт өкілдері бар екеніне жаңа назар аудардым. Бұлай мән бермеуіміздің өзі қуантарлық жайт шығар. Себебі, біздің қоғамда адамды ұлтына қарап алалау жоқ.
Диас НАЗМУТДИНОВ,
белсенді сатылым орталығының басшысы.
– Қазақстанда өмір сүріп жатқан этнос өкілдерінің жайлы өмір сүруіне барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ, біздің рухани дамуымызға да мүмкіндік бар. Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарып жатқан жұмысын атап өткім келеді. Сондай-ақ, облыс орталығында Татарстаннан арнайы шақыртумен әншілер келіп, концерт береді. Бұл да елімізде өзге этностарға деген көзқарастың қандай екенін көрсетеді. Бізге осындай мүмкіндік жасап отырған Қазақстанға да өз құрметімізді көрсетіп, тілін біліп, заңын сақтап, тарихын танығанымыз жөн. Осы елде өмір сүріп, тамыр жаямын десек, жергілікті ұлттың ділін біліп, салт-дәстүрін түсінгеніміз абзал. Бұл аса маңызды. Көзі ашық, көкірегі ояу, түйсігі бар кез келген адам мұны білуі керек.
Дайындаған
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.