«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БҮГІНГІ АНА БЕЙНЕСІ ҚАНДАЙ?

Жуырда Ғабит Мүсіреповтің “Ұлпан” романын оқыдым. Оқып бастағаннан-ақ бұл роман мені баурап алды. Шығарманың бас кейіпкері – Ұлпан. Ол өмірде болған адам. Ұлпан өмірінің тарихи шындығын жазушы асқан дәлдікпен суреттеп, өз ортасынан оқшау шыққан адам екенін көрсетіп, қаһармандық қасиеттерін әспеттеген. Он саусағынан өнер тамған Несібелі ананың ұяда берген тәрбиесінің арқасында Ұлпанға тек Есеней ғана емес, бүкіл ел сүйсінген. Ерке қыз шаңырақтың берекесі, үйдің киесі болып, жоқты бар, азды көп етіп отырады. Өн бойынан қашанда азаматын жоғары қойып, ерін сыйлап өткен қазақ әйеліне тән игі қасиеттерді көреміз.

Қатарластарымның кейбірінің Флобердің Мадам Бовариін оқығанын айтып мақтанатынына таңғаламын. Рас, олар әлем әдебиетіндегі үздік туындылар шығар, бірақ біздің ділімізге сай келетін толыққанды ана бейнесін жасай алмайды. Менің айтпағым, әйел, ана бейнесінің мейірімін, еңбекқорлығын, моральдық тұрғыдан ішкі әлемі бай нәзік жандарды көз алдымызға елестеткіміз келсе, жоғарыда аталған туындыны оқысақ болады.
 Есенейдің көзі тірісінде Ұлпан бес болыс Сибанның қамқор анасына айналды. Артта қалған қазақ ауылына жаңалықтың жаршысындай бола отырып, монша, қыстық үй салғызды. Есеней өмірден озғаннан кейін де ол өз бойындағы асыл қасиеттерін танытып отырған. Ол жайлы романда: “Он ауыл Сибанды Есенейдің қазаны мен қолына қарап телміріп отырудан біржола құтқарды. Қашаннан Есенейдікі болып келген кең жерді әр ауылға бөліп берді. Мұнысы жалғыз бұл ел емес, жалпы Сібір казактары үшін жаңа бір үлгі еді. Оның аты не екенін Ұлпан өзі білген емес. Кедейлік жаншып, ділгірлік сорына белден батып отырған жоқ-жітікке жаны ашыды да, қолдан келерін істеді де берді. Қазір Есенейдің малы екі есе азайды, оның есесіне Сибанның малы он есе көбейді. Әр үй өз текесін, өз айғырын мақтасып отырады. Ел аздап егін салады, шөп шабады. Бала-шаға дірдектеп қыс бойы киіз үйде отырмайды, жылы, қысқы үйде отырады. Әсіресе, осы қысқы үй үшін ел-жұрты Ұлпанға қатты риза”, – деп суреттеледі.
Шығарманы оқып біткен кезде көкейімде “Бүгінгі ана, әйел бейнесі қалай сипатталады?” деген сауал қылау берді. Қазіргі қазақ әйелі де отбасын сақтаумен ғана емес, сонымен қатар қоғамдық өмірге белсене араласуымен ерекшеленеді. Олардың ішінде дәрігерлер, мұғалімдер, мемлекеттік қызметшілер, бизнес, мәдениет, спорт саласының өкілдері бар. Бүгінгі жазушылар осы бір өмір шындығынан қазіргі ананың образын суреттесе, “Ұлпан” романымен салыстыра отырып оқыр едім.

 

                        Арайлым САҒЫНДЫҚОВА,
Сафуан Шәймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның
оқушысы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp