«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бүгінгі ауыл бұрынғыдан өзгеше

Мәңгүртке

 

Ана тілді сен игере алмадың –

Орысшаға ауып кеткен талғамың.

Әкең – қазақ, шешең – қазақ бейшара,

Олар тістеп өткен болар бармағын?!

 

Тілді білмей, дінді ұмыттың десек те,

Қазақ болып қосылғанмен есепке.

Ұлтың үшін көк тиындық құның жоқ,

Сен өзіңді мәңгүртпін деп есепте!

 

Сенсіз де осы ана тілім асылым,

Жасар, жасар әлі талай ғасырын.

Ертең қазақ ел болғанда іргелі,

Сені қайда қосар екен, масылым?

 

Намысында шырпы жанбас шірігім,

Сен осылай ұлтың үшін құрыдың.

Ана тіл мен иманы жоқ адамды,

Сыртқа итеріп тастайды ертең Ұлы күн.

 

Ана тілін, ана сүтін тәрк қып,

Жүрген сенде жөнсіздікке қанықтық.

Өз еліңде өзіңді өгей ететін,

Өмірдегі осы болар ғарыптық?!

 

Тұңғыш немереме

 

Туғанда тұңғыш немерем,

Кең дүниеге тырбанып.

Қуаныш еді-ау не деген,

Кетті ғой жаным нұрланып.

 

Аңсатқан туды-ау құлыным,

Құдайым берді-ау Арланды.

Менің де сөйтіп ғұмырым,

Болашаққа енді жалғанды.

 

Жеті атадан жалғызбын,

Жалғыз-ақ ұлға әке едім.

Үзілмейтіндей мәңгі іздің,

Мен-дағы білдім не екенін.

 

Үзілмес енді тірлігім,

Жасарып қайта кеттім мен.

Тілемейді, сірә, ұлды кім,

Ізбасар тұяқ деп білген?!

 

Қанатын қағар құстаймын,

Толысып күшім, дәрменім.

Тізгінін аттың ұстайтын,

Арланым енді бар менің.

 

Екеу болды ғой бір ұлым,

Көшім бар жолда қалмайтын.

Аман болсыншы құлыным,

Атаның жолын жалғайтын!

 

 

 

Бүгінгі ауыл бұрынғыдан өзгеше

 

Бірін-бірі балап туыс, бауырға,

Жон арқасын тосып бірге ауырға

Бір атаның баласындай барлығы

Тұратын жұрт бұрын осы ауылда.

 

Менікі мен сенікіге бөлмейтін,

Ешкім онда тарыншылық көрмейтін.

Қолда барды бөліп бірге жегесін

“Өзек талмас кең ырысты ел” дейтін.

 

Әдетінен аулақ елдің өспейтін,

Ақсақалдың алдын ешкім кеспейтін.

Қала кезіп, тентіреген бірі жоқ,

Атажұрттан қотарыла көшпейтін.

 

Алтын бесік болды-ау осы ел деген,

Дәулетіне қарап жұртты бөлмеген.

Қазіргідей сауда қуған бірі жоқ,

Адам ары өлшенбейтін теңгемен.

 

Күрпілдетіп бәрі күбі пісетін,

Сапырылған сары қымыз ішетін.

Соның бәрі қайда кетті, япыр-ау,

Қимас күнге айналды еске түсетін?!

 

Бүгінде ғой түтіні оның сиреген,

Жадау ауыл, жүдеу тартқан күй көрем.

Бұрынғы кең дарқандығын ұмытып,

Құр сүлдері қалған жандай күйреген…

 

Таба алмаған өзгеше өмір қолайын,

Ауылыма қалай кінә тағайын?

Бауырластық сезімінен айырылып,

Жат болуға айналыпты-ау ағайын.

 

Қолы ұзындар қоныс тауып жайлырақ,

Қалталылар болып алған “бай-құлақ”.

Ауылдағы қалған жұрттың бүгінгі,

Маңдайынан ырыс кетіп, тайды бақ.

 

Тәңір емес, өмір өзі кемсіткен,

Ақтай болып табылса да ел сүттен.

Ағайындар отыр қазір қалтырап,

Көк тиынсыз қалған ортақ меншіктен.

 

Ол туралы асқақ еді-ау сөз кеше,

Бүгінгі ауыл бұрынғыдан өзгеше.

Құса жырым туар ма еді жүректе,

Жан ауыртар осы жайды сезбесе?!!

 

Анашым, сенің арқаң

 

Сезім селін көл етіп жаңбырлаған,

Ақындықты сыйлапты тағдыр маған.

Күндеріме ризамын кірпік ілмей,

Түнді өткізіп, қаншама таңды ұрлаған.

 

Ой-қиялдың көп жүздім айдынында,

Батпай аман, әйтеуір, қайғы-мұңға.

Шаттық дәурен, бірақ та қайдан болсын,

Жетім өскен шұрқырап тай-құлында?!

 

Айта берсе, жүректің жарасы мың,

Әкенің ұлдан жалғыз баласымын.

Қатал өмір жылата алмады ғой,

Жастай құрғап қалғасын қарашығым…

 

Анам болды періштем, пірім менің,

Жетімдігім содан да білінбедің.

Жыртық үйде жүрекке жылу барын,

Ұға алады дейсің-ау бүгінде кім?!

 

Түсе бермес тірлік-ай еске күнде,

Мұнар бұлттай басымнан көшкені ме?

Анам ылғи мұңлы бір ән салатын,

Қыстың ұзақ көңілсіз кештерінде.

 

Кейін білдім, көбі оның дастан екен,

Жан ауыртқан аяныш жасқа бөтен.

Анам менің осылай жүрегімде,

Жыр бұлақтың қайнарын ашқан екен.

 

Қандай өзің мықты едің, темірмісің,

Ауырсынбай көңіл шер шөгіндісін?!

Жүрегіме құйғаның жырдан сәуле,

Анашым-ау, алдымен сенің күшің!

 

Қос шебер

 

Көтерген абыройлы төрге өнері,

Табылмайтын өңірде тең келері.

Ағайынды қос шебер болды ауылда,

Біреуі ұста, ал бірі – зергер еді…

 

Сәмерке Смағұлдан таралатын,

Естімедік олардың жаман атын.

Темірден түйін түйген ұстасы – Уәп,

Ал Қауен зергерлік зат соға алатын.

 

Балқыған болат мұндай күйге енер ме,

Ұсталық жұқпаса егер сүймегенге?!

Одан асқан жан жоқтай көрінетін,

Темірді Уәп қамырша илегенде.

 

Қалауының бұратын бәсі оған көп,

Келген жұрттан есігі босаған жоқ.

Көздің жауын алатын зер бұйымын,

Дәл Қауендей бір шебер жасаған жоқ.

 

Шеберлігі сендірген шүбә қылмай,

Көңілім оларға осы тынатын жай:

Екеуі де жан еді-ау шынында да,

Мақтасаң мақтанышқа тұратындай!

 

Өшті бәрі жылдармен зыр ағылған,

Дым қалдырмай ауылда мұра қылған?

Кетпей жүр ғой бірақта әлі күнге,

Шыңылдаған балға үні құлағымнан…

 

Күйіп кеткен онсыз да қоңыр өңі,

Уәптікі шын ұсталық өмір еді?!

Төске салып қып-қызыл от темірді,

Соғып әлі жатқандай көрінеді…

 

Сіңбесе де өнері бойға дарып,

Отырғаны сондықтан ойға оралып.

Оның соққан тұрмыстық құралдарын,

Табылады жүргендер пайдаланып?!

 

Қауен соққан білезік, ілгіштерін,

Көргенімді айтсаңшы тұңғыш менің?!

Көздерінен жайнаған жақұт тасты,

Өріліп тұрушы еді бір күшті өрім…

 

Сөз етерлік киелі пайымда бұл,

Айтылмайды зергерлік жайында құр?!

Соғылмайтын бүгінде сол бұйымдар,

Әжелердің көбінің бойында жүр!?

 

Ауылдағы қос шебер оқиғасын,

Бұрып жазсам, ол осы ақынға сын?!

Сандығымда сақтаймын тұмарымдай,

Қауен соққан анамның сақинасын …

 

Мектептің көк сиясы

 

Балалықтың бар есте ескі ұясы –

Қамыс мектеп және оның көк сиясы?!

Болатын ол бірнеше оқушыда,

Көбімізде езілген пеш күйесі…

 

Өртеніп кеткен мешіт орнындағы,

Қамыс мектеп елестеп, қол бұлғады.

Білім алған шөліркеп сол ұядан,

Өшпес сурет көңілден солғындады!

 

Соғыстан соң ес жинап енді ғана,

Бейбіт жолға түсірген елді жаңа –

Сол кездегі ауылдың мектебінде,

Сабақ берді ұстаздар ең ғұлама!

 

Жазылатын зат есімі, сан есімі,

Тақта орнында мешіттің қара есігі…

Қыс кезінде – күн қысқа, бықситұғын –

Шамға құйған “сельпоның” кәресіні?!

 

Келмейтіні жоқ еді-ау қолдан бәрі,

Пеш күйесі – көңілдің алданғаны.

Дәптеріміз – жол арасына жазатын,

Газеттер мен есепшот жорналдары…

 

Қайдан тисін көк сия зауыттағы,

Пеш күйемен жаздық қой сауыттағы.

Одан бірақ сауатсыз қалғамыз жоқ,

Кетті достар өз жолын тауып бәрі?!

 

Көк бие

 

Айтпаған-ау ақсақалдар текке, ие –

Түлікте де болады ғой, – деп кие?!

Бүгіндері жиі есіме түседі,

Біздің үйдің құты болған көк бие!

 

Болатын ол нағыз аян жүрдегі,

Білмеймін: мінді ме атам, мінбеді?

Ал, әкемнің еміс-еміс есімде,

Көлге апарып суарып кеп жүргені…

 

Жетідемін, жаңа-жаңа ес білем,

Жетім етіп, жан әкемде өшті дем.

Шаңырағымыз шайқалғанда шіркін-ай,

Биеміздің асқан кезі бестіден?!

 

Ата-әжені сарыуайым шөктіріп,

Кезек-кезек тажал ажал кетті іліп…

Таңдайыма ылғи тәтті тиген жоқ,

Жетімдіктен қалған жанмын көпті ұғып?!

 

Бір сиыр мен екі-үш қана қой-ешкі,

Ұстауға рұқсат кез еді ғой көмескі.

Болғандықтан және біздің биеміз,

Көргеміз жоқ жоқшылықтай елесті.

 

Арбасы ауыр тартатындай тек түйе,

Оған отын, мейлі үйіп шөп тие.

Сүйреп бәрін жеткізетін қиналмай,

Бізге және көлік болған көк бие?!

 

Түптеп айтып, түгесерсің қай жайды,

Сол бір жылдар жан сыздатпай қоймайды.

Сиыр орнына жылқы ұстағандар көп болып,

Екі үйдің ғой бірі бие байлайды.

 

Қабырғасы бүтін жандар түгілі,

Күрпілдетіп біз де пістік күбіні.

Ыстың дәмін шығаратын қымыздан,

Шоғырмақты қайың ағаш түбірі…

 

Тал шарбақтың желі қағып сыртына,

Көк биені жіберуші ек ырқына.

Шұрқыраған құлынынан ұзамай,

Сауын сайын келетін ол жұртына?!

 

Мұның бәрі өшпейтұғын өмірде,

Мәңгі қалған көркем сурет көңілде.

Құлын кезім көз алдыма келеді,

Саумал дәмін сағынғанда менің де?!

 

Күзгі көрініс

 

Қайыңдардың, тал-теректің желегін,

Жұлып қашқан желге қиын не дерім?!

Күзгі жаңбыр қанша нөсер болса да,

Толтырмайды бұл кез бұлақ кемерін.

 

Жаңбырлатты, жел де бүгін теріскей,

Қорғасындай бұлттар ауыр, беріштей.

Көл бетінде жетім жүзген жалғыз жұп,

Бақшадағы ұмыт қалған жемістей…

 

Күзгі сурет – көңілсіз де, мұңдылау,

Желісінде құлыны жоқ қыр мынау?!

Жабығы ойлар еңсе басып, зіл болып –

Өліарада енді мына тұрмын-ау…

 

Бәрі де алыс, көктем де алыс, жаз да алыс,

Қош айтысқан тырналар мен қаз да алыс.

Әйтсе-дағы табиғи бір заңдылық –

Төрт маусымға бар ғой ортақ қозғалыс!

 

Тоқтар ЗІКІРИН,

ақын, Қазақстан Жазушылар

одағының мүшесі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp