«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БҮГІНГІ КҮННІҢ БАТЫРЛАРЫ

Мамлют ауданы Воскресеновка ауылының шетінде орналасқан үйінің ауласында мал жайлап жүрген Владимир Воробьев жан ұшыра айқайлап көмекке шақырған баланың даусын естиді. Жүрегі шымыр ете түскен Владимир Алексеевич үйдің сыртындағы көлдің үстінде, жағадан шамамен 15 метр қашықтықта омырылып түскен мұз үстінде тұрған көршінің қызы мен судан шыға алмай қалбақтаған екі ұлды көреді. Ойланбастан жүгіре жөнелген Владимир Алексеевичтің мақсаты не де болса балаларды құтқару еді. Сондықтан аяғының астындағы жұқа мұздың жарылғанына қарамастан, белшесінен мұздай су кеше жүріп, ол алға жылжи берді.


«Абырой болғанда, балалардың үстіндегі балон курткалары оларды суға батудан қорғап қалды. Женя мен Леняны қатты ұстап алып, мұздың үстіне лақтыруға тура келді. Бірақ судың тереңдігі үш метрдей ғана болғандықтан, мұз бірден жарыла берді. Сөйтіп, қатты мұзға және жағаға жету мұң болды”, – деп еске алды ауыл тұрғыны.

Ал жағада оларды Владимирдің әйелі Татьяна күтіп тұр еді. Балалардың айқайын естіген ол киініп те үлгерместен, жалаң аяқ, жалаң бас жүгіріп келген екен. Ол бірден балаларды үйіне кіргізіп, шешіндіріп, уқалап жылытып, ата-аналарына қоңырау шалады.
Татьяна Владимировнаның айтуынша, зәре құты қалмаған балалар жарты сағат бойы тілдері күрмеліп, сөйлей алмапты. Көп ұзамай екі өкпесін қолына ұстап жүгіріп келген ата-аналары балаларын аман алып қалған құтқарушыларға алғыстарын жаудырды.
1984 жылы туған Воробьевтардың өздерінің 11, 5 және 1,5 жасар үш баласы бар. “Бала – адамның бауыр еті” екенін жақсы білетін олар біреудің қайғысына бей-жай қарай алмады. Зардап шеккен балаларды – 8 жасар Евгений мен 10 жасар Леонидті және олардың отбасыларын олар бұрыннан білетін. Ұзақ уақыттан бері жерлестеріне көмек қолын созуды әдетке айналдырған ауылдастар бір-бірінің қуанышы мен қайғысына ортақтас. Ал құтқарылған балалар болса алдамшы көлдің бетінде ойнаудың қаншалықты қауіпті екенін ұғынды. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp