Көп күткізіп, көктемнің есті лебі,
Қыр гүлінің жайнайды кескін-реңі.
Қоңыраудың соңғы рет соғылатын
Үні бүгін өзгеше естіледі.
Орны бөлек оқиға осы қандай,
Ортақтасар жақын мен досың қалмай?!
Қоңыраудың үніне көңілдегі
Қуаныш пен қимастық қосылғандай.
Қол бұлғап тұр бал дәурен – шын бір бақыт,
Жас үйіріп жанарға, тұнжыратып…
Бүгінгі күн – қоштасу балалықпен
Қоңырауын соңғы рет сыңғырлатып!..
Кәрібай МҰСЫРМАН.