
Кеше облыс әкімі Ерік Сұлтанов Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында тұрғындар алдында есеп берді. Өңіріміздің 2015 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы баяндалған есепті кездесуге Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Берік Жәкенов, мемлекеттік органдардың басшылары, ауыл шаруашылығы және әлеуметтік салалардың өкілдері, ардагерлер қатысты.
Әрине, алтын дәнді ысырапсыз жинап алуда заманауи техникалардың пайдасы зор. Сондықтан өңір басшысы машина-трактор паркінің жаңарып отыруын жіті бақылауында ұстайды. Агроөнеркәсіптік кешен 14 миллиард теңгенің жаңа жоғары өнімді 1127 техникасымен толығыпты, соның 250-ден астамын шаруалар лизингке сатып алған.
Ерік Сұлтанов өз есебінде биылғы көктемгі дала жұмыстарын ойдағыдай атқаруға бағытталған іс-шараларға да тоқталды. Көктемгі егіске қажетті 490 мың тонна ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымы құйылып алыныпты. Тұқым жаңарту мақсатында агроқұрылым жетекшілері көрші Ресей елінен осы күнге дейін 2 мың тоннадан астам тұқым жеткізген. “Былтыр 138 мың тонналық 7 астық қабылдау пункті пайдалануға берілсе, биылғы жылы сыйымдылығы 177 мың тонналық 9 элеватор салу жоспарланып отыр”, – деді Ерік Хамзаұлы.
Тұрғындардың әлеуметтік әлеуетін арттыру атқарушы биліктің әрқашан назарында екендігін тілге тиек еткен облыс басшысы халықтың денсаулығын жақсарту, тұрмыстық ахуалды көтеру мақсатында атқарылған жұмыстарды баяндай келе: “Мемлекет басшысының ел халқына арнаған “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” Жолдауында айқындалған тапсырмалар ескеріле отырылып, өңіріміздің дамуының алдағы кезеңіне зор міндеттер қойылып отыр. Барлық мемлекеттік және салалық бағдарламаларды жүзеге асыру жөніндегі жұмыс одан әрі жалғастырылатын болады”, – деп атап көрсетті.
Бұл жолы да өңір басшысына толғандырған мәселелері бойынша өтініш-тілектерін жазбаша түрде жолдағандар аз болмады. Ерік Хамзаұлы әр өтінішке жеке тоқталып, нақты жауап берді. Айыртау ауданының тұрғыны Жұпар Нұрғалиева Саумалкөл ауылындағы Ақан сері атындағы Мәдениет үйінің шатыры ескіргенін жазып, қаржы бөлуді сұраған екен.
“Бүгінгі күні Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлігіне әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын жөндеуге қаржы бөлу жөнінде өтінім жіберілді. Мәселе оң шешімін тапса, биылғы жылы осы Мәдениет үйінің шатырын жөндеуге 30 миллион теңге қаражат бөлуді жоспарлап отырмыз”, – деді Ерік Сұлтанов.
Аққайың ауданының Шағалалы ауылының тұрғыны Аян Сүлейменов, Жамбыл ауданындағы Благовещенка ауылының тұрғыны Шолпан Қожанова да өтініштерінде жергілікті клубтарға жөндеу қажеттігін айтыпты. Өңір басшысының айтуынша, екі ауылдың мәдени нысандарына жергілікті және республикалық қазынадан қаржы бөлініпті, бүгінгі күні конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатыр екен.
Ауыл тұрғындарының арасында жолдардың сапасына алаңдаушылық білдіргендер де бар. Олардың өтініші бойынша үстіміздегі жылы Мағжан Жұмабаев ауданындағы Возвышенка ауылының, Жамбыл ауданындағы Қайранкөл және Жаңажол ауылдарының, Шал ақын ауданындағы Кривощеково ауылының жолдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Жазбаша түскен хаттардың арасында мектеп ғимараттарына жөндеу жүргізуді сұрағандар да болды.
Бұдан кейін есепті кездесуге келгендер өтініштерін облыс әкіміне тікелей білдіруге мүмкіндік алды.
Қасымхан Оразбаев,
Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның тұрғыны: Жыл сайын аудандық орталық ауруханада стационарлық емделуден өтемін. Мұнда хирургия бөлімшесінен басқаларына жөндеу жұмыстары жүргізілген. Хирургия бөлімшесінде де жөндеу жасауға болмас па екен?
Жауап: “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында орталық аудандық аурухананың хирургия бөлімшесін жөндеуге 73 миллион теңге қаржы бөлінді. Жөндеу жұмыстарын сәуір айынан бастау жоспарланған, ол қараша айында аяқталуы тиіс.
Денис Сургутский,
Мамлютка қаласының тұрғыны: Мамлютка қаласына жастар үшін шағын футбол алаңын салып және көшелерге спорт жаттығуларына арналған жабдықтарды орнатуға бола ма?
Жауап: Биылғы жылдың 1 ақпанында өткен Мамлют ауданы әкімінің есепті кездесуінде ауыл тұрғыны Төлеген Омаров стадионды жөндеуге қаржы бөлуді сұраған болатын. Бұл мақсатқа 23 миллион теңге қаржы бөлінді, ал спорттық жабдықтарды орнатуды Мамлют ауданының әкіміне тапсырамын.
Франц Мизер,
Петропавл қаласының тұрғыны: Былтыр облыс орталығындағы көпқабатты үйлердің біразының қасбеті боялды. Биылғы жылы бұл жұмыс жалғасын таба ма?
Жауап: Өткен жылы Петропавл қаласын дамыту қорының қаржысына жалпы алаңы 16 мың шаршы метр 12 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті боялды. Бұдан бөлек облыс орталығындағы 4 мекемеге осындай жөндеу жүргізілді. Биыл да бұл мақсаттағы жұмыстар жалғасын табады. Демеушілер қаржысына 50 көппәтерлі тұрғын үйдің қасбетіне әрлеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз.
Ольга Плотникова,
Петропавл қаласының тұрғыны: Биыл Солтүстік Қазақстан облысының құрылғанына 80 жыл толады. Қандай шаралар жоспарланған?
Жауап: Облыстың 80 жылдық мерейтойына орай бірқатар мәдени-бұқаралық, спорттық шаралар жоспарланып отыр. Ал негізгі ауқымды мерекелік шараны қыркүйек айында “Қарасай” стадионында өткізу ойластырылуда.
Виктор Бондаренко,
Петропавл қаласының тұрғыны: Петропавл қаласындағы Спорт сарайы бүгінгі күні жастардың сүйікті орындарының біріне айналды. Алдағы уақытта, әсіресе, ауылдық жерлерде осындай спорттық нысандар салына ма және Петропавл қаласында футбол алаңы тұрғызылады дегенді естіп жатырмыз, осы рас па?
Жауап: Өткен жылы “Жас Өркен” шағын ауданында Спорт сарайы, аудандарда бірнеше спорттық нысандар пайдалануға берілді. Бүгінгі күні Қызылжар ауданының Бескөл және Шал ақын ауданының Жаңажол ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр. Облыс орталығында бір мың орынға шақталған 3 жабық және 3 ашық кортты әмбебап теннис орталығының құрылысына жобалау-сметалық құжаттар дайындалды. Сондай-ақ, Петропавл қаласында стандартты футбол манежін салуды көздеп отырмыз. Аталмыш нысанды УЕФА қаржысына салу үшін Қазақстан Футбол федерациясымен келісімге қол жеткіздік. Жоба құны – 3,5 миллион еуро. Бұдан басқа қосымша футбол және шағын футбол алаңдары, хоккей қорапшалары, жаттығу кешендері, барлығы 120 спорттық ғимарат бой көтеретін болады.
Хажым Әмірғалин,
Қаратерек ауылының тұрғыны: Уәлиханов ауданындағы Қаратерек ауылының тұрғындары таза ауызсудан тапшылық көріп отыр. Осы мәселе қашан шешіледі?
Жауап: Қаратерек ауылының тұрғындары ауызсуға зәру екенін мен жақсы білемін. Былтыр Қаратерек ауылын сумен жабдықтау нысанының құрылысы үшін жобалау-сметалық құжат әзірленді. Құрылысқа 55 миллион теңге қаржы қажет. Уәлиханов ауданының әкіміне және басқа да тиісті мекемелерге су нысанының құрылысына қаржы бөлуді және оны биыл аяқтауды тапсырамын.
Гүлім Сағындықова,
Петропавл қаласының тұрғыны: 2015 жылы Петропавл қаласы Жамбыл көшесінің бойындағы тұрғын үйлердің біразы сырылып тасталды. Оның орнына қандай нысандар бой көтеретінін білгім келеді.
Жауап: Жобаға сәйкес Жамбыл көшесінің бойына “Казградстрой НС” серіктестігі бір 12 және екі 16 қабатты тұрғын үйлерді салады. Бір 3 қабатты тұрғын үй құрылысын “КанСам” ЖШС-і жүргізеді. Сондай-ақ, аталмыш көшеде теннис орталығы және басқа қызмет көрсету нысандары бой түзейтін болады.
Кездесу барысында басқа да әлеуметтік маңызға ие сұрақтар қойылды. Облыс әкімі Ерік Сұлтанов тұрғындарды есепті кездесуде көтерілген мәселелердің шешімін табатынына сендірді.
Айгүл ЫСҚАҚОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.