Дүниежүзінде болып жатқанның барлығын көріп отырмыз. Интернеттің, коммуникацияның заманауи құралдарының арқасында ондай ақпаратқа кез келгеннің қолы жетеді. Қай жаққа қарасақ та, барлық жерде шиеленістер мен қақтығыстар орын алуда. Әрдайым тұрақтылық пен демократияның өлшемі болып келген Еуропаның өзінде қиын жағдай, қарсы көңіл күй қалыптасып отыр. Таяу көршілерімізде туысқандарын өлтіретін қорқынышты соғыс жүріп жатыр. Ондағы жағдай күннен-күнге шиеленісіп барады. Әлемдегі алпауыт мемлекеттер ымыраға келудің орнына, керісінше, санкцияларды қатайта түсуде. Сөз жоқ, бұл барлығына әсер етеді. Бір-бірімен байланысқан осы заманда кез келген санкцияның қарама-қарсы салдары болады. Қарама-қарсы тұру қарлы борандай үдей түсуде.
Бүкіләлемдік жүйемен тығыз шоғырланған Қазақстанға да ықпал ететін осынау жаһандық өзгерістерді бәріміз көріп отырмыз. Шикізаттың бағасы шапшаң құлдырауда, бюджетке түсім қысқаруда. Одан әрі не болатынына алаңдаулымыз.
Президентіміз қалыптасқан жағдайды тамаша біледі және жақсы бағалайды, сондықтан халыққа арнаған кезекті Жолдауын дәл осы кезде жария етті. Мемлекет басшысының “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Жолдауы көпшілік үшін күтпеген жағдай болды, алайда оның дер кезінде жарияланғанын біз жақсы білеміз. Сауатты, болашақты болжай білетін стратег ретінде Елбасы тағы да өзінің көрегендігін, күнібұрын ойлай білетіндігін паш етті.
Геосаяси жағдайдың тұрақсыздығы, экономикалық дағдарыстың дамуы таяудағы жылдары бүкіл әлемді қиын жағдайға душар етуі мүмкін, оны тек қуатты, қамданған елдер ғана еңсере алады.
Бізде ырғалып-жырғалуға уақыт жоқ, іс-әрекет етуді қазірден бастау қажет. Болашақ сынаққа алдын ала әзір болуға тиіспіз. Оның салдарымен күрескенше, мүмкін болатын тәуекелдерді алдын ала барынша азайтқан дұрыс екендігін Елбасы жақсы біледі. “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Жаңа Экономикалық Саясаты – Қазақстанның алдағы қиыншылықтарды жеңуіне мүмкіндік беретін дағдарысқа қарсы қолданылатын кешенді шарасы.
Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде мен оған нақты мысал келтіре аламын. Бесінші шақырылымның төртінші сессиясының қарауына 2014 жылғы 2 қыркүйектен 20 қарашаға дейін 47 заң жобасы енгізілді. Осы уақытта Мемлекет басшысы 18 заңға қол қойды. Президент қол қойған “2014-2016 жылдардағы республика бюджеті туралы” Заң қаражатты барынша тиімді және ұтымды пайдалануды мақсат етеді, жобаны нақтылау аясында республикалық бюджеттің қаражаты бюджеттік бағдарламалар әкімгерлерінің ұсынысы негізінде шығыстарды өсірмей, жекелеген бюджеттік бағдарламалар бойынша қайта бөлінді. Таяуда біз 2015 жылға арналған республикалық бюджетті қарадық және Жолдауда айтылған Мемлекет басшысының барлық нұсқаулары ескерілді.
Қиын уақыттың алдында басқа мемлекеттер барлық жағынан да үнемдеп, қолайлы жағдайды күту ұстанымын ұстанатын сияқты. Біздің Президент жаппай құлдырау кезінде де жаһандық дағдарыстың салдарын барынша азайту үшін алға жылжуды жалғастыру, серпінді даму қажеттігін жақсы түсінеді. Дағдарыстан құтылудың екі-ақ жолы бар екені белгілі: құлау немесе керісінше, еңсені тіктеу. Мемлекет басшысының толағай мақсаты барлық келеңсіздіктерді еңсеріп, біз күшті бола түсуге, одан әрі дамуға серпіліс алуға тиіс екенімізді көрсетеді. Сондықтан қазіргі Жолдау “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Жаңа Экономикалық Саясаты деп аталады. Алға қойылған барлық міндеттерді орындау үшін Қазақстанда қажетті барлық ресурстар бар.
Шикізат бағасы жоғары деңгейде болған қолайлы жылдары өнім экспорттаудан түскен табыс Ұлттық қорға бағытталды. Соның арқасында Қазақстанда қауіпсіздік еңсерілді. Мемлекет басшысы атап айтқандай, бұл ақшаны ішіп-жеп және жұмсап қойған жоқпыз, сақтадық және көбейттік. Сол кезде сарапшылардың көпшілігі бұл қаражатты сақтамай, тек еңбекақыны, жәрдемақыны және т.б. өсіруге бағыттау керек дегені әлі есімізде. Біздің Президентіміздің көрегендігіне енді көзіміз жетіп отыр. Қазір біз осы резервтерді пайдалануға тиіс болатын кезең туындап келеді.
2007-2009 жылдардағы қаржы дағдарысы кезінде Ұлттық қордың қаражатын пайдалану тәжірибесі бізде бар. Сол кезде 10 млрд. доллар бөлініп, соның арқасында еліміздің қаржылық секторындағы жағдайды тұрақтандыруға қол жеткізген болатынбыз. Біз банктерді сақтап қана қойғанымыз жоқ, олардың әрі қарай дамуына серпін бердік.
Қазіргі уақытта Үкімет уақыт енгізіп отырған түзетулерді есепке алып, жаңа ауқымды даму бағдарламасын әзірлеуді аяқтады. Дағдарыс жағдайында әлемдік экономиканың барлық архитектурасы өзгереді, сондықтан бірінші кезекте экономиканың дамуы мен тұрғындардың жұмыспен қамтылуына барынша мультипликативті нәтиже жасайтын салалар қолдауға ие болады. Бұл барлық салалардың дамуына қосымша серпін береді.
Жыл басында Ұлттық қордан экономикалық өсім мен жұмыспен қамтуды қолдау үшін 2014-2015 жылдарға 1 трлн. теңге бөлу туралы шешім қабылданған болатын. Сол сияқты Президент шағын және орта бизнесті және ірі кәсіпкерлікті жеңілдікпен несиелеуге қосымша 100 млрд. теңге бөлу туралы тапсырма берді. Парламент Мәжілісінің депутаттары “Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды түбегейлі жақсарту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заң әзірледі, оның басты мақсаты – жеке кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдай жасау.
Мемлекет басшысы әлемдік экономикадағы жағдайдың күрделенуіне байланысты алға қойған мақсаттарға қосымша қаржы ресурстарынсыз қол жеткізу күрделі екендігін атап айтты. Сондықтан Ұлттық қордан 2015 жылдан 2017 жылға дейінгі кезеңге жыл сайын қосымша 3 млрд. долларға дейін бөлу жөнінде шешім қабылдады. Ұлттық қордан алынған қаражат қандай да бір жыртықты жамау үшін емес, олар құрылымдық реформалармен жалғасатын және кешенді мәселелерді шешуге жұмсалатын болады.
Үстіміздегі жылы Солтүстік Қазақстан облысының шаруашылық субъектілері негізгі капиталға салынған 88,7 млрд. теңгенің инвестициясын игергенін, бұл өткен жылдың қаңтар-қазан айларымен салыстырғанда 10,5 пайызға көп екендігін атап айтқым келеді. Оның 72,2 пайыздан астамы – шаруашылық субъектілерінің өзіндік қаражаты, мемлекеттік бюджет қаражатының үлесіне тиесілісі – 18,9 пайыз.
2014 жылы 28 қарашада Петропавл қаласында халықаралық инвестициялық форум өтті, онда Солтүстік Қазақстан облысының әкімі 50 млрд. теңгеден астам инвестициялық келісімшартқа қол қойды.
Елбасы Ұлттық қордан бөлінген қаржының тиімді жұмсалуы қатаң қадағаланып, әр теңге үшін қатаң сұрау болатындығын атап айтты. Ол үшін арнайы комиссия құрылды.
2015 жылғы 1 қаңтардан бастап зор жұмыс басталады, ауқымды индустриялық, көліктік, энергетикалық жобаларды жүзеге асыру мәре алады. Мемлекет басшысының кез келген Жолдауы – саяси, экономикалық маңызды құжат қана емес, ол бәрімізге де қатысты. Оны әркім өзі арқылы өткізіп, ортақ іске өз орнында қолынан келетін үлесін қосуға тиіс.
Мемлекет басшысы бізді жұдырықтай жұмылып, келе жатқан барлық қиыншылықтарды жеңе білуге шақырады. Бұл біздің халқымыздың мызғымастығының тағы бір сыны болмақ. Алайда, барлық қауіп-қатерді лайықты еңсеріп, біз өз қозғалысымызда тағы алға қарай бір қадам жасайтын боламыз.
Анатолий МАКОВСКИЙ, ҚР Парламенті депутаты, “Нұр Отан” партиясы фракциясы төралқасының мүшесі.