«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БҮЛДІРШІНДЕР СҮЙЕДІ ЕЛІН

Петропавл қаласындағы “Ашық аспан” жекеменшік бөбекжай-балабақшасында семинар өтті. Тәуелсіздік мерекесіне орай өткізілген семинарда Мағжан өлеңдері арқылы балаларды отансүйгіштікке тәрбиелеу мәселелері сөз болды.

Ата-аналармен бірлесіп өткізген сайыс сабақ “Отан отбасынан басталады” тақырыбына арналды. Шара балалардың қазақ тілі сабағында игерген білімдерін бекітіп, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге үйретуді, ата-аналарды сәбилерінің тәрбиесі мен оқыту мәселесіне тарта отырып, балғындарды отансүйгіштікке тәрбиелеуді көздеді.  

Алдымен сайыскерлер өздерін таныстырды. Танысу үш тілде жүргізілді. Екінші кезең мемлекеттік рәміздерге арналды. Ол ата-ана мен бала арасындағы әңгімелесу түрінде ұйымдастырылды. Бүлдіршіндер рәміздерге не жататынын, олардың авторларын, Тудағы өрнек пен қыран бейнесінің түсін, Елтаңбаның белгілерін, тағы басқаларын әңгімеледі.

Балғындар арасында ұйымдастырылған рәміздер айтысы арқылы олардың қай жерлерде кездесетіні жайлы түсінік берілді. Еліміздің рәміздерін құрметтеу қажеттігі айтыс барысында пысықталды.

Әуенді-қимылды “Тақия тастамақ” ойынында балалар Отанға қатысты мақал-мәтелдер айтып сайысты.

“Көркемсөз үлгілері” кезеңінде балғындар мемлекеттік тіл туралы білімдерін ортаға салды. Балалар мен ата-аналар тіл, тәуелсіздік, Отан туралы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде тақпақтар оқыды.

Сабақтың соңғы кезеңінде ата-аналар ұлттық тағамдар туралы мәліметтер берді. Әлиевтер отбасы қазақша етті қалай дайындау керектігін, оның тағамдық құндылығын айтса, Бухониндер отбасы қымыз, оның пайдасы, оны қалай әзірлейтіні туралы әңгімеледі. Сонымен қатар ұлттық ойындар ойналып, би биленді, ән шырқалды.

Сабаққа белсене қатысып, марапатқа ие болған бес отбасы бөбекжай-балабақшасының директоры Нина Мацкевичтің тарапынан алғысқа ие болды және желтоқсан айының 25000 теңге көлеміндегі төлемақысынан босатылды.

Гүлмира ЖАЛМУРЗИНА,

“Ашық аспан” балабақ-шасының меңгерушісі.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp