«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бүлдіршіндер әлемі әдемі

Театр – “Өнер” атты айдынның ішіндегі жиегіне көз жетпейтін, жанарыңмен байқап, жаныңмен ұғатын ағысы бөлек арна. Қоғам мен адам өміріндегі орны бөлек бұл өнердің қасиетін айтып, жеткізу мүмкін емес. Сан ғасырдан сүрлеу салып, адам жанына рухани азық болып келе жатқан құдіретті өнердің ерекше түрі – қуыршақ театры.

“Өнер – ұлттың жаны” дейді халық даналығы. Қуыршақ театрларының да қоғамдағы маңызының зор екендігі әлдеқашан дәлелденген. Өңіріміздегі балаларға ертегі әлеміне енгендей қуаныш сыйлап жүрген жалғыз өнер ұжымы – облыстық қуыршақ театрының бүгінде 31 жылдық тарихы бар. Өнер ошағы дүниежүзіне танымал жазушылардың шығармаларын қазақ және орыс тілдерінде сахналауымен қатар талантты әртістер мен суретшілердің бірнеше толқынын тәрбиелеп шығарды. Осы уақытқа дейін шығармашылық жолы әрқилы болғанымен, қоғамдық маңызын жоғалтпады. Шығармашылық ізденіспен көптеген жаңашыл қойылымдарды сахнаға шығарудың нәтижесінде өнер кеңістігінде өзіндік орнын қалыптастырды. Бүгіндері мен де тағдырдың жазуымен әртіс атанып, осы мәдениет ошағында еңбек етіп жүргеніме дән ризамын.

Мектепте оқып жүрген кезімде музыкаға әуес едім. Ұстаздарым Ұлболсын Базаралиқызы, Римма Матвеевна, Алла Геннадьевна және Алина Викторовнаның арқасында ән әлемін тани бастадым. Нәтижесінде 11 жасымда халқымыздың ұлттық аспабы – қобызды меңгердім. Өнерге құлшынысым артқан сайын өзімді дамытқым келді. Жетінші сыныптан бастап оқуымды музыкалық-эстетикалық бағыттағы дарынды балаларға арналған мектепте қазақ ұлттық аспаптары бөлімінде жалғастырдым. Бұл оқу ордасында Сандуғаш Дүйсенбайқызынан тәлім алдым. Ол – облысқа танымал өнерпаз, Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің мүшесі. Биыл еңбегі еленіп, “Мәдениет саласының үздігі” төсбелгісімен марапатталды.

Әрине, шығармашылық жолымды жалғастыруға бел буған соң 2016 жылы Петропавлдағы өнер колледжіне “актерлік өнер” мамандығына оқуға түстім. 4 жыл ішінде сахна өнерін меңгеріп, өңірге танылған талантты режиссер Баатырбек Шәмбетовтен дәріс алғаныма қуаныштымын.

Мұхтар Әуезов “Ел болам десең, бесігіңді түзе” дейді. Ал театр – тәрбие орны, адамның жан дүниесіне рухани азық беретін мәдениет ошағы. Бұрындары ата-әжелеріміз немерелеріне жақсылық пен жамандықты, адамгершілікті үйрететін ғибраты мол ертегілер айтып беретін. Байқауымша, қазір көптеген отбасыларда бұл дәстүр лайықты жалғасын таппай отыр. Көбінесе кешке жұмыстан келген ата-ананың балаларына уақыт бөлуге мұршалары келмейді. Өзіңіз байқасаңыз, отбасы мүшелерінің дастарқан басында жиналып, әңгіме-дүкен құруы да сиреді. Себебі бүгінгі күні жасы да, кәрісі де ғаламторды қарайды. Балалардың қолында – бір-бір ұялы телефон. Содан да түрлі дүниелерді көре береді.

Әйтсе де, театрымыздың бірде-бір қойылымын өткізіп алмауға тырысатын өз көрермендеріміз қалыптасып қалды. Бірде қойылымнан кейін ата-ананың баласымен спектакль жайында айтқан әңгімелеріне құлақ түрдім. Баласы анасына спектакльдегі жағымсыз кейіпкердің жасаған жамандықтарын, оның барлығы адамгершілікке жатпайтындығын айтып жатты. Осы көріністің өзі қуыршақ театрының өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі рөлін айқындап берсе керек. Періштедей пәк әлемнің кейіпкерлерін сомдау да оңай шаруа емес. Оның үстіне балаға қатысты нәрсеге ерекше ұқыптылық пен мұнтаздай тазалық керек қой. Сол себепті қуыршақ театрының өзге өнер ордаларынан өзгешелігі айтарлықтай көп деуге болады.

“Ісім оңсын десеңіз, сол істің маманы болыңыз” – деген екен әлемнің екінші ұстазы, ойшыл әл-Фараби бабамыз. Менің театрға жұмысқа орналасқаныма тоғыз айдан асса да, талмай еңбектеніп келемін. Ең алғашқы премьерам – “Бақыт туралы аңыз” қойылымы. Бұл туындыны пандемияға байланысты қашықтан чехиялық режиссер Евгений Ибрагимов сахналады. Спектакльде музыкалық ансамбль сапында қобыз аспабында ойнадым. Жанды әуенмен әрленген қойылым көрермен көңілінен шықты деп ойлаймын. Театр сахнасында екінші сомдаған рөлім – “Түйме қыз” ертегісіндегі Иведи Аведи есімді қыз. Бұл актриса ретінде тәжірибемдегі алғашқы үлкен спектакль деуге болады. Ол үшін біраз іздендім, кейіпкерімнің мінез-құлқын кішкентай көрермендерге нанымды етіп жеткізу көп еңбекті талап етті. Ақырында балалардың бұл ертегіні ықылас қоя тыңдап, рухани байлықтың мөлдір бұлағынан сусындағанына көзім жетті.

Дана ШАЙКЕНОВА,

облыстық қуыршақ театрының әртісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp