Қоғамда жиі кездесетін жағымсыз құбылыстардың бірі – вандализм. Өкінішке қарай, мәдени-тарихи ескерткіштерді, басқа да рухани құндылықтарды, қоғамдық орындардағы мүліктерді қасақана бүлдіру, қирату, тонау секілді шектен шыққан тағылық сипаттағы қылмыстардың көбейіп бара жатқаны қатты алаңдатады. Президент Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында жаһандану үрдісіне, жаңа технологияның дамуына және басқа да себептерге байланысты қоғамда пайда болған қауіпті бес кеселдің біріне вандализмді жатқызуы тектен тек емес. Әсіресе жастар арасында кең өріс алып барады.
«Қоғамдық мүліктен бастап, мың жылдық мәдени мұраларға дейін – бәрін жаппай бүлдіру кейінгі кезде әдетке айналған. Бурабайдағы Жұмбақтасты, Баянауылдағы Кемпіртасты қараңыздар. Ең жауһар жерлеріміздің сұлулығы шимайдың астында қалып жатыр. Үйдегі лифтіні, ауладағы ойын алаңын, көшедегі аялдаманы қиратудың қандай қисыны бар? Мұның бәрі – барып тұрған тәртіпсіздік, мәдениетсіздік. Өркениетті елдің әрбір азаматы қоғам мүлкін өз мүлкіндей қорғауы керек», – деген Мемлекет басшысы Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, Сингапурдан көпшілікке үлгі етерлік жағымды мысалдар келтірді. Індетпен бүкіл ел болып күресуге шақырды. Ал «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауында заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік еткен қоғамда жастар мәдениетті, жаңашыл, жасампаз болып өсетініне айрықша тоқталды.
Төрткүл дүниеде қоғамдық орындардағы мүліктерді қирату, граффити салу, тарихи жәдігерлерді ластау сияқты әрекет жасаушылар ендігәрі есінен кет пейтіндей, қайталамайтындай етіп қатаң жазаланады. Жапонияда бұл әрекет ұсақ бұзушылық ретінде танылса, 20 мың иен айыппұл салынады. Ауыр бұзақылық ретінде танылған істе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру және 300 мың иен айыппұл қарастырылған. Егерде ғимараттың қирауына, адам өліміне әкеліп соқса, 5 жылға дейін абақтыға қамалады. Оңтүстік Кореяда ғимаратқа не нысанға келтірген зиян үшін 7 млн. вон айыппұл төлеп, 3 жылға темір торға тоғытылады. Сингапурда да жаза ауыр.
Вандализм еліміздегі мәселенің біріне айналғаны соншалық, қоғам мен жеке адамдарға тиесілі дүние-мүлікті сындыру бұзақылығы өрши түспесе, тыйылар емес. Осыған орай Президент тапсырмасына сәйкес, вандализм актілері, қоғамдық және жеке мүліктің бүлінуі үшін жауапкершілік күшейтілді. Елімізде вандализмге тосқауыл қоятын заңдар қабылдау арқылы Қылмыстық кодекске арнайы баптар енгізіліп, қаскөйлік әрекеттерді қатаң жазалау шаралары көзделген. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске адам саудасына, вандализм көрінісіне және бөтеннің мүлкін бүлдіруге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Мұның бәрі қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін жауапкершілікті арттыру қағидаттарын мүлтіксіз жүзеге асыруға бағытталған. Заң арқылы ғимараттарды, өзге де құрылыстарды, тұрғын үй-жайларды, ортақ пайдалану орындарын, көліктегі және өзге де қоғамдық орындардағы мүлікті бүлдіру сияқты бұзақылықтар үшін жауапкершілік, сондай-ақ мүлікті жойғаны немесе бүлдіргені үшін әкімшілік жаза қатаңдатылды. Заңда, біріншіден, вандализм қылмыстық бабының диспозициясы анықталып (ҚК- тің 294 бабы), оның нормалары «Тарихи-мәдени мұра обьектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңға сәйкестендірілді. Екіншіден, осы құқық бұзушылықтар үшін санкциялардың төменгі шегі белгіленді. Енді бұрын ұсақ бұзушылық үшін ең төменгі сома – 50 айлық есептік көрсеткіш болса, қазір бұл әрекетіне 100 АЕК төлеуіне тура келеді. Сот құқық бұзушылық фактісін анықтаған жағдайда, әрекеттер елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не бес тәуліктен жиырма тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады. Әрекет бір жыл ішінде қайталанса, жиырма күннен отыз тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алынады. Егер әкімшілік қамаққа алуды қолдануға болмайтын адам болса, онда оған алпыс айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл түрінде өндіріп алу жазасы қолданылады. Жаңа заңның екінші тармағы негізінде 200-ден 500 АЕК-ке дейін айыпұл салу немесе түзеу жұмыстары, 300 сағаттан 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу болмаса сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.
Былтыр 22 желтоқсанда кешкі уақытта дәріханаға мас күйінде келген адам шыны витринаны әдейі сындырып, 185 000 теңгеге шығын келтірген. Бұл оқиға дәріхананың бейнекамерасында тіркелген. Сот залалды сотқа дейінгі тәртіппен ерікті түрде өтеуді ескере отырып, әкімшілік қамаққа алу түріндегі жазаны бес тәулікке дейін ұзартты.
Тағы бір мысал, 2023 жылы 4 шілде күні қаланың орталық көшесінде сатушы мақта-кәмпит жасау машинасына қосылған электр ұзартқыш сымына зақым келтіріп, қысқа тұйықталу салдарынан 40000 теңге шығын келтірді деген факт сотта расталмады. Ұзартқыш сымды ауыстырған кезде қысқа тұйықталу өздігінен пайда болған. Әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты іс тоқтатылды.
Гүлжан ТӘЛЕЕВА,
әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы.