Қазақстандық балуан Дәулет Шабанбайға Лондон Олимпиадасының медалі табысталады. Бұл туралы Павлодар облыстық туризмді және спортты дамыту басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Есембаев мәлім етті. Олимпиаданың қола медалін Нұр-Сұлтан қаласында күрес түрлерінен 14-22 қыркүйек аралығында өтетін әлем чемпионаты аясында табыстау көзделіп отыр.
Айта кетейік, Павлодар облысының спортшысы Дәулет Шабанбай 2012 жылы Лондон Олимпиадасына еркін күрестен қатысқан болатын. 120 кг. салмақ дәрежесінде күрескен балуанымыз қола медаль үшін белдесуде ресейлік Біләл Маховқа есе жіберген. Арада 7 жыл өткеннен кейін осы салмақта Олимпиаданың күміс жүлдегері атанған грузиялық Давид Модзманашвилидің допингтік сынамасынан тыйым салынған заттар табылды. Спортшының нәтижесі жойылып, одан жеңілген ресейлік Біләл Махов күміс жүлдегер атанды. Ал Біләлға есе жіберген Дәулет Шабанбай қола жүлдеге ие болды. Дәулет Шабанбай Азия чемпионатының төрт дүркін қола жүлдегері және бір мәрте күміс жүлдегері. Сондай-ақ, 2014 жылғы Азия ойындарында күміс медаль олжалаған болатын.