«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БҰЛАҚТАН БАСТАЛҒАН БОЛАШАҚ

“Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалайын” дегендей, облыс орталығындағы педагогикалық институтқа түсіп, бар саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған әкесіне ұқсап, еңбек жолын ұстаздықтан бастаған Зарап Ғазезұлының өмірде журналистіктің қиын жолына қарай түбегейлі бетбұрыс жасағанына да 33 жыл болып қалыпты. Әйтпесе, мектеп қабырғасында жүргенде-ақ шағын мақалалар жазып, республикалық “Қазақстан пионері”, облыстық “Ленин туы” (қазіргі “Солтүстік Қазақстан”) газеттеріне жолдағаны, олардың жарыққа шығуын балаң көңілмен асыға күтіп жүргені, хабарлары жарық көрсе, төбесінің көкке бір елі ғана жетпей қалғаны, сөйтіп қатарластары арасында “бала тілші” атанғаны күні кеше ғана сияқты еді…

– Бұлақ ауылындағы сыйлы ұстаз, өзіміздің аса құрметтейтін әріптесіміз Ғазез Құсайынұлының екінші ұлы Зарап жоғары оқу орнын аяқтай салып, өзім басқаратын Ақтас мектебіне физика, математика пәндерінің мұғалімі болып келді. “Жас келсе – іске” демей ме? Жас маман мектептің ғана емес, ауылдың да мәдени шараларына ұжымымызбен бірге қоян-қолтық араласып кетті. “Әке көрген оқ жонар” дегендей, қолға алған ісін тиянақтылықпен атқаратын Зарап Ғазезұлынан ұлағатты ұстаз ғана емес, білікті басшы шығатындығына сол кездің өзінде шек келтірген жоқпыз. Үш-төрт жылдың ішінде тек қана жақсы қырынан танылған мұғалімді сол кездегі Мәскеу аудандық партия комитеті нұсқаушы қызметіне қалап алды. Болашағын осы салада жалғастырсын деген ниетпен ақ жол тілеп, Зарап Ғазезұлын Корнеевкаға шығарып салдық, – дейді бұл күндері Қызылжар ауданындағы Соколовка ауылында түтін түтетіп жатқан педагогикалық қызметтің ардагері Рахмет Жүсіпов ағамыз.  

Аудандық партия комитетінде жарты жыл мінсіз қызмет атқарған нұсқаушы 1980 жылы қазан айында міндетті әскери борышын өтеуге шақырылды. Армиядағы қатал тәртіп те текке кетпеген сияқты: бейбіт күннің тындырымды жауынгері елге “алтын оқалы” офицер шенімен оралды.

Зарап Ғазезұлының алдында сан тарау жол жатты. Ұстаз болып та көрген, партия қызметінің дәмін де татқан Зәкең алған біліміне қарай кез келген мектепке басшы да бола алатын еді немесе аудан орталығындағы қызметін әрі қарай жалғастыруына мүмкіндігі де бартын.

Оқушы шағында туған ауылы Бұлақта басталған, ұстаздық етіп жүрген, әскер қатарында болған кездерінде де байланысын үзбеген газет редакциясының өмірі өзін қызықтыра берген. Сонау Бұлақ орта мектебінде комсомол ұйымының хатшысы болып жүрген кезінде оқу орнында болған “Ленин туы” газетінің белді журналисі, бүгінгі танымал қоғам қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры, қазіргі “Солтүстік Қазақстан” газетінің бас редакторы Жарасбай Сүлейменов ағамыз: “Бүйрегің журналистікке бұрып тұрса, ортамызға кел. Үйреніп кетуіңе жан-жақты көмек көрсетеміз. Қазіргі талабың жаман емес. Осы бетіңнен қайтпа”, – деген. Оның үстіне мектепті бітірген тұста журналист мамандығына оқытатын бірден-бір жоғары оқу орны еліміздің сол кездегі астанасы – Алматыда ғана болатын. Үлкен ағасы, менің сыныптасым Шағрап шетте оқып жүргендіктен, Зарап облыс орталығынан ұзап шыға алмаған, сондықтан ат арыта қоймайтын Петропавлдағы бірден-бір жоғары оқу орнына түсуге, былайша айтқанда, әке жолын қуып, барымен базарлауына тура келген. Енді әскери борышын атқарып, оңы мен солын тани бастағаннан кейін адамға бір-ақ рет берілетін өмірде жүрек қалауымен еңбек ету керектігін, онда да қателеспеу қажеттігін жақсы түсінді. Сөйтіп, математика тілімен айтқанда, жүз сексен градусқа бетбұрыс жасауға бекінді.

Сөйткен Зарап Ғазезұлы 1982 жылы тамыз айында газеттің сол кездегі бас редакторы Уәп Рақымжановтың алдына келді, тілші болсам деген тілегін білдірді. Білікті басшының ақ батасын алған бүгінгі әріптесіміз Зәкең Амандық Әбжанов жетекшілік ететін мәдениет бөліміне осылай келді. Содан бері ақ қағаз бен қаламды жанына серік етіп, қарапайым тілшіліктен жауапты хатшының орынбасары, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары сияқты артында ізі сайрап жатқан шыңдалу, қалыптасу жолдарынан өтті. Әлі де ізденіп келеді. Солардың өзі – бағалай білгенге бір мектеп. Осы, негізін ұлы Мағжан, Смағұл, Сәбит қалаған, небір жайсаңдар қызмет атқарған қарашаңырақта еңбек ете жүріп, әріптес ініміз өзінің өмірлік жарын тапты, сол кезде өзімен бірге редакцияның отымен кіріп, күлімен шығып жүрген Ербол Шаймерденовтің қарындасы Әминаға үйленді.

Қазіргі уақытта ол ынтымағы жарасқан отбасындағы ұлы Маратқа, қызы Ләйлаға аяулы әке, немересіне сүйікті ата болып отыр. Көзінің қарашығына балаған ұл-қызы да әке мен шешенің зор үмітін ақтап, қалаған мамандық иелері атанды, елордасы – Астанада жемісті еңбек етуде.

Зарап Ғазезұлының облыс орталығындағы қалалық “Қызылжар нұры” газетінің алғашқы санын шығарудан бастап, оның шеф-редакторы қызметін үзіліссіз атқарып келе жатқанына да биыл 1 қаңтарда 10 жыл болды.

Бұрын Зәкеңді сыныптасымның інісі ретінде танысам, 8 жылдан бері, қазақы тілмен айтқанда, “бір терінің пұшпағын бірге илеп келе жатқан” қызметтес жолдасым ретінде білемін. Күні бүгінге дейін ешкіммен бет жыртысып, өктем сөйлеп, лепіріп көрмеген, өзінің жібектей жұмсақ мінезімен ағаны ағадай, ініні бауырдай сыйлай білетін қасиетімен жұртқа жаққан нағыз азаматтың еңбекқорлығына тәнтімін. Уақытпен санаспай, ұжымшардың жарау атындай жұмыс істей беретіндігі, бітпеген істі үйіне алып кетіп, айдың сәулесімен аяқтап келетіндігі сонау редакцияның ең жауапты да қиын қара жұмысы – хатшылықта жүргенде қалыптасқан сияқты. Әйтеуір, “Қызылжар нұрының” беттерін толтырғанша бір тыным таппайды, қарамағындағы әріптестерін қамшылап қойып, желбегей, көйлекшең қалпымен жұмыс істеп жатқанын ғана көреміз. “Мақала жазудан, газеттің макетін сызудан шаршадым” дегенін естіген емеспіз. Ешкімге шағымданбайды да.

Осылай “Қызылжар-Ақпарат” ЖШС-нің күнделікті қарбалас шаруасына өзіндік үлес қосып, зор беделге ие болып жүрген, атқарған қызметі лайықты бағаланып, Қазақстанның мәдениет қайраткері атанған, бірнеше мерекелік медальдармен марапатталған Зарап ініміздің бұл күні асқаралы алпыс жасқа иек артқанына куә болып отырмыз. Әріптесіміздің игілікті ісіне сүйінеміз, адами жақсы қасиеттерін үлгі тұтамыз. Заман ағымына орай қалалық газеттің түрлене түсуі, оқырмандар санының көп болуы үшін бар күш-жігерін жұмсап жүрген Зарап Ғазезұлына шабытты шығармашылық, қарымды қалам, әрқашан да амандық-саулық, отбасы бақытын тілейміз.

Нұрсайын ШӘРІП,

  “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp