«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БҰЛАҚТЫҚТАР УӘДЕСІНДЕ ТҰРДЫ

Енді санаулы күндерден кейін ХХІ ғасырдың жиырмасыншы жылын қарсы аламыз. Дана халқымыз төрге озатын жаңа жылдан жақсы істер, үкілі үміт күткен. 

2020 жылдың ақпан айында Қызылжар өңіріндегі қазақ баспасөзінің қарашаңырағы – “Soltústik Qazaqstan” газетінің алғашқы саны оқырман қолына тигеніне тура 100 жыл толмақ. Осыдан екі айдай бұрын Есіл ауданындағы Бұлақ ауылының тұрғындары сүйікті басылымымыздың мерейтойына тарту ретінде әр қазақ отбасына облыстық “Soltústik Qazaqstan” газетін жаздырып алу туралы солтүстікқазақстандықтарға үндеу жариялаған болатын. Біздің бұл бастамамыз Мағжан Жұмабаев ауданындағы Ноғайбай, Аққайың ауданындағы Дайындық, Шал ақын ауданындағы Кеңес, Жамбыл ауданындағы Баян, Тимирязев ауданындағы Жарқын және басқа да ауылдардың тұрғындары мен ұжымдар тарапынан қолдау тапты.

“Уәде – Құдай сөзі” демей ме қазақ халқы. Барша қауымға жар салған ауылдағы газеттің белсенді жанашырлары бірден іске кірісіп кетті. Бұлақ орта мектебінің директоры Гүлзат Нұрмұқанованың ілездемедегі сөзін бірден құп алған ұжымның 47 мүшесі “Soltústik Qazaqstan” газетін жаздырып алды. “Бұлақ Астық” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сайлау Сұлтанғазин бірнеше еңбек ардагері мен көпбалалы отбасына өз қаржысына газет жаздырып берді. Бұлақ ауылының имамы Ерғали Оразалиннің, белсенді оқырмандар Сырым Қалиевтің, Наушан Әбілинаның, пошташы Сандуғаш Нұрмұқанованың жүргізген нақты жұмыстарының нәтижесінде әр отбасының төрінде сүйікті басылымымыз тұратын болды. Ауылдастарымның атынан редакция ұжымына шығармашылық ахуал тілеймін, елдің игілігі жолындағы  істеріңіз табысты болғай!

Бердібек ТОҚПАНОВ,
Бұлақ орта
мектебінің мұғалімі.
Есіл ауданы.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp