«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БҰЛ ДӘУРЕННІҢ ЗУ ЕТЕРІН КІМ БІЛГЕН?!

Менің құрдастарым үшін 2016 жылдың орны бөлек. Олай дейтінім, биыл біз талай жылғы еңбегіміздің зейнетін көрер шаққа келіп, шүкіршілік етіп отырмыз. Өмірдің осы белесінен өткен де, өтпеген де бар. Біреуге ерте, екіншісіне кеш келетін жалған дүние арамыздан біраз достарымыз бен құрдастарымызды алып кеткені өкінішті. Алайда, бұл өмірге келмек болған соң кетпек те бар.

Бала күнімізде Бурабайдағы сауықтыру лагерінде бірнеше рет демалғанымыз да күні кешегідей есімнен кетпейді. Тегін оқып, мамандық алдық. Құрдастарымның бірі зоотехник болса, екіншісі мал дәрігері, инженер, тағы басқа мамандықтарды меңгерді. Комсомол, партия ұйымдарында еңбек еткендері де бар. Қиындықтар да болды. Соның барлығына қасқайып қарсы тұра білдік. Елге адал қызмет еттік.

Отбасын құрып, балалы-шағалы болдық. Қазір осы жасқа келген шағымызда тілеріміз – сүйіп қосылған сыңарларымыздың, балашағамыздың амандығы.

“Кешегі күннен алыс жоқ, ертеңгі күннен жақын жоқ” дегендей, жастық дәуреніміз келмеске кетіп, сағымға айналды. Жүрер жолымыздың көбі кетіп, азы қалғанын, бұл дәуреннің зу етіп, қас қағым сәтте өтерін білмей де қалдық. Дегенмен, “Ақылды қария – ағынды дария” дегендей, біз әлі де болса өз білгенімізді жастарға үйретуге тырысып, қоғамдық өмірден алыстаған жоқпыз. Жастарды, балаларымыз бен немерелерімізді ата-бабамыздан бері сақталып келе жатқан үлкенді сыйлауға, салт-дәстүрді құрметтеуге, қастерлеуге үйретіп, адамгершілік, инабаттылық, имандылық қасиеттерге тәрбиелеуге өз үлесімізді қосып жүрміз.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінінде құрдастарыма айтарым, біз қазақ елінің зейнеткерлерінің қатарына енсек те, қоғамдық өмірде болып жатқан өзгерістер мен жаңалықтардан тысқары қалмай, жастар тәрбиесіне, оларға кәсіби бағдар беруде өз үлесімізді қоса берейік.

Сұратай ӘЙТІМОВ.

Аққайың ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp