«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БҰЛ СЫННАН ДА СҮРІНБЕЙ ӨТЕРМІЗ

Ұлттық валютаның еркін айырбас бағамына жіберілуі бастапқыда ел ішінде біраз дүрбелең тудырғанымен, Елбасы экономикалық саясаттың алдағы шараларын нақты белгілеп бергеннен кейін ахуалдың түзелгенін аңғаруға болады. Жергілікті жерлерде құрылып, жұмыс істей бастаған жедел штабтар да жағдайдың қалыпты, бағаның қолжетімді болуын тұрақты назарға алып отыр. Қазір адамдардың қай-қайсысымен сөйлессең де, теңгенің еркін айналымдағы бағамын енгізу жөніндегі мәжбүрлі шараны түсіністікпен қабыл алып отырғанын байқау қиын емес. Қиындықты еңсере отырып, бәсекеге қабілетті деңгейге шығу жолдарын Үкімет жан-жақты ойластырары анық.

Үкімет пен Ұлттық банктің мәлімдемесінде өзге елдер секілді Қазақстанның да экономикалық күрделі жағдайды кешіп отырғаны ашық айтылды. Оны шекаралас облыстар айрықша сезінді. Ресей рублінің құнсыздануы салдарынан жергілікті кәсіпкерлер тауарлары мен өнімдерін өткізе алмай үлкен шығын шекті. Оған сыртқа шығарылатын негізгі шикізаттар – мұнай, металл бағаларының төмендеуі сияқты бірқатар объективті себептерді де қосуға болады. Ираннан санкциялар алынғаннан кейін мұнайдың бір баррелінің бағасы одан әрі құлдырауы мүмкін деген болжамды экономикалық сарапшылар айтып отыр. Бұл да өз кезегінде алға қарай дамуымызға өз салқынын тигізбей қоймайды. Сол себепті, экономикалық өсім мен баға тұрақтылығы арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету мақсатымен жаңа ақша-несие саясатына көшу бірден-бір дұрыс шешім екені талассыз.

Президент экономикалық саясаттың алдағы шаралары кеңінен талқыланған жиында құрылымдық экономикалық реформаларды жандандыру бағытында жүйелі шешімдер қабылдауды тапсырды. Ол бойынша жаңа жағдайға бейімделген әлеуметтік бастамалардың енгізілетіні сөзсіз. Азық-түлік өнімдеріне бағаны негізсіз көтермеу шаралары қолданылады. Айырбас бағамының өзгеруінен салымшылар жапа шекпейтін болады. Тұрғын үй құрылысы жинақ банкі салымшыларына қатысты да оңтайлы жол ойластырылады. Міне, мұның бәрі қарапайым адамдар үшін жасалып жатқан әлеуметтік қорғау тетіктері болып табылады.

Тәуелсіздік алғаннан бері небір қиындықтардан сүрінбей келе жатқан себебіміздің басты сыры оған қарсы тұратын бағдарламалардың алдын ала, тыңғылықты әзірленуінде болса керек. Ауызбірліктің, ынтымақтың арқасында бұл жолғы сыннан да аман-есен өтеріміз еш күмән тудырмайды.

Аталарымыз “Сабыр түбі – сары алтын, сабырлы жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа” деп текке айтпаса керек. Осындайда Президентіміздің “Асықсақ та аптықпайық” деген даналық сөзі ойға оралады. Шүкіршілік, қазір жағдайымыз ешкімнен кем емес. Уақытша қиындықтар жігерімізді жасытпайтынына, керісінше, бәсекелестікке шыңдап, тығырықтан шыңдалып шығуға мүмкіндік береріне сенім мол.

Менің ауыл тұрғыны, зейнеткер ретінде түйген ойым осындай.

Қойшыбай ШӘНИЕВ,

зейнеткер.

Шал ақын ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp