Жуырда әлеуметтік желіде бұралқы иттердің ауыл тұрғындарының қорасына түсіп, құстарын қырып кеткені жайында ақпарат тарады. Бұл мәселе Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылы жұртшылығының бас ауруына айналған. Зардап шеккендердің бірі – Лейла Әлиева. Ол жыл сайын ерте көктемде 200 қаз бен 100-ге тарта үйректің балапанын сатып алады. Тауықтары тағы бар. Құстарды жаз бойы баптап, өсіріп, қыста жақсы бағаға сатып, отын-суға, күнделікті пайдаланатын азық-түлікке жұмсалатын ақшаның орнын толтыруға тырысады. Ауыл тұрғынының биыл пайда табудың орнына шығынға белшесінен бататын түрі бар. Жаз бойы қаңғырған иттер бірнеше рет қорасына кіріп, тауық, қаз бен үйректі қосқанда 100 шақты құсын қырып кетіпті.
«Үйге кіргенім сол еді, арада 10-15 минут өтпей, үйректердің барқылдаған дауысын естідім. Шошып, далаға атып шықсам, қаңғыбас иттер үйректерді талап, тамақтап кетіпті. Бәрі өліп жатыр. 30 тауығым, қырық балапаным бар еді. Оларды да қырып кетті», – дейді Бескөл ауылының тұрғыны.
Былтыр тамызда Қызылжар ауданындағы Чапаев елді мекенінде бұралқы иттердің бір үйдің қорадағы 12 қойына шапқанын жазған едік. Қазір адамдар балаларын мектепке жалғыз жіберуге, көшеге шығаруға қорқатын күйге жеткен. Олар енді бұл оқиғаларды полицияға ресми түрде тіркетіп, келтірілген материалдық шығынды өтеуді талап етіп отыр.
Бескөл ауылдық округінің әкімі Гүлсім Кәрімованың айтуынша, бұл жағдайда ветеринария саласының мамандары жауап беруі тиіс. Себебі бұралқы иттерді аулап, чиптеумен аудандық ветеринарлық қызмет айналысады.
Облыстық ветеринария басқармасының бас маманы Мадиана Тюгумбаева жағдайға байланысты мынандай түсініктеме берді. «Бұл – бір ғана отбасының шығыны емес, бүкіл өңірде жүйелі түрде шешілмей келе жатқан проблеманың салдары. 2022 жылғы 2 наурызда қабылданған «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңға сәйкес, бұралқы және иесіз жануарларға қатысты жаңа талаптар бекітілді. Бұл заң аясында бұралқы иттер мен мысықтарды атуға тыйым салынған. Енді олардың санын стерилизация арқылы ғана реттеуге болады», – дейді ол.
Биыл Петропавлда 300 қаңғыбас итті стерилизациялау жоспарланған. Тамыз айында 232 итке ота жасалыпты, бұл бағыттағы жұмыс қараша айының соңына дейін толық аяқталуы тиіс.
«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң күшіне енгеннен кейін өңірде бұралқы иттер мен мысықтарды аулау пышақ кескендей тоқтатылған. Мамандар содан кейін иесіз иттердің саны бұрынғы мөлшерден әлдеқайда артқанын айтады. Көше-көшені кезіп жүрген иесіз иттердің нақты есебін ешкім де білмейді. Әйтсе де, санын қысқартып, стерильдеуге талпыныс жасалып жатыр. Өткен жылы бұралқы иттердің санын реттеуге облыстық бюджеттен біршама қаражат бөлінген.
Мадиана Тюгумбаеваның айтуынша, әр ауданда ауланған жануарды уақытша ұстап, стерилизация мен чиптейтін уақытша ұстау орталығы болуы тиіс.
«Айыртау, Ақжар, Есіл, Жамбыл, Мағжан Жұмабаев, Тимирязев, Тайынша және Шал ақын аудандарында уақытша ұстау пункттері салынғанымен, қажетті ветеринарлық жабдық болмағандықтан, олардың барлығы жұмыс істемей тұр. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда нысанның құрылысы жүріп жатыр. Ал Аққайың, Қызылжар, Мамлют, Уәлиханов аудандарында және Петропавл қаласында мұндай орталықтар әлі салынбаған», – дейді маман.
Сала мамандары қаңғыбас ит-мысықтардың саны өңірде су тасқыны орын алған 2024 жылдан бастап бірнеше есеге көбейгенін айтады. Мұны осы мәселемен айналысып жүрген ерікті Анастасия Саратовцева да растап отыр. Волонтер көшеде жүрген жануарлар туралы мәліметтерді жинақтап, сотқа жолдаумен айналысады. Ол салпаңқұлақтарды стерильдеудің қымбат болуына байланысты, тұрғындар иттері күшіктесе, күшіктерін әлдебір қалтарыстарға апарып тастайтынына қынжылады. «Стерильдеудің құны – 35 мың теңге. Мұндай бағаны қарапайым халықтың қалтасы көтере бермейді. Мәселені түпкілікті шешу үшін әлі де біршама қаражат бөлінуге тиіс. Дамыған елдерде үй жануарларын бақпай, көшеге шығарып тастаса, айыппұл салынады», – дейді ол.
Соңғы мәліметтерге жүгінсек, елімізде 300 мыңнан астам бұралқы ит бар. Нақты есебін жүргізген ешкім жоқ. Жорамал. Бәлкім одан да көп болуы. Алдын ала жасалған есепке қарағанда қыруар итті стерильдеуге 15 миллиард теңгеге жуық қаражат қажет. Оның үстіне жыл сайын екпе жүргізу міндеті тұр. Осының барлығы мемлекеттік бюджетке салмақ.
Бұралқы иттердің тарапынан туындайтын ендігі бір қауіп – жұқпалы аурулардың етек алуы. Бұған тұрғындар да алаңдаулы. Жыл сайын өңірде құтыруға қарсы мыңға жуық екпе егіледі екен. Себебі бұралқы иттерден жапа шеккен адамдардың саны көбейіп келеді. Нақты қанша екенін де айту қиын. Біз пікірлескен тұрғындар «айдың-күннің аманында адамдарды қаңғыған итке талатып қойғанымыз қалай болар екен?» деп сұраулы жүзбен қарайды. Бізді де алаңдатып отырған осы сауал.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».