М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде футзалдан студент қыздар лигасының өңірлік кезеңі өтті. Жарысқа аталмыш жоғары оқу орнынан, жергілікті колледждер мен спорт ұйымдарынан жеті команда сайысқа түсті.

Топ жарып, өңір намысын республикалық турнирде қорғау үшін бұрымдылар барынша белсенді ойнауға талпынды. Нәтижесінде Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің құрамасы жеңіске жетті. Жергілікті университеттің қыздары екінші орынға жайғасса, «Жеңіс» олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері үздік үштікті түйіндеді.