«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БҰРЫНҒЫ “ИВУШКА” – БҮГІНГІ “БАЛДЫРҒАН”

Петропавлдағы бұрынғы “Ивушка” балабақшасының ғимараты қайтарылып, оның бір жақ қанаты қайта жөндеуден өткізілді. Ол желтоқсан айында пайдалануға беріліп, бүгінгі күні мектепке дейінгі тәрбие мен білім беретін мекемедегі үш топта 75 бала тәрбиеленіп жүр.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Бұл балабақшаның ғимаратында осыған дейін М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің №9 корпусы орналасқан болатын. Петропавл қаласындағы мектепке дейінгі тәрбие мен білім беретін мекеме кезегінде тұрған бүлдіршіндер санын азайту мақсатында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде балабақша ғимараты қайтарылып алынды.

– Қайта жөндеуден өткен мектепке дейінгі тәрбие мен білім беретін мекеме қазір Петропавлдағы Строительная көшесі, 3 мекенжайында орналасқан “Балдырған” балабақшасының филиалы ретінде жұмыс істеп тұр. Жаңа ашылған балабақшадағы балалар үш топқа бөлінген. Әзірге аралас топтар. Өйткені, балалар бейімделу кезеңінен өтіп жатыр. Қазір “Балдырған” балабақшасы мен оның аттас филиалы екеуіне де мен басшылық етіп жүрмін. Бірақ түбінде ғимарат түгел жөндеуден өткен кезде бұл өз алдына жұмыс істейтін болады, – дейді “Балдырған” балабақшасы филиалының директоры Тұрсын Дайрабаева.

Тұрсын Қапезқызы жоғары білімді, бастауыш сыныптардың мұғалімі мамандығын меңгерген. Жалпы ұстаздық еңбек өтілі – 33 жыл. Бұған дейін Мағжан Жұмабаев ауданындағы Қарашоқ ауылындағы мектепте жұмыс істеген. Петропавл қаласына көшіп келген соң жалпы білім беретін Бірінші лицейде, №24 орта мектепте бастауыш сыныптардың балаларын оқытқан. Соңғы 7 жыл “Балдырған” балабақшасында директор болып қызмет атқарған.

– Балабақша таңғы сағат 8-ден кешкі 18.30-ға дейін жұмыс істейді. Тәрбиешілердің барлығы жоғары білімді, педагогикалық өтілдері бар, тәжірибелі мамандар. Әр топқа бір орыс, бір қазақтілді тәрбиешіден қабылданған. Қазір 6 тәрбиеші, үш күтушімен бірге музыка, қазақ тілі пәндерінің мұғалімдері, логопед, дефектолог, хореограф мамандар мен әдіскер, медбике жұмыс істейді. Татьяна Андросова, Маргарита Стражко, Марина Абласова, Дина Шаимова сияқты тәрбиешілердің балалармен көп жылдық жұмыс тәжірибесі бар, – дейді Тұрсын Қапезқызы.

Ресейде орыс тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ беріп, 14 жыл мұғалім болған Алма Мәкішева елге көшіп келген соң Мағжан Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжінде қайта даярлықтан өтіп, тәрбиеші болып жұмысқа орналасыпты. “Педагогтік білімім болса да, балабақшадағы кішкентай балалармен жұмыс істеуге жүрексінген болатынмын. Қайта даярлықтан өтіп, бүлдіршіндердің жас ерекшеліктеріне байланысты тәрбиенің қыр-сырын тағы бір мәрте есіме түсірдім. Жұмыс істеп бастаған соң бала педагогикасы мен психологиясына байланысты жоғары оқу орнында алған білімім мен тәжірибемді қазір ұштастырып жүрмін. Маған баламен жұмыс істеген ұнайды. Ең бастысы, осы ғой деп ойлаймын”, – деді Алма Тайырқызы өз жұмысы жайлы пікірімен бөлісіп.

Келесі бір топта 3-4 жастағы балалар театрландырылған қойылымды тамашалап отыр екен. Бұл топтағы балалар 15 жылдық өтілі бар Татьяна Андросованың қарамағында тәрбиеленуде.

Балабақшаның іші кең, жылы, жарық. Әр топта балаларға үйдегідей жағдай жасалып, оқытып-дамытуға арналған жабдықтармен қамтамасыз етілген.

– Алдағы уақытта балабақша ғимараты толық жөндеуден өткізілгеннен кейін мұнда 12 топ жұмыс істеп, 266 бала мектепке дейінгі тәрбие және білім берумен қамтылатын болады деп жоспарлап отырмыз. Ол кезде тілінде ақауы бар (дұрыс сөйлей алмайтындар, дыбыстарды дұрыс айта алмайтындар) балаларға арналған 1-2 коррекциялық топ ашу көзделген. Сосын 5-6 топ қазақша, қалғандары орыс тілінде тәрбие беретін болып ашылмақ. Балабақша толық жұмыс істеген кезде кадрларымыз дайын тұруы үшін бүгінгі күні жұмыс істеуге тілек білдірушілердің арасынан мамандықтарына қарай сәйкес келетіндерінің түйіндемелерін алудамыз. Өйткені, сол кезде тәрбиешілер мен басқа да мамандарды қосымша қабылдайтын боламыз, – дейді балабақша директоры Тұрсын Дайрабаева.

Тұрсын Қапезқызының айтуынша, бүгінгі таңда балабақшада бір-ақ аспаз жұмыс істеп жүр. Өйткені, аспаз таңертең ерте келеді, кешке кеш кетеді. Ондай күн тәртібімен кез келген аспаз келісе бермейді. Сондықтан қазір балабақшаға аспаз қажет.

– Балабақша ашылған кезде оған облыс әкімі Самат Ескендіров жапондық “Клавилова” музыкалық аспабын сыйға тартты. Жаңа үлгідегі аспаптың жадына 120-дан астам балаға арналған өлеңдер мен музыка жазылып қойылған. Мұғалім бұрынғыдай аспаптың басында отырмай, енді оны токқа қосып қойып, өзі ән айтып, би билеп, балалармен бірге жүреді, – деген балабақша директоры Тұрсын Дайрабаева: “Өзіме жұмысым өте ұнайды, балаларды жақсы көремін. Жұмыс барысында әртүрлі жағдайлар болады, бірақ балалар бәрін ұмыттырады. Сондықтан балалар үшін жанымды салып, жұмыс істеуге тырысамын”, – деп ағынан жарылды.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp