«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БҰРЫНҒЫ КӘСІБІН ҚАЙТА ҚОЛҒА АЛДЫ

Уәлиханов ауданының Ақбұлақ ауылында тұратын Жәнібек Қапезов бірнеше жылдан бері шалғайдағы елді мекендерді аралап, киносүйер қауымға классикалық туындыларды көрсетіп жүр.

Ауыл тұрғыны осыдан жарты ғасыр бұрын Қарағанды техникалық училищесін киномеханик мамандығы бойынша тамамдап, осы күнге дейін сүйікті ісімен айналысып келеді. Ол 1972 жылы жас маман ретінде туған ауылына оралған тұста клубтың жұмысына қызу араласып, ауылдастарына кино көрсете бастайды. Бірақ Кеңес өкіметі құлаған кезде өнердің ордасы болған жалғыз мәдени ошақ жабылып, Жәнібек Қапезовке отбасын асырау мақсатында өзге жұмыстың жетегінде кетуге тура келеді. Тек зейнет жасына шыққан соң сүйікті ісімен қайта қауышты.
“Мен бала кезімнен ескі аппаратта көрсетілетін киноларды тамашалауға құмар болдым. Ол кезде әріптестерім ақ төсек жаймасының көмегімен кино көрсететін еді. Осы әдісті мен де үйреніп, жас күнімде ауылдастарымның ризашылығына ие болғаным бар. Қазір қолымда өткен ғасырдың 50-інші жылдарында шығарылған “Радуга-7” кинопроекторы сақталған. Азын-аулақ жөндеп, соның көмегімен ауылдарда кино көрсетіп келемін”, – дейді Жәнібек Қапезов.
Айтпақшы, киномеханиктің қорында бұл раритеттен басқа алты бірдей ескі кинопроектор сақталған екен. Іске жарамаса да, зейнеткер оларды қосалқы бөлшек ретінде пайдаланып отыр. Оның ескі сандығында бұрынғы кездің фильмдері жазылған таспалар да жеткілікті. Киномеханик Кеңес өкіметі тұсында бұл картиналарды тамашалау үшін ауылдастарының кезекке тұрып, клуб түнгі уақытқа дейін кино көрсеткенін айтады. Бүгінгі күні де осы ісі тұрғындар арасында сұранысқа ие болып отырса керек. Әсіресе, аға буын өкілдері Жәнібек Қапезовті арнайы шақыртып алады екен. Кеңестік кезеңнің көрермендері үнді фильмдерін ерекше ықыласпен тамашалайды. Қарияның қоржынында балаларға арналған мультфильм мен ертегілер де бар. Оны, әсіресе, шалғайдағы елді мекен тұрғындары тағатсыздана күтеді.
“Әрине, бүгінде әркімнің үйінде компьютері мен телевизоры бар. Алайда, үлкен экраннан және бұрынғының үлгісінде көрсетілетін киноны тамашалағанға не жетсін?! Дыбысы да керемет қой. Ауылдарды аралап жүргенімде көпшіліктің үйден гөрі клубтарда кино көргенін қалайтынын аңғардым. Көрермен көп жиналады деп ойлаған жоқпын, сол себепті алғашқы көрсетілімдерімде қатты қобалжыдым. Бұл сапарым мені ерекше әсерге бөледі”, – дейді ақсақал.
Жәнібек Қапезов болашақта тағы бір арманын іске асырғысы келеді. Ол – бейнекамера сатып алып, жерлестерінің өмірі туралы кино түсіру.


Надежда УНГЕФУГ,
журналист.
СУРЕТТЕ: Ж.Қапезов.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp