Бірнеше жылдан бері Солтүстік Қазақстан облысының велошабандоздары өңірлер арасында спорт рейтингінің көшін бастап келеді. Осының өзі облысымызда велоспорттың дамуы дұрыс жолға қойылғандығын дәлелдейді.
Егер 2013 жылы облыс орталығында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған “Үміт” клубы мен Лондонда өткен Олимпиада ойындарының жеңімпазы Александр Винокуров атындағы “KYZYLZHAR VINO 4-ever” құрлықтық велоклубы жұмысын бастаса, 2014 жыл да спортшыларымыз үшін айрықша оқиғалармен есте қалды.
Еуропада өткен халықаралық додада велошабандоз Вадим Галеев жеңімпаздар қатарынан табылды. Румыниядағы халықаралық сайыста Александр Шушемоин кезеңде үшінші болса, таулы кезеңде үздік атанды. Қытай елінде өткен “Tour of Hainan – 2014” додасында Арман Қамышев жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шықса, Руслан Тілеубаев пен Тарас Воропаев үшінші нәтиже көрсетті.
Сергей Ренев наурыз айында Хорватияда өткен халықаралық жарыстан күміс медальмен оралды. Ал ай соңында облыс құрамасы Қазақстан біріншілігінде екінші нәтиже көрсетті.
Үстіміздегі жылғы Азия ойындарында Виктор Окишев, Вадим Галеев, Руслан Тілеубаев алтыннан алқа тағынса, Олег Земляков күміс медаль иегері атанды.
Сондай-ақ, өңіріміздің үздік велоспортшыларының бірі – Бахтияр Қожатаевқа жыл олжалы болды. Ол түрлі ірі халықаралық жарыстардағы жетістіктері үшін “Халықаралық дәрежедегі спорт шебері” атағына қол жеткізді. Францияда өткен халықаралық жарыста тау топтамасында үздік болды, “Әзірбайжан турының” қола медалін екінші рет және канадалық “Ұлт кубогы” кезеңінің бірін жеңіп алды.
Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жерлесіміз Алексей Луценко Оңтүстік Кореяда өткен ХVІІ жазғы Азия ойындарында жекелей сында 42 шақырым қашықтықты 50 минут 28 секундта бағындырып, алтыннан алқа тағынып қайтты.
Міне, солтүстікқазақстандық велоспортшыларымыздың осындай жетістіктері тәуелсіздіктің жемісі десек қателеспейміз.
Сергей КРУЧИНА,
Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы.
								
								