Қызылжар ауданындағы Қызылжар ауылдық округінің әкімі Гүлсім Кәрімова Бәйтерек ауылы тұрғындарының алдында елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және алда тұрған міндеттер жайлы есеп берді. Аталмыш шараға Қызылжар аудандық мәслихатының хатшысы Айжан Молдахметова қатысты.
Гүлсім Ербатырқызының баяндауына қарағанда, Қызылжар ауылдық округінің құрамына Бәйтерек, Қарлыға, Приишимка, Подгорное, Чапаево, Трудовая Нива елді мекендері кіреді. Оларда 3034 адам түтін түтетуде. Маңызды сала болып табылатын ауыл шаруашылығының дамуына округтегі 13 агроқұрылым қомақты үлес қосып отыр. Ауа райының қолайсыз жағдайына қарамастан, “Сервис-Жарыс”, “АБИ-Жер”, “Перспектива сельского хозяйства”, “Митронин” ЖШС-лері әр гектардан 20 центнерден кем емес өнім алды. “БАТ”, “Элита-Север”, “Айлана”, “Ақбас” шаруашылықтары асылтұқымды мал мен жылқы санын 50 пайызға арттырды. “Перспектива сельского хозяйства” ЖШС мекиен басын көбейтумен айналысып, ішкі нарықты құс етімен қамтамасыз етуде. “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында 2 адам мал басын көбейтуге, 8 адам шағын және орта бизнесті дамытуға кредит алды. Округте жергілікті тұрғындардан сүт, ет, қымыз, көкөніс сатып алу жолға қойылған. “Ақ бұлақ” мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Приишимка және Подгорное ауылдарында су құбырларын қайта жаңарту жүргізілуде. Бұл жұмыс жоспар бойынша биыл аяқталады. Барлық елді мекен таза ауызсумен қамтамасыз етілген, тек Трудовая Нива ауылы ғана тасымал суды пайдаланады. Бәйтерек ауылында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым бойынша атқарылып жатқан жұмыс аяқталып келеді. Оған қосымша электр станциясын, сумен жабдықтау құрылысы алаңын, электр қуатын тарату желілерін салу, су құбырлары жүйесін тарту кіреді. Елді мекенге “Вэлта” жеке кәсіпкерлігінің жолаушылар тасымалдаумен айналысатын автобусы қатынайды. Оған қосымша “Бескөл-Бәйтерек” автобус бағыты ашылған. Округте тіркелген 35 жеке кәсіпкер 45 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Ауылда “Мерей” жаңа дүкені ашылды, демеушілер көмегімен мешіт құрылысы жүргізілуде.
Мектеп жасына дейінгі балалардың барлығы оқумен қамтылған. Бәйтеректік оқушылар аудан орталығындағы мектепке күн сайын арнайы көлікпен тасымалданады. Округте 5 медициналық мекеме, 1 клуб, 1 кітапхана жұмыс істейді. Әлеуметтік сала нысандарының барлығы жөнделген, қажетті отынмен қамтамасыз етілген. Жастар мен оқушылар спорттың қысқы және жазғы түрлеріне белсене қатысады. Хоккей қорапшалары жасалған, спорт залдарында қажетті құрал-жабдықтар бар.
Округтегі есепті кездесулер ҚР Президенті Әкімшілігі, облыстық және аудандық әкімдіктер өкілдерінің қатысуымен өтті. Онда ауылішілік жолдарды жөндеу, жолдарды қыс маусымында тазалау, көшелерді жарықтандыру, тұрмыстық қалдықтар төгетін орындарды қалпына келтіру, елді мекендерді абаттандыру, автобус бағыттарының жұмыстарын жақсарту, қаңғыбас иттерден арылу, үйлердің жанындағы ескірген ағаштарды кесу сияқты мәселелер көтерілді. Соған орай Подгорное ауылына, мектеп ауласына 6 көше шамы орнатылды, бұл жұмыс алдағы уақытта “Өңірлерді дамыту” бағдарламасы аясында жалғасады. Қыстыгүндері жолдарды тазалаумен “БАТ” ЖШС, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі, “Жігер” МКК айналысады. Қаңғыбас иттерді аулау аудандық ветеринарлық станцияға жүктелген, бұл жұмыс 2015 жылы сәуір-мамыр айларында кесте бойынша жүргізіледі.
Ауылдық округ әкімінің сөзіне қарағанда, жергілікті тұрғындардың талап-арыздары 2013 жылмен салыстырғанда былтыр 28-ден 7-ге дейін азайды.
Биыл Подгорное және Бәйтерек ауылдарының көшелерін жарықтандыру, ауылішілік жолдарды тегістеу жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 2166 мың теңге қарастырылған.
“Есіл су” кәсіпорны бөлімшесінің директоры Михаил Беляев округ тұрғындарының тұтынған ауызсуға қарызы 227 мың теңгеден асқанын, Бәйтерек ауылында үйлерге су тарту заңды тұрғыда жүргізілу қажеттігін айтып, нақты мысалдар келтірді.
Бәйтерек ауылына Моңғолиядан 2011 жылы қоныс аударған Жанымхан Біләл:
– Мемлекет басшысының 15 қаңтарда елдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде өткізген кеңесін зейін қоя тыңдадық. Елбасын бәріміз де қолдаймыз. Тек мектеп мәселесі күн тәртібінен түсіп қалмаса екен деп тілейміз. Бұл өзекті мәселе болып тұр. Біз қолымыздан келгенше түтін түтетіп жатырмыз. Отбасымызбен 4 сиыр, он шақты қой ұстаймыз. Тарихи Отанымызға келгелі бір қызымды ұзаттым, екі ұлым үйленді. Осындай өсіп-өніп жатқан отбасылар аз емес. Алдағы уақытта жастарға жеке отау тігу үшін баспана салу қажеттігі туындауда, ол үшін бізге тиісті жер телімін беруге көмектессе болғаны, асарлатып өз күшімізбен салып аламыз. Қосалқы шаруашылықтың малдарына жайылымдық жер де жетіспейді. Бұлар – аудандық деңгейде шешілетін мәселелер. Одан басқа, бізде жергілікті әкімдік шеше алмайтын мәселе жоқ, – деді.
Гүлсім Кәрімова ауылдық округ пен аудан әкімдерінің бірлескен есеп беруі 5 ақпанда Чапаево ауылында өтетіндігін, оған қатысуға ниет білдіргендерді тасымалдау ұйымдастырылатындығын жария етті.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.