“Жүре берсең, көре бересің” деген рас екен. Үй жұмыстарын біржақты етіп, қызымды қасыма ертіп алып, жақын маңда орналасқан сауда үйіне барған едік. Мақсатымыз – дүкеннен қажетті азық-түлік алу әрі таза ауада біраз серуендеп қайту. Сауда үйінің іші ығы-жығы адам. Сөрелер неше түрлі заттарға сықиып тұр. Не керек, “мұражайдың” ішін біраз тамашалап жүріп, нан-шайымызды алып, кете бергенде қызым су сұрады. Содан, амал жоқ, сусындар тұрған жаққа барып, іздеген нәрсемізді алдық. Менен бір-екі қадам алдыңғы жаққа жүгіріп кеткен қызым: “Мама, мынаны қара, “Бәйтерек”. Мұндай “Бәйтерек” Астанада. Балабақшада тәтейіміз бізге ол жайында айтып, суретін де көрсетті. Ол өте үлкен дейді. Жазда біз де Астанаға барып, оны көрейікші”, – деді әдемі етіп жасалған көкшіл түсті “Бәйтеректің” “жаңа” түрін көрсетіп. Дұрыстап қарасам, сөрелердің бірінде “Бәйтерек” пішінінде істелген арақтың шөлмегі тұр. Оның қасындағы бөтелкелер де безендірілуі жағынан бір-бірінен қалысар емес. Ішіндегі “жынды судың” түсі де әртүрлі. Әрине, ішімдік болған соң сатып алушыларды қызықтыру үшін түрлі-түрлісі болады. Бірақ осы “топтың” қатарына елордамыздың мақтанышы – “Бәйтерек” монументінің бейнесінде жасалған арақтың енгені өз басыма ұнамады. Біраз тұрып, жан-жағыма қарап едім, “Алтын адам”, “Қазақстан”, “Хан” деген ұзын мойындар аз емес екеніне көзім жетті. Өкініштісі сол, олардың кез келгенінен ортасында сәуле тараған күн бейнесі, оның астыңғы жағында қалықтаған дала қыраны сияқты Мемлекеттік рәміздерді көруге болады. Тіпті, алтын қазынамыздың бірі болып саналған Туымыздың да осы шөлмектердің бірқатарына жапсырылғанын көріп, қатты назаландым. Осындай көрініске қарап тұрып: “Бұл қалай, мұндай жөнсіздікке неге жол беріледі екен?” деген сауал мазалай берді мені. Бірақ оған жауапты кімнен аларсың?..
Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуін және айналымын мемлекеттік реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы құжатта (Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 18 маусымдағы №210-V Заңы) алкоголь өнiмiн таңбалау, сақтау, өткізу сияқты қажетті мәселелер қамтылып, арнайы баппен бекітілген. Оның ішінде күшті алкоголь өнімдерін сату уақытына қойылған шектеу, сатып алушының жас ерекшелігі тайға таңба басқандай көрсетілген. Айта кететін бір жайт, осындай заңдарға толықтырулар енгізіліп, спирттік ішімдіктердің жасалуына байланысты нақты тәртіп бекітілсе, жақсы болар еді. Оның ішінде Мемлекеттік рәміздерді шөлмек сыртына орналастырмау, танымал адамдардың есімдерін қолданбау, алкоголь өнімдерін шығарғанда сыртқы пішінін ел мақтанышына айналған мүсіндерге, ғимараттарға, тарих қойнауынан сыр шертетін архитектуралық ескерткіштерге ұқсатпау туралы жазылып, заңды белден басқандар жауапқа тартылса, ұлттық құндылықтарымыз осынша қорланбас еді.
Қамығып тұрғанымда: “Мама, “Бәйтеректің” ішіне неге су құйып қойған, ертегіде олай деп айтылмаған ғой?” – деген қызымның сұрағы жүрегімді тіліп жібергендей болды. Иә, сөз тапқанға қолқа жоқ. Бала болса да, оның айтуы дұрыс. Су дейміз-ау, бұл, шындығына келгенде, “жынды суды” көбірек сатудың тағы бір түрі екенін айтуға, тіпті аузың да бармайды екен. Сондықтан оның сұрағын естімеген сыңай танытып, үндемей қалуға тура келді. Осы оқиғадан бірнеше күн бұрын ғана қызым: “Мама, бүгін тәрбиешіміз Бәйтерек туралы әңгіме айтты, сосын біз оның суретін салдық, міне”, – деп аппақ қағазға шамасы келгенше әдемілеп салған суретін көрсеткен. Сол күні кешкі ұйқы алдында мен оған бейбітшілік ұялаған “Бәйтерек” аңыз-ертегісін айтып бергем. Енді, міне, айналып келгенде алдымыздан мынадай көрініс қылаң етіп шыға келді. Осыдан кейін балалар ертегіге қалай сенсін?..
Қазір ойы жеткен адамға ақша табудың жолы аз емес. Қалғанын айтпағанда, Астанадағы сәулет өнерінің бірегей туындысы болып табылған, Қазақстанның символы, халқымыздың бірлігі, татулығы, қайта өрлеуінің белгісі іспетті “Бәйтеректің” де берекесін кетіріп, құтын қашырып, оны шыны шөлмекке айналдырып, ішіне арақ құйып қойғанымызға жөн болсын?!
Осыдан үш-төрт жыл бұрын қазақтың киелі домбырасы да дәл осындай “күйді” басынан кешкенін көпшілік әлі ұмыта қойған да жоқ шығар. Ол кезде де біз қарап отыра алмай, мұндай масқараға мақаламен болса да өз наразылығымызды білдіріп, үн қосқанбыз. Көптің шуы әсер етті ме, әйтеуір, біраз уақыттан соң ондай шыны шөлмектер сатылымнан алынған сияқты. Енді, міне, “жылы” орынға “Бәйтерек” жайғасқанын да көріп және соған көніп отырмыз.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.