Елімізде төтенше жағдай жарияланғанына бір жарым айдай уақыт өтті. Күні кеше ел алдына шығып, маңызды мәлімдеме жасаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев карантин режімі 11 мамырға дейін ұзартылғанын айтты. Бұл – елдің, халықтың амандығы үшін жасалған аса қажет шешім. Осыған дейін дер уақытында қабылданған шаралардың арқасында инфекцияның қарқыны төмендеді. Мемлекет басшысы өз сөзінде: “Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да, халықаралық сарапшылар да Қазақстанның іс-қимылын оң бағалап отыр”, – деп бұл осыған дейін қабылданған қатаң шаралардың, оны сақтаған ел тұрғындарының шыдамдылығының өтеуі екенін айтты. “Мылтықсыз майданда” еліміздің оң нәтижеге қол жеткізуі шектеу шараларын жеңілдету жолдарын қарастыруды бастауға мүмкіндік беріп отыр. Бұл шешімнің астарында халықтың тұрмысын жақсарту көзделген. Мәселен, 28 сәуірден бастап өндірістік кәсіпорындардың, құрылыс және жол-құрылыс компанияларының, көлік компанияларының, бірқатар қызмет көрсету салаларының, екінші деңгейлі банктердің жұмысы қайта басталды. Сонымен қатар өңірлерде басқа да қызмет көрсетуші компаниялардың жұмыс істеуіне жол ашылды. Бұл шаралар республика бойынша 530 мыңға жуық азаматтың жұмыс істеп, табыс табуына мүмкіндік береді.
Дегенмен, коронавирус қауіпі әлі сейілген жоқ. Сондықтан қызметіне оралған барлық мекемелерде санитарлық-эпидемиялық шаралардың толық сақталуы міндеттеледі. Әр қызметкердің дене қызуын өлшеу, бетперде мен қолына қолғап кию тәртібін сақтау жауапкершілігі ұйым басшылығына да, әр жұмысшыға да артылады. Облыс орталығында тұрғындардың саяжайға баруына рұқсат етіліп, қауіпсіздік шараларын сақтау үшін бірқатар талаптар қойылып, ұсыныстар айтылды. Бұл шешімдер – экономикалық белсенділікті кезең-кезеңімен ретке келтіру, азаматтар үшін қалыпты тіршілік жағдайларын жасаудың амалы.
Төтенше жағдай бойынша мемлекеттік комиссия халықтың әр санатына қатысты өзекті мәселелерді жеке қарап, шешім қабылдап отыр. Негізгі мақсат – халықты жұмыспен қамту. Мемлекет басшысы мәлімдемеде: “Бүгінгі күні 4 миллион 250 мың азаматқа қаржылай көмек көрсетілді. 570 мыңнан астам адамға азық-түлік таратылды. Жалпы 1,1 миллионнан астам адамды азық-түлікпен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз”, – деп атап өтті. ТМД елдерінің пандемия жағдайында қабылдап жатқан шараларына шолу жасасақ, қолға алынған шешімдер ұқсас екен. Бірақ қазақстандық шаралар жиынтығында экономиканы стратегиялық міндеттер негізінде әрі қарай дамыту және қолдау қаралған. Осы бағытта қабылданған құжаттың бірі – “Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы”. Мәселен, еліміз бойынша 6 506 жоба іске асырылатын болса, өңірімізде санаулы күндерден кейін үш жүзден астам әлеуметтік сала нысандарын жөндеу басталмақ. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша баспана алған тұрғындардың ипотекалық несиелерін төлеу үш айға дейін шегерілуі де көп көмек.
Кеуделей келген қауіпті індет әлемдік өркениеттің дамуын да, қоғамның көзқарасын да өзгертті десек болады. Коронавирус карантины мемлекеттердің сынағына айналды. Біз де сол сын сағатта 30 жылда атқарған жұмысты сараладық. Ел Үкіметі мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті сыналған шақта да тағдыр тәлкегіне ұшыраған азаматтарға көмек қолын созды. Мемлекет басшысының: “Сәуір-мамыр айларында 1,6 миллионнан астам адамға коммуналдық төлем үшін көмек көрсетіледі. Азық-түліктің жеткілікті болуына және оның сапасына қатысты ұдайы мониторинг жүргізілуде”, – деген сөзі жергілікті жерде жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын көріп жүрміз. Тиісті қолдау көрсетілген жандардың айтар алғысы шексіз. Өңірімізді індетпен бірге көктемгі су тасқыны да әлекке салды. Осы бір қысылтаяң шақта ел азаматтарының адамгершілік биігінен көрінгені көңіл қуантады. Кәсіпкерлер жалға алушыларды жалдау ақысынан босатып жатса, түрлі қоғам өкілдері індетпен де, су тасқынымен күресте де қолдан келер көмектерін аямады. Жергілікті билік органдары әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын бақылауда ұстап отыр. “Нан болса, ән болады” деген халқымыз, уақытша қиындыққа мемлекеттің дер кезінде көрсетіп жатқан қолдауының арқасында шыдас берері анық. Бірлігіміз осындайда бекем болуы керек.
Райхан ӘБДІРАХМАНОВА,
“Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-ы облыстық филиалы директорының орынбасары.