«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бәрі балабақшадан басталады

Қазақстан Республикасының білім және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Құжат “100 нақты қадам” Ұлт жоспары бағдарламасы негізінде әзірленді. Онда 2020 жылы барлық мектепке дейінгі ұйымдарды арнайы жоғары және кәсіптік-техникалық білімі бар педагогтермен қамту көзделген. Осыған орай “Мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру” мамандарын даярлауға мемлекеттік тапсырыс үлесі жыл сайын ұлғайтылатын болады.

2016 жылдан 1-3 жас аралығындағы бүлдіршіндерді дамытуға арналған мектепке дейінгі тәрбие мен білім берудің жаңартылған жалпыға міндетті стандарты енгізілді. Соған сәйкес мектепке дейінгі мекемелерге қазақ, орыс, ағылшын тілдерін оқыту бағдарламасының тетіктері және балғындардың дамуы мен дағдыларын бақылайтын көрсеткіштер жүйесі жасалып, енгізілуде. Ол көрсеткіш оқу жылының басы, ортасы және аяғында бақыланып, оның негізінде әр бүлдіршіннің жеке даму картасы толтырылады. Оқу-әдістемелік кешендер, соның ішінде ерекше оқытуды қажет ететін балаларға арнайы бағдарламалар дайындау жұмыстары жалғасуда.

Алты жастағы балаларды 12 жылдық мектептердің бірінші сыныбына даярлау 2019-2020 оқу жылына ауыстырылады.

2017-2018 оқу жылынан бірінші сынып оқушылары бастауыш сыныптардың жалпыға міндетті жаңа мемлекеттік бағдарламасы бойынша оқытыла бастайды. Бүгінгі күні оны апробациядан өткізіп жатқан педагогтердің айтуынша, жан-жақты қамтылған жаңа бағдарламаны игеру үшін балалар бірінші сыныпқа келген бүлдіршін онға дейінгі сандарды және санауды, қоршаған ортаны тану тақырыптарын, өсімдіктер, жануарлар мен адамдар өміріндегі жыл мезгілдеріне қарай өзгерістерді білуі тиіс.

Балалар алғашқы сабақтан-ақ буындарды қосып оқу, сурет қиындыларынан мақалдар құрастыру, сөздің түсіп қалған әрпін табу, тағы басқа осы сияқты тапсырмаларды орындайды.

Бастауыш білім берудің негізгі міндеті – өмірлік маңызы бар біліктілікті бірінші сыныптан бастап қалыптастыру. Атап айтсақ, оқушының өз бетімен оқу, ұжыммен ынтымақтаса жұмыс істеу, алғашқы зерттеушілік дағдысының болуы маңызды.

Күлпаш ҚАЛҒОЖИНА,

облыстық білім басқармасы

басшысының орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp