
Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында полицейлердің балаларына арналған жаңажылдық ертеңгіліктер өтті.
Көптеп күткен мерекеге балалар ата-аналарымен келді. «Санта-Клаус Аяз атада қонақта» атты көңілді іс-шара басталмас бұрын балғындар ата-аналарымен ертегі декорацияларын тамашалап, суретке түсті. Мейірімді Санта, жұмбақ бақсы, күлкілі сайқымазақ кейпінде болған кәсіби әртістер бүлдіршіндерге, барша меймандарға мерекелік көңіл-күй сыйлауға тырысты. Балалар шыршаны айнала ән айтып, өз өнерлерін ортаға салды. Ертеңгілік соңында «Волшебник изумрудного города» ертегісінің желісімен әзірленген қойылым сахналанды.
Осы жылдың соңғы аптасында өңірімізде «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу шарасы өткізілуде. Барлық полицейлер мереке қарсаңында қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында күшейтілген тәртіпте жұмыс атқаруда. Осындай қызметтің қауырттығына қарамастан, ертеңгілікке келген ата-аналар балаларының көңілін аулап, оларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлауға талпынды.