«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БӘРІ ДЕ ДАЙЫНДЫҚТАН БАСТАЛАДЫ

Еліміздің жалпы орта білім беру жүйесі 12 жылдық білім беруге көшуге дайындалуда. Үстіміздегі жылдың ақпан айынан бастап бастауыш білім беру стандартының жобасы зерттеліп, талдану үстінде.

Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын және 2014-2016 жылдарға арналған білім беруді дамытудың басым бағыттарын іске асыру аясында Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы “Назарбаев Зияткерлік мектептері” ДББҰ бірлесе отырып, орта білім мазмұнын жаңарту жөнінде жұмыс жүргізуде.

2015-2016 оқу жылында 1-сыныпта оқытудың жаңа форматының құрылымы мен мазмұнын апробациядан өткізу жоспарланып отыр. Сынақ алаңы ретінде еліміздің барлық өңірлерінен жалпы білім беретін 30 мектеп анықталды. 2015-2016 оқу жылында орта білім мазмұнын жаңартуды апробациялау бойынша білім ұйымдарының тізіміне Петропавл қаласындағы №16 орталау мектеп те енгізілді.  

Осыған байланысты мектепте дайындық жұмыстары жүргізілуде. Соның ішінде оқу жоспарына бірқатар пәндер енгізілді. “Ғылымға кіріспе” пәніне даярлау және зерттеу, оқушылардың ойлау, коммуникативтік дағдыларын қалыптастыру, білімге құмарлығын, ғылыми түсінігін дамыту мақсатында 1-4-сыныптарда таңдау бойынша “Қарапайым ғылым” курсы оқытылады. Сонымен қатар, бастауыш сынып оқушыларының ақпараттық сауаттылықтарын дамыту, ақпараттық-коммуникативтік технологиялар біліктілігі негіздерін қалыптастыру, алгоритмдік және қисындық ойлау қабілеттерін арттыру мақсатында таңдау бойынша “Робот техникасы” курсы жұмысын бастады.

Бастауыш білім берудің жаңартылған мемлекеттік стандартында тәрбие жұмысына да ерекше көңіл бөлінуде. Әсіресе, баланың рухани-адамгершілік тәрбиесіне байланысты тапсырмалар күшейтілді. Бала бойындағы рухани негізді қалыптастыруға, оның жақсы қасиеттерін дамытуға бағытталған шараларға зор мән беріліп отыр. Осыған байланысты мектептің тәрбие үдерісі Стивен Ковидің “Аса нәтижелі адамдардың 7 дағдысына” негізделіп, жүзеге асырылатын болады. Мұндағы басты бағыттар ретінде тұлғаның көшбасшылық, коммуникативтік қасиеттерін дамыту көзделген. Оқушылардың өз-өзіне, мектепке, мұғалімдерге және ата-анасына деген қарым-қатынасына да ерекше мән беріледі.

Білім беру мазмұнын жаңартуды енгізуге дайындық жұмысы бойынша мәселелер жыл бойы педагогтер кеңестерінде, директорлардың қатысуымен өтетін жиналыстарда қарастырылып, реттеледі. Әкімшілік пен мұғалімдер кестеге сәйкес бастауыш білім берудің жаңартылған мемлекеттік стандарты бойынша біліктіліктерін арттыру курстарынан өтеді.

Данияр УӘЛИЕВ,

№16 орталау мектептің директоры.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp