«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БӘРІ ДЕ ЗАҢ АЯСЫНДА ШЕШІМІН ТАБАДЫ

“Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Ерік Сұлтанов жеке мәселелерімен келген өңір тұрғындарын қабылдады.

Бірінші болып Аққайың ауданының Аралағаш ауылында тұратын соғыс ардагері Әмірхан Мұқановтың тілегі тыңдалды. Соңғы уақытта денсаулығының күрт нашарлағанын айтқан 92 жастағы ақсақал ауылды жерде жүріп-тұру қиындық тудыратындықтан, облыс орталығынан пәтер берілсе деген өтінішін білдірді. Соғыс ардагерлері – Бескөл ауылының тұрғыны Константин Дедов пен Тимирязев ауданының орталығында тұратын Тілеген Игенбаевтың да тілектеріне Ерік Хамзаұлы заң талабына сәйкес соңғы бес жылда ардагерлердің атында үй-жай болмаса, онда бұл мәселенің еш кедергісіз шешілетінін айтты.

Қабылдауға келген интернационалист-жауынгер Виктор Насонов пәтерді ақысыз жекешелендіру мәселесінде кездескен бірқатар қиындықтармен бөлісті.

Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің әскери кафедрасының ғимаратын қала меншігіне қайтарып, бұрынғы балабақшаны қалпына келтіруге қатысты мәселені көтерген Валерий Гладышев әскери кафедраны орналастыру үшін университет аумағындағы жекеменшік ғимаратын сатуға дайын екендігін айтты. Өңір басшысы кезінде “Жемчужина” деп аталған 280 орындық балабақшаны бүлдіршіндерге қайтару мәселесін қолдайтынын жеткізіп, қала басшысына аталмыш мәселемен айналысуды тапсырды.

Бескөл ауылының тұрғыны Бермет Мұстафина Жамбыл ауданының Баян ауылындағы 56 гектар жерін қайтара алмай жүр. Оның айтуынша, 2005 жылы бұл жер меншік иесінің рұқсатынсыз, ешбір келісімшартсыз “Баймекен” шаруа қожалығына өтіп кеткен. Содан бері құзырлы органдардың табалдырығын тоздырған көпбалалы ана әділдікті партиядан іздеп келіпті. Өңір басшысы бұл мәселені жеке бақылауына алатынын айтты.

“Ракета” саяжай қоғамының төрайымы Ирина Белованың саяжайды сумен қамтамасыз ету жөніндегі өтініші де алдағы уақытта оң шешімін табатын болды.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp