«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БӘРІ ҚОҒАМНЫҢ ТЫНЫШТЫҒЫ ҮШІН

Көпшілік биылдан бастап еліміздің Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенінен хабардар. Жұртшылықтың құқықтық сауаттылығын арттыру заң мамандарының еншісінде. Сондықтан ел тұрғындары өз құқығын білмеуден зардап шекпеуі керек. Осыған орай қолданыстағы заңнамалық құжаттағы өзгерістер мен толықтыруларға тоқталуды жөн көрдік.

Әкімшілік шаралар төмен жазаларға алмастырылып, ескерту түріндегі әкімшілік жазалар кеңейтілді, сот тәртібімен берілетін кейбір санкциялар мемлекеттік органдарға жүктелді. Осылайша, бұған дейін көпшілік тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлер еске-рілді. Мысалы, жаңа өзгерістерге сәйкес, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы ко­декс “Ұсақ бұзақылық, яғни қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларды қорлап, тиiсу, тұрғын үй жайларды қорлау және айналасындағыларды сыйламаушылықты бiлдiретiн, қоғамдық тәртiптi және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттер” деген редакциямен толықтырылды. Бұл – 434-2 бап, “Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау” деп аталады. Онда құқық бұзушыларға төмендегідей жазалар бекітілген: ортақ пайдаланылатын орындарды, саябақтарды, скверлердi ластау, оның iшiнде белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау – бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді. Әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттерге он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Бұл шаралар қоғамдағы теріс қылықтарға нөлдік төзімділік қалыптастыруды көздейді.
Бұрын іс сотқа түскенде ғана кінәлі тұлғалар темекі тұқылын лақтырудың, көшеде сыра ішудің, саябақта шемішке шағып, ортаны ластаудың заңға қайшы екенін, ол үшін айыппұл қарастырылғанын біліп жататын. Ал жаңа өзгерістерге сай бұған дейін соттардың құзырында болып келген бұл істер тәртіп сақшыларының қарауына беріліп отыр. Заңның жаңа редакциясына сәйкес көпшілік орындарды ластаушыларға полиция департаментінің қыз­меткерлері айыппұл сала алады. Бұл өзгеріс судьялардың жүктемесін төмендетті, азаматтарды да сотқа сүйреп, әуре-сарсаңға салмайды. Бұрын полиция қызметкерлері тәртіп бұзған азаматты анықтап, куәларды тауып, содан кейін ғана хаттаманы сотқа жолдайтын. Іс сотта қаралып, шешім шығып, айыппұл мемлекет қазынасына түскенше де біраз уақыт өтетін. Енді бар түйткілді полиция қызметкері оқиға орнында шешіп, хаттама толтырып, айып­пұлды өзі сала алады.
Сонымен қатар жаңа заңға сәйкес кейбір жаза түрлері қатаңдатылды. Соңғы жыл­дары жол көлік оқиғаларының жиілегеніне көз жеткізіп отырмыз. Кінәлілердің көбі көлік құралын ма­с күйде басқарып, жауапсыздық танытатын. Жазаның жеңілдігінен кейбір жүргізушілер қоғамға үлкен қауіп төндіріп келді. Осыған орай, мас күйде “темір тұлпардың” рөліне отырғандарға жаза едәуір ауырлады. Яғни, бұдан былай көлік құралын бірінші рет мас күйде басқарған жүргізуші 7 жылға рөлге отыру мүмкіндігінен айырылады. Бұдан бөлек 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алы­нады. Ал мас күйде денсаулыққа қылмыс­тық іс-әрекет белгілері жоқ зиян келтірген немесе материалдық шығынға әкеп соққан жол көлік оқиғасын жасаса 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылып, 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынады. Әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде жүргізуші бұл әрекетін тағы да қайталаса, онда тағы да 20 тәулікті оқшаулағышта өткізіп, 8 жылға куәлігімен қоштасады. Медициналық куәландырудан бас тартып, құзырлы органның заңды талабын орындамайтындар да аз емес. Мұндай жағдайда олар 15 тәулікке түрмеге тоғытылып және 8 жылға куәлігінен айырылады. Сондай-ақ, көлік құралын басқару құқығынан айырылса да, құжатсыз рөлге отыратындар бар. Олар 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеп, 10 тәулікке қамалады.
Заңға енгізілген тағы бір маңызды өзгеріс – отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатыс­ты болып отыр. Яғни, бұған дейін отбасы мүшелеріне дөрекі сөйлеп, қорлап, кемсiтіп, үйдегі заттарды бүлдiріп және тыныштығын бұзған әрі көршілердің де мазасын алғандарға ескерту жасалатын немесе үш тәулiкке қамауға алынатын. Енді мұндай басбұзарлар бес күнге дейін темір торға тоғытылады. Сондай-ақ, Әкімшілік кодекстің 73-1 бабы, яғни денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргендерге ескер­ту жасалады немесе 15 тәулiкке оқшаулағышқа қамалады. Сондай-ақ, жаңа заңға сәйкес бала-шағасына қол көтеруге құштар жандар да жазасыз қалмайды, оларға да ескерту жасалады немесе 10 тәулiкті түрмеде өткізеді.

 

Мұрат МҰҚАНОВ,
Солтүстік Қазақстан облыстық сотының судьясы.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp