20-30 жас аралығындағы жас мамандардың мансапқа ұмтылыс жолы соқпақты да соқтықпалы келеді. Жоғары білім, бойда күш-жігер бола тұра, олар қызмет жолында бірқатар қателіктерге бой ұрады. Жастардың сол кемшіліктерге жол бермеуі үшін газетіміздің “Жас қыран” қосымшасы “Кеңес” атты жаңа айдармен психолог мамандардың ақыл-кеңестерін беріп тұрмақ.
АЛҒАШҚЫ ЖҰМЫС КҮНІ
Алғашқы жұмыс күнінде жаңадан келген маман ұжыммен танысуы керек. Әуелі басшылықпен, яки ұжым жетекшісімен жақынырақ байланыс орнатып, негізгі міндеттеріңізді анықтап, басын ашып алыңыз. Бірге жұмыс істейтін әріптестеріңіздің есімдерін жаттап алып, барлығына ізеттілік білдіріңіз. Жұмысқа жаңа орналасқан сізге, әлбетте, алғашқы кездері қиын болары сөзсіз. Сондықтан да қолыңызға қалам алып, олардың есімдерін қойын дәптеріңізге түртіп жүріңіз.
“СІЗДІ” БІРДЕН “СЕНГЕ” АЛМАСТЫРМАҢЫЗ
Көпшілік ата-анасына, бауыр-ағайындарына, құрбы-құрдастарына “Сен” деп сөйлейді. Алайда, жұмыстағы жандардың жөні бір бөлек. Сондықтан да барлығына құрметпен қарап, ізеттілік танытып, әдептілікті сақтай отыра, “Сіз” деп тіл қатыңыз. Бұл қарым-қатынасыңыз арқылы ұжым мүшелерінің оң көзқарасына, ыстық ілтипатына ие бола бастайсыз.
Гүлбану СҰРАҒАНОВА,
психолог.