«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК — УАҚЫТ ТАЛАБЫ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” Қазақстан халқына Жолдауы мен “Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол” атты бағдарламалық мақала­сы бүгінгі күннің көкжиегінен қарағанда әлемде қалыптасқан ахуалды және қоғамның қажеттілігін ашып көрсеткен құжаттар болып табылады.

Тәуелсіздік жылдары мем­лекетіміз сан қилы қиындықтарды сәтті еңсергенін жақсы білеміз. Осыған дейін де дағдарысқа қарсы жоспарлар жа­са­лып, оңтайлы жүзеге асырылды. Осын­дай өмірлік тәжірибелердің дағ­да­рысты жеңуге көмектесетіні Елбасының осы Жолдауында да жан-жақты айтылды.

Дағдарыстан бүкіл әлем елдері етек-жеңдерін қымтап жатқан тұста біздің мемлекетіміз әр қазақстандықтың жайлы да бақуатты тұрмыс кешуіне жағдай жасауға ұмтылуда. Соның дәлелі – тұрғындардың әлжуаз топтарын қорғау бағытындағы жұмыстар жаңаша серпінге ие болмақ. Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақы және жәрдемақы мөлшері артты. Біздің ауданда да әлеуметтік қолдауды кеңейту мақсатында шартты ақшалай көмек көрсетуді қарастыратын “Өрлеу” бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жұмыс басталды. Сондай-ақ, халықты жұмыспен қамту бағытында жоспарланған іс-шараларға сәйкес 2016 жылдың басынан 286 жұмысқа зәру тұрғын еңбекке араласты. Соның 220-сы – тұрақты, ал 66 адам уақытша жұмысқа тұрды. Қоғамдық жұмыстарға 30 адам жіберілсе, 4 жұмыссыз кәсіби даярлықтан өтті.

Биылғы жылы әлеуметтік қолдауды күшейту мақсатында “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасын іске асырудың шаралары әзірленуде. Былтыр осы бағдарламаға 306 адам қатысқан болатын. “Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту арқылы жұмыс орындарын құру” бағыты шеңберінде жалпы құны 30,2 миллион теңге тұратын 3 жоба жүзеге асырылды. Нақтырақ айтар болсақ, Мамлютка қаласының апаттық медициналық қызметі облыстық базасы медициналық қоймаларының қоршауы және “Ақ бота” балабақшасы ғимаратының шатыры қалпына келтіріліп, Новомихайловка ауылдық клубы күрделі жөндеуден өтті.

“Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасының екінші бағыты “Кәсіпкерлікті және тірек ауылдарды дамыту арқылы жұмыс орындарын құру” болып табылады, бұл мақсатқа ел қазынасынан бөлінген 30,5 миллион теңге 14 тұрғынның өз ісін ашу туралы өтінішін қанағаттандыруға бөлінді. Бұдан бөлек 7,5 миллион теңге инвестицияланған несиелер бойынша бөлінді. Тағы да бағдарламаға қатысушы 20 адамға 32,09 миллион теңге несие берілсе, 4 тұрғын 7,5 миллион теңгенің инвестицияланған несиесіне қол жеткізді. Шағын несие алушылар есебінен қосымша 20 жұмыс орны ашылды. Алдағы уақытта олардың қатары тағы да толықпақ, өйткені, 19 адам кәсіппен айналысу үшін білімдерін жетілдіріп қайтты.

Бағдарламаның “Жұмыс берушінің қажеттіліктері аясында оқуға және жұмысқа орналасуға әрекеттесу, қоныс аудару” бағытына сәйкес тұрғындарға көшу субсидиялары, кәсіби дайындық курстарында оқуға, қайта даярлауға және біліктілікті арттыруға, сондай-ақ, жаңа тұрғылықты жерге жұмысқа орналасуға көмек берілетіні белгілі. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен біздің аудан үшін 4,5 миллион теңге бөлініп, 11 тұрғынның оқуы төленді, 15 түлек “Жастар практикасына” сәйкес еңбекке араласты және 21 жерлесіміз әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылды. Сондай-ақ, 225 адам тұрақты жұмысқа қабылданды.

Кәсіпкерлердің қатарын көбейту арқылы аудан экономикасына серпін беруді көздегендіктен, шағын және орта бизнес саласын дамытуға мүдделіміз. Бүгінгі күні ауданда кәсіпкерліктің 856 субъектісі тіркелген. Былтыр іскер азаматтардың қатары әжептәуір толыққанын да мақтанышпен айтқым келеді. “Талапкер” ауылдық несие серіктестігі 350 миллион теңгеден астам қаржыға 31 несие рәсімдесе, аудандағы шағын несиелеу ұйымдары 2 миллион теңгенің 14 өтінішін қанағаттандырды. “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының игілігін қолынан іс келетін азаматтар сезініп жүр. Өткен жылы 4 кәсіпкер 10,7 млн. теңгенің мемлекеттік қолдауына ие болды. Жеке кәсіпкер Геннадий Ивановқа күркетауық өсіретін ферма ашу үшін 1,7 миллион теңгенің гранты беріліп, Елена Трошихина балықтың бағалы түрлерін өсіру үшін биотехнологияларды енгізуге 3 миллион теңге қайтарымсыз қаржы алды.

Біздің өңіріміздің табиғаты ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы. Мамлют ауданында да егін егіп, мал өсіруді кәсіп қылғандар аз емес. Әсіресе, асылтұқымды мал санын көбейтуге ниет танытқан шаруалар баршылық. Бүгінгі күні бізде 62 мал фермасы жұмыс істейді, соның 11-інде “Қазақтың ақ бас” “Ангус”, “Қалмақ”, “Симменталь” тұқымды ірі қара түрлері өсіріледі. Ал “Мәмбетов және К”, “Белое Агро”, “Житница”, “Қызыләскер” серіктестіктерінде мал басының генетикалық әлеуетін арттыратын репродуктор бар.

Мал шаруашылығын дамыту және “Сыбаға” бағдарламасы арқылы қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру үшін жеке қаражат есебінен 100 миллион теңгеден астам қаржыға 650 бас сатып алынды. “Құлан” бағдарламасы да жылқы шаруашылығын дамытуға мүмкіндік беріп отыр. Шаруалар өз қаражатына 184 бас жылқы сатып алып, төрт түлік төресінің санын көбейтті. Бұл мақсатқа 53,6 миллион теңге жұмсалды. Сондай-ақ, “Алтын асық” бағдарламасының тиімділігін түсінгендер жайылымдағы қой санын 330 баспен толықтырды. Бұл бағыттағы жұмыстарды биыл да жалғастыруды көздеп отырмыз. Сондықтан мал өсіріп, пайда табуды жоспарлағандарға қолдау көрсетіліп, көмек берілетін болады.

Мемлекет басшысы жүктеген міндеттердің бірі – инвестиция өсімін арттыру. Аудан экономикасына инвестиция тарту арқылы жоғары технологиялық өндіріс құруды, көптеген кәсіпорындарды жаңартуды және жұмыс орындарының қатарын көбейтуді, ішкі нарықтың сұранысын отандық өнімдермен толтыруды көздейміз. Бұл мақсатта ауқымды жоспарлар жүзеге асырылмақ. Биылғы жылы ауданымызда 2 миллиард теңгенің инвестициялық жобасы іске қосылады. “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігі 600 басқа арналған жалпы құны 1,8 миллиард теңге тұратын сүт кешенінің құрылысын жоспарлап отыр. Нағашыбай Барлыбаев жетекшілік ететін “Асхат Агро” ЖШС-і Мамлютка қаласында сыйымдылығы 20 мың тонналық элеватор салмақшы. Жоба құны – 400 миллион теңге. “Оптимум Петро” серіктестігі (директоры – Раиль Мендеев) құны 150 миллион теңге болатын майлы дақылдарды өңдеу зауытын ашуды көздейді. Сонымен қатар, биыл пайдалануға берілуі тиіс шұжық цехы, наубайхана, лакпен сырлау өнімдерінің, құрама жемазық цехтары, қаз фермасы, күркетауық және форель өсіретін кәсіпорындар арқылы аудандағы шағын және орта бизнес субъектілерінің қатары көбейетін болады. Осындай жұмыстар нәтижесінде қосымша 93 жұмыс орны ашылады. Үстіміздегі жылы Еркебұлан Мәмбетовтің басшылығымен құрамына 11 агроқұрылым енген ауыл шаруашылығының кооперативі ашылды.

Мемлекет басшысының “Қазақстан жаңа жаһандық ахуалда: өсім, реформалар, даму” атты Жолдауында 2017 жылдан бастап “Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру” жобасы іске асырылатыны айтылған. Президент атап айтқандай, мемлекет әр адамға алғашқы техникалық білімді тегін алуды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, Елбасы жастарды жұмысшы мамандықтарын игеруге шақырды. Осыған орай бүгінгі күні аудан түлектерінің техникалық мамандықтарға ынта-ықыласын арттыру үшін кәсіптік бағдарлау жұмысы жүргізілуде. “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы – жастарды қолдауға арналған жобалардың бірі. Былтыр 10 жас маман аталмыш бағдарламамен ауданымызға қызметке келді. Оларды әлеуметтік қолдауға 1,4 миллион теңге қаржы жұмсалды. Сегіз маманға 4,9 миллион теңгеге бюджеттік несие берілді. Ал биыл жас қызметкерлердің қатары тағы да 10 маманмен толығып, бұл мақсатқа 1,5 миллион теңге жұмсалатын болады. Баспана сатып алғысы келетін 3 маманға бюджет қаржысынан 9,5 миллион теңге төлеу жоспарланған. Қуатты ел бәсекеге қабілетті болады. Сондықтан елі мен жеріне жанашыр жастардың ауданымызды көркейтуге сүбелі үлес қосарына сеніміміз зор.

Ерболат БЕКШЕНОВ,

Мамлют ауданының әкімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp