«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БӘСЕКЕЛЕСТІККЕ ТӨТЕП БЕРЕМІЗ

Біздің жауапкершілігі шектеулі серіктестік ұн үгумен, нан пісірумен және қара мал өсірумен айналысады. 70-ке жуық адам еңбек етеді. Кәсіпкерлікте жұмыстың табысты болатын кезі де, қиындықтарға шырмалып қалатын уақыт та болады. “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” дегендей, ұжым қандай қиыншылық болсын шыдамдылық және қолдау танытты. Сол үшін мен оларға ризамын.

Кәсіпорын бүгінде өзінің бағыттары мен ұстанымдарын айқындап алған. Үккен ұнын Тәжікстан, Өзбекстан, Ауғанстан және Ресей нарығына шығарады. Елдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге атсалысады. Десек те, былтырғы желтоқсан айынан бастап Ресей Федерациясындағы экономикалық жағдай қазақстандық тұтынушыларға оң әсер етсе де, кәсіпкерлерге үлкен қиындық тудырды. Отандық тауарлардың сатылуы төмендеді. Бұл біздің шаруашылықтың тауар айналымынан да байқалды. Бұл жағдай тауардың таратылу географиясына кәдімгідей әсер етті. Менің ойымша, теңгені еркіндікке жіберу саясаты биылғы жылдың басында қолға алынса, кәсіпкерлердің жағдайы осынша төмендемес еді.  

Бізге экспорттан әкелінетін тауарлар көп. Ел аумағында Дүниежүзілік сауда ұйымының шаралары жүргізіле бастаған кезде, тіпті көбейеді. Бұл сауда-саттық отандық кәсіпкерлерге қорқыныш тудырмауы керек. Өйткені, жаңа экономикалық саясат – үлкен нарыққа апаратын жол. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел экономикасына орта және шағын кәсіпкерліктің қосатын үлесіне үлкен басымдық беріп отыр. Ал Үкімет ауыл шаруашылығын түрлі бағдарламалармен қолдайды. Осының барлығы – іскер адамға жұмыс істеу үшін жасалып жатқан жағдай.

Біздің шаруашылықтың еңбеккерлеріне жаңа сын сағаты басталды. Баршамыз табысымызды молайту үшін әрі қарай аянбай еңбек етуге дайынбыз. Бүгінгі нарық талаптарын ұстана отырып, халықаралық стандарттарға сай өніммен ғана бәсекелестікке төтеп бере аламыз. Жаһандық нарық сапа мен бағаны ұстануды әу бастан талап етеді. Ол үшін өндірісті жаңғыртып отырудың жөні бөлек. Тағы бір мақсатымыз – заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталу. Ішкі нарықтағы абырой, сыртқы нарыққа шығуға талпыныс жолында кездесетін барлық қиындықтарды жеңіп шығамыз.

Шадид СЕЛЬМУРЗАЕВ,

“Беркат” ЖШС-нің директоры.

 Тайынша ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp