“Артель” дүкеніне қойылған тауарларды қызыға тамашалап, үлкен залдың бұрыш-бұрышын қалай аралап шыққанымды сезбей қалдым. Заманауи жаңғыртылған ескі үлгідегі жиһаздар, аңыз кейіпкерлерінің мүсіндері, ұлттық үлгідегі бұйымдар, кәдесыйлар ертегі әлеміне жетелейтіндей.
“Ағаш пен темірден түйін түйген екі дос біреуге жалданып жұмыс істепті. Алтын қолды шеберлер неше түрлі бұйымдар жасап, жұртты күнде таңғалдырғылары келеді. Бірақ қиялы ұшқыр жігіттердің ойын қожайын қолдамайды. Мысы басылып, ынта-жігерлері сөніп бара жатқан қолөнершілер бір-біріне аяушылықпен қарап, күрсінеді екен. Күндердің күнінде екеуі еңселерін көтеріп, өз шеберханаларын ашуға бел буыпты…”.
Бұл таңғажайып ертегіге ұқсағанымен ондағы деректер шынайы. Виталий Мазеев пен Сергей Шушаков біреудің қоластында жұмыс істеп, 2010 жылы жеке кәсіпкерлік ашып, шеберхана іргетасын қалағандары рас. Нарыққа таңсық бұйымдар жасап жұрттың назарын өздеріне аударуды көздеген шеберлер шығармашылық ізденіспен айналасына білікті ұсталарды жинап, қаржылық ахуалды жақсарту жолында туындаған біраз қиындықты бірге еңсерді. Арманды арман қуалап, алға қойған мақсаттарының шыңына жету үшін тынымсыз еңбек еткен қолөнершілер бүгінде сексен адамды жұмыспен қамтып отыр.
Ағаш пен темір өңдеу, жиһаздар мен бұйымдар жасау кең тараған кәсіп екендігі аян. Бүгінгі таңда отандық жиһаз жасаушылар тұтынушының талабы мен талғамына қарай тауардың түр-түрін ұсынады, қажет етсе арнайы тапсырыспен кез келгеннің көңілін табады. Сырттан енгізіліп жатқан импорт бұйымдарға бәсекелестік таныту қажет. Яғни, бұл – бәсекелестіктің қайнаған қазанындағы кәсіп. “Артель СК” – басқаға ұқсамайтын даралығымен нарықта ойып алар орны бар шеберхана. Алты жылдың ішінде жан-жақты толыққан серіктестіктің ауыз толтырарлық жетістіктерін атап айтпау мүмкін емес. Сапалы да табиғи шикізаттан жасалатын бұйымдары бір-бірін қайталамайтын үлгісімен ерекшеленіп, жылдан-жылға тұтынушылар қатарын қалыңдатып келеді. Компанияның өнім бағасын белгілеудегі ұстанымы да бизнесті дамытуға ықпал етеді. Оны “Артель” сауда дүкенінің директоры Лилия Кравченконың сөзімен айтсақ, тауарды қымбат бағалап, сөрені лық толтырғаннан гөрі, көпшілікке қолжетімді құнмен тауар айналымын қалыптастырған тиімді деп тұжырымдалады. “Артель СК” тауарлық белгісі басылған өнімдер Қазақстанның ғана емес, Ресей нарығында да танымал. Әсіресе Қорған, Челябі, Омбы облыстарынан тұтынушылар көбейіп келеді. Қазақстан нарығындағы беделі жылдан-жылға арта түсуде.
“Артель СК” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – республикалық “Халық маркасы – 2016” байқауының қатысушысы. Отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету, өз өнімдеріміздің өзгелердікінен кем еместігін дәлелдеу үшін ұйымдастырылып жүрген бұл жобаның мазмұны тереңде. Артельдіктер екі жыл бойы “Халық маркасы” белгісін иеленіп, өнімнің таратылу географиясын кеңейтуге, тұтынушылар қатарын қалыңдатуға серпін алмақ. Байқау халық арасында жақсы пікір қалыптастырған өнімдерге басымдық беретінін ескерсек, солтүстікқазақстандық компанияның бүгінгі қадамын үлкен жетістік деп білеміз.
– “Халық маркасы” байқауын ұйымдастырушылармен шарт жасап, тауарларымызды Астана қаласында сатуға мүмкіндік алдық. Қордың президенті Римма Тәжібаеваның айтуынша, сауда орталығы “ЭКСПО – 2017” халықаралық көрмесінің қонақтары тамашалайтын нысандар картасына енгізілмек. Астана нарығына шығу біздің негізгі мақсатымыз болатын. Бастапқы қадам жасалды, кейін осында филиал ашуды көздейміз, – дейді Лилия Кравченко.
Кәсіпорында жасалатын тауарлардың басым бөлігі жеке тапсырыстарға негізделген. Яғни, арнайы бұйым жасататын қалталылар аз емес. Мемлекеттік тапсырыспен жиһаз-бұйымдар жасайтын кездер де жиі болады. Серіктестік менеджерлері ғаламтор арқылы тауарларын жарнамалауды, тұтынушымен байланыс орнатуды, сауда-саттық жүргізуді жетік меңгеріп, тиімді тәсілге айналдырған. “Қызметкерлерімізге әр тұтынушының алдында үлкен жауапкершілікті сезінуге талап қоямыз. Әрбір тұтынушының көңілін табу үшін компанияда шығармашылық топ тапжылмай жұмыс істейді”, – дейді кәсіпорын басшысы. Жеке тапсырыс беру дегеннің астарында сатып алушының дара бұйымды иеленуге деген тілегі жатады. Тұтынушының талабын орындау оңай шаруа емес. Ондайда компания қызметкерлері шығармашылық ізденіспен ғаламторды шарлап, қаншама журнал-кітаптарды парақтап, мұражайларды аралап, тұтынушыға қажетті бұйымның үлгісін қалыптастырғанша тыным таппайды. Осылайша, жақсы сызба жасалып, ол шебердің қолынан өткеннен кейін таңдай қақтыратын тамаша бұйымға айналады.
“Артель СК” шеберханасының классикалық немесе лофт үлгісіндегі жиһаздары мен бұйымдары үлкен сұранысқа ие. “Біз ХІХ-ХХ ғасырдағы жиһаздар үлгісін жиі қолданамыз. Тұтынушыларға ұнайды. Ескі үлгіні жаңа технологияның жетістіктерімен түрлендірген кезде кез келген сатып алушының көңілі толады. Бұл біздің компанияның өзіндік ерекшелігі”, – дейді Лилия Кравченко. Серіктестік әкімшілігі қолөнершілердің біліктілігін арттыруға, заманауи құрылғылар арқылы кәсіпкерліктің тасын өрге қарай домалатуға болатынын әу бастан түсінген. Бүгінде шеберханада ағаш және металл өңдейтін шетелдік станоктардың түр-түрі бар. Өндіріске қолөнерге ебі бар адамдар таңдалып, оларға шығармашылық ізденіспен жұмыс істеуге мүмкіндік жасалған.
Компания басшылары бұған дейін жалға алып жүрген шеберхана ғимаратын жер телімімен қоса сатып алып, қасынан дүкен ашқаны былтыр ғана. Өндіріс орны, қойма, дүкен – барлығы бір жерде. Осы мақсат үшін компания 2014 жылы банктен несие алып, оған мемлекеттік “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша демеуқаржылық қолдау көрсетілген. Кәсіпорынның өңір экономикасына қосып отырған үлесін бір ғана көрсеткішпен сипаттап кетсек, жеткілікті деп ойлаймын. Қазақстанда Ұлттық бизнес-рейтинг одағы жыл бойы әртүрлі бағытта рейтинг жүргізеді. Былтыр “Артель СК” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сала бойынша осы рейтингтің қорытындысында облыстағы ең көп салық төлемшісінің алтын рейтинг дәрежесін иеленсе, республика аумағында екінші көрсеткішке тұрақтады. Жақында Ұлттық бизнес-рейтинг одағы республика бойынша үздік “Даму серпінін”, облыс бойынша жақсы “Өсім қарқынын” қамтамасыз еткен аталмыш серіктестікті арнайы құттықтады.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.