Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мамыр айында өткен Ұлттық инвесторлар кеңесінің отырысында жаңа мемлекеттік компаниялар құруға мораторий жариялаған болатын. Сондай-ақ, Президент Үкіметке 1 қыркүйекке дейін мемлекеттік компаниялар үшін барлық рұқсат етілген қызмет түрлеріне тексеріс жүргізіп, оларды қысқарту жөнінде ұсыныстар жасауды тапсырған еді.
Осыған орай 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейін квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға тыйым салынды. Бұл санатқа қызметін əлеуметтік салада жəне елді мекендердің тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету саласында жүзеге асыратын заңды тұлғалар; жұмыс істеп тұрған заңды тұлғаларды қайта ұйымдастыру жолымен оңтайландыру шеңберінде құрылатын заңды тұлғалар; жарғылық капиталында дауыс беретін акцияларының елу жəне одан да аз пайызы квазимемлекеттік сектор субъектілеріне тиесілі болатын акционерлік қоғамдар; Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы жəне келісімі бойынша құрылатын заңды тұлғалар кірмейді.
Кәсіпкерлік кодекстің 192-бабы 4-тармағына сәйкес акцияларының елу пайызынан астамы мемлекетке тиесілі, өз қызметін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорындар мен заңды тұлғаларды құру монополияға қарсы органның келісімімен жүзеге асырылатын болады.
Квазимемлекеттік кәсіпорынды құру бойынша шешім қабылдайтын орган монополияға қарсы ұйымға өтінішхат жолдайды. Ал жауапты мекеме күнтізбелік алпыс күн ішінде тауар нарықтарын зерттеп, қорытынды құжаттар дайындайды.
Егер бұл шешім нарықтағы бәсекені шектейтін болса, акцияларының елу пайызынан астамы мемлекетке тиесілі квазимемлекеттік кәсіпорынды құруға келісім беруден бас тартады. Сөйтіп, бұл мораторий кәсіпкерлік қызметте бәсекелестікті дамытуға мүмкіндік беретін болады.
Наталья ШАЯХМЕТОВА,
Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары.