Бүгін бәсекенің аты озып тұр. Қайда барсаң да – бәсеке. Той-томалақтан бастап, өлім-жітімнің жол-жоралғысына дейін бақталас болып кеткелі қашан. Кісі қайтқанда берілетін түрлі жыртыстар былай тұрсын, дастарқан толы қант-кәмпит, жеміс-жидектерді көргенде: “Осындай ысырапшылық кімге керек?” – деген орынды сұрақ туындайды. Әрине, мұның бәрі қолда барды қанағат тұтпай, бәзбіреулердің қылықтарын қайталау. Шыны керек, қазалы үйде кісі қайтып, қайғы жұтып жатқанда кейбіреулердің жақынын жоқтауға да уақыты болмайды. Өйткені, “дастарқанды қалай жаямыз, оған не қоямыз, келгендерге қандай жыртыс таратамыз…” деген мәселелер мұндай кездерде бірінші орынға шығып кетеді. Сөйтіп, ол күндері адамынан айрылған үйдің белсенді деген бір-екі адамы ала дорба арқалап базар жағалайды. Ондағы мақсат – матаның ең тәуірін, тәттінің ең дәмдісін сатып алып, жөн-жоралғыны барынша жоғары дәрежеде өткізу. Осының бәрін істемесек, басымыз ауырады. Өйткені, біз “өткенде бәленше солай өткізген, мен одан кеммін бе?” деген ұстанымдарды ойлаймыз. Әйтеуір, “ұят болады” дегенді арқау етіп, өлім-жітімде барымызды аямай, жиған-тергенімізді шашамыз. Осының бәрі кімге керек? О дүниелік болған адамға соңынан жақсы сөз айтып, Құран бағыштаса жеткілікті емес пе?
Бұрындары өлікті жөнелткен үйде табаққа ет салып, үстіне шелпек жауып қоюмен ғана шектелетін. Ал қазір құлақнанын жайып, ол аздай тіпті неше түрлі салаттар да істеп қойғанды көріп жүрміз. Мұндай қаракеттер қалталы адамдарға білінбес, бірақ бүгінгі нарық заманында тұрақты жұмысы жоқ, балалы-шағалы, я болмаса кембағал адамдарға ауыр тиері айдан анық. Ел ішіндегі алыпқашпа сөздерден қорқып, несие алып, я болмаса мал-мүлкін сатып, қарызға батып өлік жөнелткендердің қарасы да аз емес. Мұның барлығының салдары, біріншіден, дінді жете білмегендіктен болса, екіншіден, мақтаншақтық, бәсекелестік сияқты жаман әдеттерді жұқтырып алатынымыз.
Жақында Павлодар облысындағы Ақсу қаласына барып, қайтыс болған адамды жөнелту рәсіміне қатысқан бір танысым сол өңірдегі исламдық жол-жоралғыдағы ерекшелік жайында айтып келді. Көрші өңірде кісі қайтқан үйде дастарқанға неше түрлі тәтті тағамдар қойылмайды екен. Шайға тек қана бауырсақ пен сарымай қоюды әдетке айналдырған. Бұл құптарлық нәрсе. Көрші өңірлерден өнеге алсақ болмай ма? Шындығына келгенде, жаназа дастарқаны байлықты көрсетіп, мақтанатын жиын емес, ол – азалы жер. Өкінішке қарай, қазір қазаның өзін тойша өткізіп, қайтсек те бірімізден-біріміз асып түсуге тырысамыз. Осылайша, Алла тағала берген несібені өз қолымызбен шашып, күнәға батамыз.
Осыған мешіт маңайындағылар не айтады деген оймен облыстық “Қызылжар” орталық мешітінің ұстазы Хамзат Әділбековті әңгімеге тартқанымызда ол:
– Өлікке де, тіріге де пайдасы жоқ ысырапшылдық – үлкен күнә. Бар нәрсеге қанағат етіп, шариғатымыздың қағидасына мойынсұнған дұрыс. “Ел ішінде солай істейді екен” деп, бар жиған-тергенді жөнсіз шаша берудің керегі жоқ. Одан да жетім-жесірлерге, аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға көмектессе, сол қаражатты қарттар немесе балалар үйлеріне берсе, сауапты іс болады, – деді.
Адамды әбігерге салып, бардың малын шашатын, жоқтың артын ашатын даңғойлық жайлы біздің ойымыз осындай, құрметті оқырман. Сіз не айтасыз?
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.