Ақшаұлы Бөгенбай (1678-1775) – Жоңғар басқыншылығына қарсы азаттық жорығын ұйымдастырушылардың бірі, атақты батыр, ұлы қолбасшы. Қазақ жауынгерлері арасында зор беделге ие болған, сондықтан оны халық Қанжығалы Бөгенбай деп атап кеткен. Сырдария өзенінің жағасында дүниеге келген. Оның атасы Әлдеуік – қазақтың ханы Есімнің атақты батырларының бірі болған. Әкесі Ақша Әлдеуікұлы – заманында дұшпанына бет қаратпаған айтулы батыр, айбынды қолбасшы әскер басы.
Үмбетей жыраудың: “Алатаудай Ақшадан, асып тудың Бөгенбай” деуі де, Ақшаның қандай айбынды батыр болғанын танытып тұр. Әз Тәуке хан оның әкесіне 80 мың сарбаздан тұратын әскерге қолбасшы болуды сеніп тапсырған. Ол, сонымен қатар, өнерлі адам болған. Ұсталық өнермен айналысып, соғыс қару-жарақтарын жасаған. Бойында ақындық, айтыскерлік өнері де болған. Әкесінің өнері баласына дарыған. Бала кезінен қазақ даласының шешендік өнерін бойына сіңіріп өскен ол жігіт шағында ауылдарға барып, ру арасындағы дауларды шешіп, билердің құрылтайларына қатысқан.
Өмірден көргені көп, қазақтың белгілі тұлғалары мен батырларын таныған, заңды және қазақ-жоңғарлар арасындағы қиын жағдайды ғана емес, жоңғарларға қарсы әскери әрекеттердің тарихын да жақсы білетін Тәуке хан елді билеп тұрған кезде 1710 жылы Қарақұмда қазақ жүздерінің Төле, Қазыбек және Әйтеке билер қатысқан жиыны өтіп, билермен бірге халық жасағы өкілі ретінде Бөгенбай батыр да сайланған. Бөгенбай батырға мұндай сенімділік танытуға оның бүкіл қазақ даласына тараған әскери қолбасшылық өнері мен 1710 жылғы Сары-Кеңгір өзені жағасында жоңғарлармен болған шайқастағы ерлігі себеп болды.
Бөгенбай батырдың есімімен 1730 жылы көктемде Балқаш көлінің маңында қазақ пен қалмақтардың арасында болған шешуші Аңырақай шайқасы да тығыз байланысты. Бөгенбай, Қабанбай, Шапырашты Наурызбай, Жәнібек, Малайсары сияқты атақты батырлар бастаған қазақ қолдары мен жасақтары қалмақ әскерлеріне екінші рет күйрете соққы берді. Майдан даласында мыңдаған қалмақ әскерлері қаза тапты. Көбі қырылып, жаралы болып, жаны шықпай жатқан жау әскерінің аңыраған дауысы бірнеше күн даланы басына көтерді. Бұл жер кейін «Аңырақай» деп аталып кеткен. Аңырақайда аяусыз соққыға душар болған Шоно-Доба басқарған қалмақ әскерлері Ӏле өзенінің бойымен шығысқа қарай қашуға мәжбүр болған. Жеңісті баянды етіп, жауды өкшелей қуып, қазақ жерлерін азат ету жорығына жиналған үш жүздің әскер жасақтарының Шымкентке таяу Ордабасы деген жерде жиыны өтіп, онда қазақ әскерлерінің қолбасшысы болып Әбілқайыр және Бөгенбай батыр сайланады. Олардың басшылығымен қалмақ әскерлеріне үсті-үстіне соққы берілген. Осындай шайқастардың бірінде Бөгенбай батырмен жекпе-жекте қалмақтың қолбасшысы Шоно-Доба қаза табады. Бұл оқиға жау әскерлерінің рухын түсіріп жіберген екен. 1725-1727 жылдары Бөгенбай батыр Абылай ханмен бірге қазақ қолын басқарып, осы ұрыс нәтижесінде ойсырай жеңілген қалмақ әскері Түркістан мен Саураннан Жоңғар Алатауының арғы жағына қуылған болатын.
Бөгенбай батыр қартайған шағына дейін аттан түспеген. 1756-1758 жылдары Бөгенбай батыр Талқы түбінде Шығыс Түркістанға алғаш рет аяқ басқан қытай әскерімен қиян-кескі шайқасқа қатысты. Бұл ұрыста ол қытайларды қыра талқандап, Үрімшіге дейін қуып барды.
Бөгенбай батыр дана және аса зерделі адам болған. Ол 1761 жылы елшілік миссиямен Абылай ханның ұлы Әділді алып Қытайға барған. Батыр Торғай өзенінің жағасында қаза болған. Бұрында бұл жер “Бөгенбай сөресі” деп аталған, ал қазір “Шахта” деп аталады. Денесін Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерлеген.