Облыс әкімі Ерік Сұлтанов көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстарының барысын тексеру мақсатында Қызылжар ауданының Тепличное ауылы маңындағы бөгетте болды. Үстіміздегі жылы оны қалпына келтіруге облыстық бюджеттен 4 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Бүгіндері жөндеу жұмыстары толық аяқталған. Сонымен қатар, жақын орналасқан үйлерді қорғау үшін бөгет 200 метрге ұзартылған.
Облыс әкімінің орынбасары Владимир Бубенко жолды, бөгетті су шайып кетпеуі, елді мекендерді су басып қалмауы үшін су айдайтын және арнайы техникалардың дайындалғанын, құрылыс және инертті материалдар, жанар-жағармай қорының әзірленгенін баяндады. Ерік Сұлтанов Петропавл және аудан әкімдеріне су тасуы ықтимал қауіпті аймақтарда күн сайын мониторинг жүргізуді, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыруды тапсырды.
(Өз тілшіміз).