«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БӨДЕНЕНІҢ ДЕ ПАЙДАСЫ КӨЛ-КӨСІР

Шалақындық кәсіпкер Оразымбет Сайдалин жайлы ұлы Айбектен кездейсоқ естідім. Ол әкесінің көпшілікке беймәлім кәсіп түрі – бөдене өсірумен айналыса бастағанын айтты. Әңгіме арасында ауыл азаматының “сөздің емес, істің адамы” екенін түсіндім. Себебі, ол еліміз нарыққа көшкеннен бері бала-шағасын жүдетпей, кәсіпкерлікпен айналысып келеді. Ағаш өңдейді, құс өсіреді, қосалқы шаруашылығындағы мал саны да әжептәуір екен. “Жақсыны көрмек үшін” деген емес пе, көп ұзамай Ақсу ауылын бетке ұстап, жолға шықтық.

Әрине, ауыл тұрғындары үшін егіншілікпен айналысу немесе мал өсіру үйреншікті кәсіп. Ал бұған дейін ауылда бөдене өсіріп отыр дегенді естімеппіз.  

Кәсіпкер бөдене өсіруді жақында ғана қолға алыпты. Оның айтуынша, көптеген елдер ала шұбар құстың еті мен жұмыртқасын бағалайды. “Патшаның асы” деп аталуы тегін емес. Жас балаларды да кішкене құстың өнімімен тамақтандырады. “Әрі құнарлы, әрі жеңіл, денсаулыққа да пайдасы шаш-етектен”, – дейді кәсіпкер. Олар дәрумендер мен аминқышқылдарына өте бай. Осындай азықпен жүйелі қоректенген адамның әртүрлі ауру-сырқауға қарсы тұрар дәрмені артып, жүрек-қан тамырлар жүйесі мен ас қорыту мүшелерінің жұмысы жақсаратыны ғалымдар тарапынан дәлелденген.

Оразымбет Сайдалин бөдененің адамдар қажеттілігіне пайдасы зор екенін білгеннен кейін ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Ақан Жүнісовпен кездесіп, одан ақыл-кеңес сұрапты. Астана қаласына да осы мақсатпен барған ол осылайша өз ісін дөңгелетіп әкетуіне көп азаматтардың қолғабыс тигізгенін айтады.

Бөденелер үй іргесіндегі шағын сарайда өсіріледі. Оларға арналған темір қорапшаларды кәсіпкер өзі дайындапты. Сатып алса, бағасы қымбат көрінеді. Алғашында 200 басын Ресейдің Омбы қаласынан әкелген. Бүгінгі күні оның санын 500-ге жеткізген. Бөдене бап талғамайды екен. Бөдененің балапандары бір жарым айдың ішінде жетіледі. Қартаюы да тез екен, бар болғаны екі жылдай ғана жұмыртқалайды. Диеталық тағам болғандықтан, құстың өнімі қымбатқа бағаланады. Бірақ кәсіпкер ауылдастарына жұмыртқасын бар болғаны 15 теңгеден ғана өткізуде. Бұл нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан. Бас шаһардағы ірі сауда орталықтарында бөдене өнімі қымбатқа бағаланады. Сондықтан кәсіпкер шаруашылығы дамыса, пайдалы тағам көпшілікке қолжетімді болар еді, дейді. Бүгінгі күннің өзінде Оразымбет Сайдалинге Көкшетау, Петропавл, Астана қалаларынан бөдене етіне сұраныс түсіп жатыр.

Кәсіпкер бөденеден басқа қаз, күркетауық өсіріп, ағаш өңдеумен айналысады. “Жұмысымның оңға басуына алдымен отбасымның көмегі зор”, – деді ол. Зайыбы Тұрсын жанында жүріп, отағасына қолғабыс қылады. Ал қолы босағанда тігіншілікпен айналысады. Ауыл адамдары бойжеткен қыздарының жасауын Тұрсын Сайдалинаға қолқа салып, жасатады. Өйткені, оның қолынан шыққан бұйымдар, шынымен, әдемі екен. Бұған біз де көз жеткіздік. Төрден есікке дейін оюмен өрнектелген құрақ көрпешелер төселіпті. Ерлі-зайыптылардың үйдің шаруасын да ақсатпай, түздің жұмысына да үлгеріп жүргендері, әрине, еңбекқорлықтың арқасы. “Жаз болса, жанымызға немере-жиендерді шақырып, оларды ауылдың таза табиғи тағамымен асырап-бағамыз”, – дейді кәсіпкер.

Отбасы құс санын қыркүйек айына дейін 2000-ға жеткізбекші. Шал ақын ауданының Новопокровка ауылдық округінің әкімі Қайсар Қалижанов та кәсіпкердің өз мақсатына жететініне сенімді. Өйткені, Оразымбет Сайдалин жақында мемлекеттік бағдарламамен жеңілдетілген несие алып, асылтұқымды ірі қара өсіруге ден қойыпты. Береке еңбекпен келеді, сондықтан ауыл кәсіпкерінің алдағы күндерге ауқымды жоспарлары бар. “Облыс орталығының іргесіне құс фермасын салып, бөдене шаруашылығын әрі қарай дамытсам”, – дейді ол.

Айгүл ОРАҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp