Құс еті мен оның жұмыртқасы аса пайдалы екендігі әмбеден аян. Пайдасы ұшан-теңіз тауық жұмыртқасы мен еті сальмонеллез бен құс тұмауы дерттерін таратушы ретінде де белгілі. Ал бөдененің қалыпты дене қызуы 42 градус болғандықтан, аталмыш жұқпалы дерттерге қарсы тұратын қабілеті бар жалғыз құс екен.
Бөдене ертедегі патшалар мен ақсүйектердің жеңсік асы болып, дастарқанынан үзілмеген. Тарихи деректерде Ежелгі Египеттің көне жазуында бөдененің бейнесі “В” мен “У” әріптерінің белгісі ретінде қолданылғаны жөнінде айтылған. Бөдене қазақ халқына да таңсық құс емес. Ол бізге бала кезімізден таныс жануарлар туралы ертегілерде жиі кездеседі.
Бөдене өсіруді алғаш қолға алған – жапондықтар. Қазіргі таңда әлем нарығында жапон, мрамор, ағылшын, фараон бөденесі атты төрт түрі өсіріледі. Аталмыш құстың денсаулыққа пайдасын зерттеп білген жапондықтар оқушылардың ой қабілетін арттырып, денсаулықтарын нығайту үшін бөдененің еті мен жұмыртқасын мектеп пен балабақшаның ас мәзіріне міндетті тағам ретінде енгізген. Екінші дүниежүзілік соғыста жапондықтар атом бомбасы жарылған қала тұрғындарына бөдене жұмыртқасын шикідей ішкізген. Үкіметтің қаулысымен ер-азаматтарға бөдененің жұмыртқасын шикідей ішіп, қабығын да тұтынуды міндеттеген.
Сонда жұдырықтай құстың бармақтай жұмыртқасының қасиеті қандай? Бөдененің жұмыртқасы сан түрлі ауруларға таптырмас ем ғана емес, соған қоса адамның иммунитетін арттыратын қасиеті бар екен. Оның жұмыртқасы – өте бағалы диеталық өнім. Бұлшық ет жүйесі мен сүйектерді қатайтады, қан қысымын төмендетіп, жүрек, бүйрек, өкпе, асқазан ауруларын емдеуге көмектеседі. Ағзадағы радионуклидті тұздар мен ауыр металдарды шығарады. Сол себепті де жапондықтар атом бомбасы жарылған қала тұрғындарының денсаулықтарын қалыпқа келтіру үшін құстың жұмыртқасын шикідей ішкізген.
Бөдененің бес жұмыртқасы тауықтың бір жұмыртқасының салмағымен тең екен. Құрамындағы калий мен фосфор тауық жұмыртқасынан – 5 есе, темір – 4,5 есе, В және В12 дәрумендері 6 есе көп. Оған қоса, олардың құрамындағы кальций, мыс, кобальт және түрлі амин қышқылдары тауық жұмыртқасынан әлдеқайда жоғары. Құрамы бай осындай азықпен жүйелі қоректенген адамның әртүрлі ауру-сырқауға қарсы тұрар дәрмені артып, жүрек-қан тамырлары жүйесі мен ас қорыту мүшелерінің жұмысы жақсарады.
Елімізде бөдене шаруашылығы қарқынды дамымағанымен, құс өсірушілер көбейіп келеді. Өзге құстарға қарағанда, қомағайлығы жоқ бөденені өсіру тиімді екен. Мәселен, балапандары инкубатордан 17 күнде шығады. Бірден жем-су беруге болады, дейді құс өсірушілер. Қаз, үйрек, тауыққа қарағанда бөдене жиі жұмыртқалайды. Жылына 300 жұмыртқа табады. Әрі еті жұмсақ. Бұл құсты үй жағдайында да өсіріп, көл-көсір табысқа кенелуге болады. Еті холестеринсіз, микроэлементтерге бай. Заттектер алмасуына қажетті күкірт пен фосфордың, қан айналымы жүйесін жақсартатын РР дәруменінің қайнар көзі. Бұл дәрумен буынның ұстамалы ауруы – құяңның алдын алуға сеп. Қан қысымын тұрақтандырып, сыр берген жүйке жүйесін, қаназдықты, рахитты қалыпқа түсіреді.
Еті ақуызға бай. Салмақ көтере алмай немесе керісінше семіздікке ұшырап, диета ұстап жүрген адамдарға таптырмас тағам.
Ата-аналар әдетте балаларына жұмыртқаны жегізе алмай әлек болып жүреді. Ал бөдененің жұмыртқасы кіп-кішкентай әрі ала түсті болғандықтан, оны балалар ойнап отырып жейді. Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін жеп, ішуге болатын бөдененің шипалы еті мен жұмыртқасының көл-көсір қасиетінің бірі холестеринді азайтып, аллергия да тудырмауында болса керек.
Ер адамның денсаулығы бүгінгі күні медициналық мәселе шеңберінен шығып, әлеуметтік маңызға ие болып отырғаны жасырын емес. Еліміздегі жалпы өлім-жітім құрылымында ер адамдардың өлім-жітімі бірінші орын алады. Бұл Еуропа елдерімен салыстырғанда жүрек-қан тамырлары ауруларының аса кеңінен таралуымен, сонымен бірге күретамыр гипертензиясы, гиперхолестеринемия, темекі шегу, май басу, ішімдік қабылдау, гиподинамия және оларға ілесе жүретін қауіп факторларын дер кезінде анықтамауға байланысты. Ерлер табиғатынан намысшыл. Сол себепті де денсаулығында кінәраттың барын білсе де, дәрігердің көмегіне жүгінуді намыс көреді. Сырқаттың өздігінен емделетін қасиеті жоғын ескерсек, дертті дер кезінде емдемесең, не болмаса алдын алмасаң арты үлкен мәселеге ұласуы мүмкін. Енді қайтпек керек? Мәселенің шешу жолын жапондықтар бөденеден тапқан.
Бөдененің еті де, жұмыртқасы да, қабығы да ер-азаматтардың денсаулығына аса пайдалы екен. Жоғарыда айтқанымыздай, бөдененің еті мен жұмыртқасы холестеринсіз. Яғни, ағзадағы шамадан тыс холестериннің көтерілуіне тосқауыл бола алады. Холестерин – адам ағзасының қалыпты жұмыс істеуіне қажетті заттек. Шамадан тыс көбейген тұста тамыр қабырғаларына жиналып, жүрек-қан тамырлары дерттеріне шалдығу қаупін тудырады. Статистикаға сүйенер болсақ, бүгінгі күні әлемде ерлердің үштен бірі түрлі дерттермен ауырады. Оған ерлердің жыныс мүшесінде атеросклероздың пайда болуы себеп. Бұл дерт тамырдағы холестерин шамадан тыс көп болған жағдайда туындайды. Бөдененің жұмыртқасы – бұл мәселені шешуде таптырмас ем. Оған қоса, еркектік әлеуетті арттырады. Жыныс гормондарының қалыпты бөлінуін қамтамасыз етеді.
Артық қыламын деп, тыртық қылмас үшін күнара бөдененің 2-3 жұмыртқасын ғана пайдалану керек. Таңертең шикідей ішсеңіз, таңғы ас ағыл-тегіл болмауы тиіс. Мәселен, Германия мен Болгарияда ер-азаматтарды сауықтыру мақсатында жұмыртқадан арнайы сусындар да дайындайды екен. Оның рецептісі де қарапайым. Бірақ дәрігерлердің басым бөлігі аталмыш сусынды мәселе туындаған кезде ғана ішкен дұрыс деп есептейді.
Бөдененің жұмыртқасы мен етінің адам ағзасына пайдасы туралы көп жазуға да болады. Бірақ ең бастысы оның, әсіресе, ер адамның денсаулығын жақсартып, қалыпқа келтіретін, қатерлі ісік сияқты көптеген індеттердің алдын алатын қасиеті бары дәлелденген.
Хайырбек ҚОЖАХМЕТОВ,
дәрігер.
Петропавл қаласы.