Өңірімізге гастрольдік сапармен Шешен республикасынан «Вайнах» мемлекеттік би ұжымы келді. Тау халқы ансамбльдің алтын қорындағы билерін солтүстікқазақстандық өнерсүйер қауымның назарына ұсынды.
Шымылдық ашылысымен, вайнахтар ырғақты музыкаға елітіп, екпіндете билей жөнелді. Қызуқанды жігіттер мен сұлу назды қыз-келіншектер әуенге ілесіп, асқан ептілік пен зор күш-қайраттың, шеберліктің үлгісін көрсетті. Көркемдік жетекшілері бір минуттық қойылымға шағын оқиғаны сыйғыза білген. Шешен ұлтының ырғақты биін көрген көрерменнің делебесі қозып, көзінде от ойнады.
Шешен Республикасы ұлттық мәдениетін жоғары бағалайды. Әсіресе, биді дәріптеп, дамыту жағы жолға қойған. «Вайнах» ансамбліне арнап Грозный қаласында бөлек ғимарат салып берген. Ал аталмыш ұжым тоқмейілсімей, репертуарындағы сан алуан шығармаларын түрлендіре түскен.
Биыл «Вайнах» мемлекеттік би ансамблінің құрылғанына 80 жыл толып отыр. Мерейтойға орай жергілікті билік ұжымның гастрольдік сапарларына қыруар қаражат бөліпті. Өнерпаздар ел-елді аралап 70 қалада өнер көрсетпекші. Ұлтының қадір-қасиетін, төл өнерін ұлықтаған өнерпаздарға өзге мемлекеттің азаматтары тік тұрып, қошемет көрсетті.
Гасролдік сапарға 50 шақты биші шыққан. Ансамбль құрамында жасөспірімдерден бастап 35 жастағы жігіттерге дейін бар. Бишілер бізден кейін Павлодар сахнасында өнер көрсепекші. Кейін Ресейдің қалаларына бағыт алады.