Әлем елдерін тығырыққа тіреген коронавирус инфекциясына дейін де адамзат тарихында түрлі індеттер аз тараған жоқ. Өткенге үңілсек, пандемия әрбір 100 жыл сайын қайталанып отырғанын көреміз. Бұл сәйкестік пе, әлде табиғаттың заңдылығы солай ма? Індеттен қорғанудың жолы қандай?
Тарихи деректерде адамзатты ажал құштырған антонин обасы туралы көп айтылады. Бұл – адамзат тарихындағы алғашқы эпидемия. Ауруға император Марк Аврелий Антониннің аты берілген. Аурудың қалай, қайдан шыққаны әлі күнге дейін анықталмаған. Зерттеушілердің болжамы бойынша, обаны Римге Таяу Шығыстағы жорықтан оралған сарбаздар әкелген. Антонин обасы сол жерден Рейн өзеніне дейін тарап, бес миллион адам ажал құшқан екен. Салдарынан қала қаңырап, Рим империясының алтын ғасыры аяқталған деседі.
Тарихтағы тағы бір жойқын індет 1338-1353 жылдары орын алған. Қара өлім обасы Моңғолия мен Қытайдың шектесетін жерінде пайда болған. Құрғақшылық әсерінен жануарлар арасында белең алған ауруды адамдарға егеуқұйрықтар жұқтырған. Жалпы, адамзатқа қайғы-қасірет әкелген осындай обалардың тізімі әрі қарай жалғаса береді. Жоғарыда айтып өткенімдей әрбір 100 жыл сайын пандемия қайталанған. Мәселен, 1720 жылы “Марсел індеті”, XIX ғасырда тырысқақ (холера) орын алған. Бұл пандемия Бенгалияда пайда болған. Аталмыш ауру қауіпті ішек инфекциясы ретінде белгілі. Ем қабылдамаса бірнеше сағатта ажал құштыратын қауіпті аурудың алғашқы белгілері 1817 жылы анықталыпты. Бұл індет эпидемиология мен медицинаның дамуына, түрлі ғылыми зерттеулерге, адамға зиян өнімдерді анықтауға, ауру ошағы болған кәріздер мен су құбыры желілерін дамытуға түрткі болған. 1920 жылы “Испания тұмауын” жұқтырып, қайтыс болғандар көптеп саналады. Өткен ғасырдың бас кезінде халқымызға қызылша, сүзек дерті жаудай тиіп, дерт салдарынан адам шығыны көп болған.
Қазір жұқпалы ауруларға қарсы адамның қорғаныш қабілетін арттыратын вакциналар бар. Көкжөтел, қызылша, туберкулез аурулары бойынша вакцинадан тапшылық жоқ. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, 2019 жылы өңір тұрғындарының 90 пайызы екпемен қамтамасыз етілген. Көбі қызылша мен қызамық ауруларына қарсы екпе алған. Елімізде иммундау шаралары тегін жүргізілсе де, ине қойдырудан бас тартатындар да бар. Өткен жылы барлық ауру түрлері бойынша 300-ге жуық өңір тұрғыны екпе қойдырмаған. Соның ішінде 1 жасқа толмаған балалардың үлесі 40 пайызды құрайды. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемде бір жылда 140 мың адам қызылшадан қайтыс болғанын айтады.
Қытайдан бастау алған “COVID-19” вирусы әлем елдеріне қауіп төндіріп, жұқпалы аурудың салдарынан мыңдаған адам қайтыс болды. Өкінішке қарай, бұл індет елімізді де айналып өтпеді. Медицина қарқынды дамыды дегеннің өзінде қауіпті ауруға қарсы тұратын вакцинаны ойлап табу ұзаққа созылып бара жатқан сыңайлы. Бүгінде қауіпті инфекциямен күресетін дәрі жасау үшін зерттеулер жалғасуда.
Иммунология мен вирусология саласындағы мамандар әлемдік пандемияны вакцинаның арқасында тоқтатуға болатынын айтуда. Десе де, індеттен құтқаратын вакцинаны қолданысқа енгізуде ғалымдар әлі ортақ шешімге келген жоқ. Жақында елімізде коронавирусқа қарсы алғашқы екпе салынды. Сонымен қатар Австралияда жасалған вакцина клиникалық сынаманың бірінші фазасынан өткенін бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазды. Басқа елдер де қарап жатқан жоқ. Қазір адамзатты қауіпті аурудан жаппай иммундау мәселесі көтерілуде.
Әрине, Қазақстанда “COVID-19” вирусына қарсы вакцинаның жасалып жатқаны қуанышты жаңалық. Дегенмен, екпенің сапасы мен нәтижесіне күмәнмен қарап, оны салдыруға қарсы шығатындар аз болмайтыны анық. Алайда, адамның қорғаныш қабілетін арттыратын дәрі-дәрмектер алдымен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қатаң тексерісінен өтетінін ескерген жөн. Сапалы өнім талапқа сай болса ғана тұтынушыға ұсынылады.
– Вакцина жұқпалы аурулардың алдын алады. Профилактикалық екпеден кейін жергілікті және жалпы реакциялар дамуы мүмкін. Қырық жыл еңбек өтілі бар тәжірибелі дәрігер ретінде екпеден адам қайтыс болмайтынын айтқым келеді. Вакцинадан кейін адамның ағзасында иммундық жүйе – антидене (антитела) түзеді. Өкінішке қарай, жалған ақпараттарға сеніп, иммундау шараларына қауіппен қарайтын адамдар бар, – дейді Тайынша көпбейінді ауданаралық ауруханасының бас дәрігері Анатолий Рафальский.
Жоғарыда айтылған көптеген аурулар бүгінде жоқ. Дәрігерлер олардың жойылуының негізгі себебін дертке қарсы тұратын дәрілердің пайда болуымен түсіндіреді. “COVID-19” індетінің де екпе арқылы алдын алмаса, әлі талай адамды жалмайтын түрі бар.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.