Облыстық білім басқармасының бастамасымен білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының мамандары физика пәні мұғалімдерінің сайысын өткізді. Оған облыс мектептерінен 27 мұғалім қатысты.
Олимпиада осымен үшінші рет өткізіліп отыр. Аудандық деңгейде қашықтықтан ұйымдастырылған бірінші кезеңге 100-ден астам физика пәнінің мұғалімі қатысқан. Ол кезеңнің жеңімпаздары облыстық олимпиадада білім додасына түсті.
– Олимпиадада барлығы 5 тапсырма берілді. Оның төртеуі есеп шығаруға құрылды. Бесіншісі пән мұғалімінің оқушыларға есепті шығару жолдарын үйрету кезінде кездесетін түрлі ахуалдан шығу жолдарын әдістемелік тұрғыда көрсетуге арналды, – дейді облыстық білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының әдіскері Нүрикамал Жұмабаева.
Сайыскерлердің айтуынша, тапсырмалар мектепте шығарылып жүрген есептерден күрделі болған. Ұстаздардың тапсырмаларды орындауына екі сағат уақыт бөлініп, нәтиже бес балдық жүйе бойынша бағаланған.
Қазылар алқасының шешімі бойынша Қызылжар ауданындағы Бескөл орта мектеп-гимназиясының мұғалімі Василий Волошин 1-орынды иеленді.
Петропавл қаласындағы №5 орта мектептің мұғалімі Наталья Алимова мен Айыртау ауданының Имантау орта мектебінің мұғалімі Олег Давыдов 2-орынға ие болды.
Жүлделі 3-орынды облыстық жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернаттың мұғалімі Әсемгүл Сыздықова, Мамлют ауданындағы Дубровное орта мектебінің мұғалімі Наталья Кузаева, Петропавл қаласындағы “Дарын” мектеп-лицейінің мұғалімі Саида Рамазанова өзара бөлісті.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.